Жаңалықтар

Қажымұқанның қанжары ұлттық музейге табысталды

Тарихи жәдігер Ұлттық музей қорына табысталды.

Қажымұқан Мұңайтпасұлының қанжары табылды. Қару 100 жылдан бері жеке адамдардың қолында жүрген, деп хабарлады turkystan.kz «Хабар24» арнасына сілтеме жасап.

Тарихи жәдігер Ұлттық музей қорына табысталды.

Бұл – арабтың жамбия деп аталатын қаруы. Қанжар даңқты балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлына тиесілі көрінеді. Оған бұл қаруды заманында Стамбул қаласының әкімі Шағыр паша сыйға тартқан екен.

Қазақ балуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлының қанжары елге оралды. Тарихи жәдігер қазір қолымда тұр. Назар салсаңыздар, қанжарда аранайы естелік сөз жазылған. Мұнда араб және көне түрік-осман тілінде «Күшті, жеңілмейтін Мұңайтпасов Мұқанға» деп жазылған. Екінші бетінде, «Бізден, қажылықтан естелік, Шағыр паша, 1330 жыл» деп жазылған.

Түрік азаматының қазақ палуанына араб қанжарын беруінің де өзіндік себебі бар. Мұқан белдесулерінің бірінде Нуруллах есімді түрік балуанын жеңеді. Оған риза болған Стамбул әкімі Қажымұқанға құрмет көрсетеді. Тіпті бірге қажылық жасауға шақырған екен. Қанжар – сол сапардың естелік сыйлығы. Бұл жайлы жәдігерді тапқан – Ардақ Назаров айтты.

Оған қанжардағы «1330 жыл» деген сөз дәлел. Бұл хижра жыл санауымен жазылған уақыт. Шамамен өткен ғасырдың оныншы жылдарымен сәйкес келеді.

Қару Ұлттық музей қорына салтанатты түрде табысталды. Құнды жәдігердің жеке қолдан музейге өтуі ұлт тарихы үшін елеулі оқиға – дейді жиынға қатысушылар. Сонымен қатар балуанға тиесілі 26 зат музейде сақтаулы.