Жаңалықтар

Заңсыз пиротехника сатқандар қалай жазаланады?

Тыйым салынған немесе шектелген тауарлармен және өзге де заттармен сауда жасағаны үшін 86 мың 250 теңге айыппұл салынады.

Қазақстан аумағында «Пиротехника» жедел алдын алу іс-шарасы басталды. Бұл туралы ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің басқарма бастығы Асылбек Ыдырысов айтты.

Оның атап өтуінше, кәмелетке толмағандармен пиротехникалық бұйымдарды пайдалану кезінде жарақат алудың профилактикасына ерекше көңіл бөлінеді. Бұл ретте, мектептерде оқушылармен тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Пиротехника – бұл өрттің шығуына ғана емес, адам денсаулығына айтарлықтай зиян келтіретін қауіпті құрал. Оны дұрыс пайдаланбаса жазатайым жағдайға әкелуі мүмкін.

Министрлік өкілінің айтуынша, елімізде пиротехникалық бұйымдарды өндіру, сату қызметі лецензиялауға жатады. Бүгүнгі күні осы қызмет түрімен айналысатын 40 астам заңды тұлға тіркеуде тұр. Ал пиротехникалық бұйымдарды заңсыз (рұқсат құжаттарсыз) сатқаны, өткізгені, тасымалдағаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс баптарымен жауапкершілік көзделген.

Атап айтқанда, еркiн сауда жасауға Қазақстан заңнамасымен тыйым салынған немесе шектелген тауарлармен және өзге де заттармен сауда жасағаны үшін 86 мың 250 теңге, жеке тұлғалардың тыныштығын пиротехниканы қолдана отырып бұзғаны үшін 69 мың теңге мөлшерiнде айыппұл салынады.