Тайқазан

13 аспапта ойнайтын Ерасыл Мұсаев: Домбыраны мектепте арнайы пән етіп бекітсе...

Turkystan.kz

Ерасыл ел арасында өзін орындаушы ретінде емес, кітап авторы ретінде танылғысы келетінін айтып өтті. Жақында «Домбыра әліппесі» кітабын жазып шыққан.

Атыраулық Ерасыл Мұсаевтың музыкаға деген қызығушылығы мектеп қабырғасында жүргенде басталған. Он жасында қазақтың ұлттық аспабы домбырадан бастап, кейіннен барлық саз аспабын меңгеріп алған. Бүгінде ол – 13 аспапта еркін ойнайтын мультиинструменталист және ізінен ерген өнерлі оқушылары бар ұстаз.

«Ата-анам өнерден мүлдем алыс адамдар. Отбасымда домбыраға жақын тек туған әпкем болды. Ол – осы салаға келуіме бірден-бір себепкер жан.

Ал музыкалық қабілетімді дамытуға алғаш көмектескен музыка пәнінің оқытушысы Маржангүл есімді апайым. 5-сыныпқа аяқ басқанда Мақат балалар өнер мектебіндегі домбыра сыныбына қабылдандым. Онда 4 жыл оқып, Оралда Құрманғазы атындағы саз колледжінде білім алдым. Кейін сырттай М.Өтемісов атындағы мемлекеттік педагогикалық университетіне оқуға қабылдандым. Негізігі мамандығым домбырашы болғанымен, оқушы кезімде қосымша гитараны да үйреніп алғанмын.

Оралда жүргенде бірқатар эстарада әншілерімен жұмыс істеген гитарист Сергей Елизаровтан кәсіби түрде дәріс алдым. Студент болып жанынан шықпаған соң, жұмысқа да алды», – дейді ол.

Жастайынан жаны өнерге құмар жігіт 17 жасында-ақ еңбекке араласып кеткен. 2018 жылы Орал қаласының Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармониясындағы оркестрде, Жастар мәдениет үйінде «Алаш» этно-фольклорлық ансамблінде бас домбырашы болған.

«Сондай-ақ «Жастар» шығармашылық орталығында эстрадалық-симфониялық оркестрінде әртіс, бас гитарашы болып та жұмыс істедім. 2020 жылы өзім білім алған Мақат балалар өнер мектебіне оқытушы болып ауыстым. Сол жылдан бастап мектеп директоры Дәулеткерей Нәсіпқалиұлы және мектеп ұстаздарымен бірге «Шалқыма» фольклорлық ансамблінің негізін қалап, содан бері ансамбль жетекшісі ретінде қызмет етіп келемін», –дейді талантты өнерпаз.

22 жастағы вертуоз әзірге домбыра, гитара, фортепиано, шертер, прима-домбыра, бас-домбыра, жетіген, саз сырнай, сыбызғы, ишқурай, шаңқобыз, контрабас, бас гитараны емір-еркін тарта алады.

Оның айтуынша, бір аспапты меңгеріп алуға бірнеше сағат немесе күн кетсе, енді бір аспаптарды зерттеп, үйренгенше бірнеше ай қажет.

«Үйренуге ең қиын болғаны – шаңқобыз бен сыбызғы. Шаңқобызды «Алаш» ансамбліндегі жетекшіміз Данияр Таңатаровтан көріп, үйренуге қызығушылық туды. Шаңқобыз тікелей ауыз қуысымен дыбыс шығаратын аспап болғандықтан, сөзбен түсіну немесе түсіндіру өте қиын. Сондықтан оған біраз уақыт кетті. Арнайы ұстазым да болған жоқ, тек видеолардан қарап меңгеріп алдым.

Ал ежелгі сыбызғыдан кәсіби маман Жанұзақ Нұртайұлы ұстаз болды. Үйренуге 2-3 ай кетті. Ол күрделі аспаптардың қатарынан. Сыбызғыда тілді бос ұстап тұру қажет. Бір дыбыстың өзін шығару үшін шамамен 1-2 апта уақыт алды», – дейді музыкант.

Ерасыл қазір қылқобыз тартуды үйреніп жүр, ал болашақта скрипканы меңгеруге де ден қоймақшы.

Қазір ол Мақат ауданындағы өнер мектебінде 3 жылдан бері мұғалім болып қызмет атқарады. Аз уақыт ішінде ол 50-ден аса шәкірт оқытып, еліміздегі алғашқы орта мектептегі ансамбльді құрған. Ұлтжанды әрі өнерлі шәкірттер тәрбиелеп өсіруді мақсат ететін айтты.

– Оқу ордасында менен бөлек 10 аспапты білетін Ернар Бекболатұлы есімді әріптесім бар. Ол Мақат ауданыныда алғаш рет жетіген сыныбын ашқан. Кейін бірге Қазақстандағы тұңғыш орта мектептегі ансамбльді құрдық. Жуырда алғашқы есеп беру кешін бердік. Ансамбль мүшелерінің ең кішкентайы7-де болса, үлкені – 9 жаста. Олар домбыра, асатаяқ, жетіген, бубен, кахон сияқты аспаптарда ойнап, халықтық ән-күйлерді, әлем классиктерінің туындыларын орындайды, – дейді ол.

Ерасыл ел арасында өзін орындаушы ретінде емес, кітап авторы ретінде танылғысы келетінін айтып өтті. Жақында «Домбыра әліппесі» кітабын жазып шыққан.

«Аспапты дәріптеп, дәріс беріп жүргендіктен, бірер жыл бұрын неге баланың қолында жүретін «Домбыра әліппесін» жазып шықпасқа дедім. Қолымнан келетініне сенімді болдым. Иә, домбыра туралы әртүрлі кітаптар бар. Бірақ олар – әдістемелік оқулықтар.

Оны әзірге өз оқушыларыма ғана сынап жатырмын. Себебі, ешақандай авторлық құқығы қорғалмағандықтан, тарата алмаймын. Кітап жайлы біраз уақыт бұрын Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының басшысы Нүркен Әшіров оң бағасын берген болатын. Қазір авторлық мәселесімен жұмыс істеп жатырмын. Болашақта әр баланың қолында осы кітап жүргенін қалар едім. Өйткені, үйренгісі келген баланың қызығушылығын арттырып, сауатты болуға көмекші құрал болмақ. Жалпы домыбраны әр мектепте арнайы пән етіп бекітсе деген арманым бар», – дейді Е. Мұсаев.