Спорт

Спорт саласының үздіктері марапатталды

Фото: Туризм және спорт министрлігі

Салтанатты жиынға ҚР Парламентінің депутаттары, Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері және биылғы әлем біріншіліктері мен халықаралық жарыстардың жеңімпазы мен жүлдегері, спорт журналистері қатысты.

Туризм және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен елордадағы Президенттік орталықта 2023 жылдың қорытындысы бойынша «Үздік» атты спортшыларды салтанатты марапаттау іс-шарасы өтті, деп хабарлады turkystan.kz.

Туризм және спорт министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, жыл сайынғы дәстүрлі іс-шара барысында ел абыройын асқақтатып, жеңіс тұғырынан көрінген спортшылар, спорт саласына елеулі үлес қосқан сала мамандары 18 аталым бойынша марапатталады.

Салтанатты жиынға ҚР Парламентінің депутаттары, Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері және биылғы әлем біріншіліктері мен халықаралық жарыстардың жеңімпазы мен жүлдегері, спорт журналистері қатысты. Жиында сөз алған Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев биыл ел спорты үшін сәтті жыл болғанын, жерлестеріміз халықаралық ареналарда жарқын жеңістерге қол жеткізгеніне ерекше тоқталып, іс-шарада үздік деп танылған спортшыларды құттықтады. 

«Бүгін біз биылғы жұмыстарымызды қорытындылау және үздік спортшыларды құрметтеу үшін арнайы жиналып отырмыз. Биыл ел спортында айтулы жеңістер аз болған жоқ. Жалпы спорт саласы елімізде қарқынды дамып келеді. Спорттың барлық түрі бойынша отандық спортшылар жанкүйерлерді өз жетістіктерімен әрдайым қуантып жүр. Ұлттық құрама спортшылары жыл басынан бері 1 400 халықаралық жарысқа қатысып, 864 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 291 алтын, 262 күміс және 311 қола медаль. Әлем чемпионаттарында 68 алтын медаль, Азия чемпионаттарының 47 алтын жүлде, Азия ойындары 10 алтын олжалады. Мемлекет басшысы ел тәуелсіздігі тарихында алғаш рет Азия ойындарының жүлдегерлерін қабылдап, марапаттағанын ерекше атап өткім келеді», - деді Ермек Маржықпаев.

Сонымен, жыл қорытындысы бойынша «Үздік» деп танылғандар:

Нүркен Рахманқұл – «Жылдың үздік ауыл жаттықтырушысы»;

Кенжеғали Бекқұлов – «Ауылдық жердегі үздік дене шынықтыру және спорт әдіскері»;

Рауан Қазезов – «Ауылдық жердегі үздік дене шынықтыру және спорт нұсқаушысы»;

Бұқар жырау ауданының дене шынықтыру және спорт бөлімі – «Аудандық үздік дене шынықтыру және спорт бөлімі»;

Исхар Курбаев – «Жас және жасөсіпірімдер құрамындағы спортшы»;

Виктория Волкова – «Жылдың үздік балалар жаттықтырушысы»;

Наталья Сухачева – «Дене шынықтыру және спорт саласындағы үздік маман»;

Берік Қонысбеков – «Үздік спорт дәрігері»;

Мөлдір Жаңбырбай, Милад Карими, Руслан Құрбанов –  «Жылдың үздік нәтижелері»;

Қазақстандық спорттық ату федерациясы – «Жылдың үздік аккердителген спорт федерациясы»;

Тимур Турлов – «Жылдың үздік аккердителген спорт федерациясының президенті»;

Әділет Бәрменқұлов – «Жылдың үздік спорт менеджері»;

Мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған Үміт спорт клубы – «Жылдың үздік спорт ұйымы»;

Алматы қаласы – «Үздік спорттық өңір»;

Сергей Шабалин (Руслан Құрбановтың жаттықтырушысы) – «Жылдың үздік жаттықтырушысы»;

Ризабек Айтмұхан – «Спорттағы үздік серпін»;

Махмұд Сабырхан, Ербол Хамитов – «Жылдың үздік спортшысы»;

Самат Қанағатов, Жандос Бұсұрманов, Ербол Қайыров – «Үздік спорт журналисі.