Қоғам

Мемлекет басшысы астаналық оқушыға сыйлық жасады

Ақорда

Кемел өз туған күнінде Президентке хат жазған

Астаналық Кемел Жүсіпов есімді оқушыға Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолтаңбасы мен тілегі жазылған кітап сыйға тартылды, деп хабарлады turkystan.kz Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

Бұл туралы бала Instagram-парақшасында айтты. Кемел өз туған күнінде Президентке хат жазған.

"Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, менің атым сіздің әкеңіздің атындай - Кемел. Бүгін менің туған күнім және осыдан тура 12 жыл бұрын ата-анам маған осы есімді қойған. Мен Астанада тұрамын. Қазақстан тарихын, дүниежүзілік тарихты және географияны жақсы көремін және оқимын. Әртүрлі елдің банкноттары мен тиындарын жинаймын. Мен саяхаттауды жақсы көремін және әлемнің төрт елінде болдым.

Мен бүкіл әлемді аралауды армандаймын. Менің әрбір сапарым жаңа таныстық, адамдармен араласу. Сізді көріп, сөйлесіп, қолтаңбаңызбен "Әке туралы сөз" жазылған сыйлық алуды армандаймын. Менің хатымды оқып, арманым орындалады деп сенемін", – деп жазды жасөспірім.

Баланың айтуынша, 21 желтоқсанда оның арманы орындалған. Ол анасымен бірге Президент Әкімшілігіне шақырылып, сыйлыққа кітап алды.

"Кемел Жүсіповке өмірде ақ жол тілейміз! Азамат бол!", - деп жазған Мемлекет басшысы.

Бала сыйлық үшін ел Президентіне алғысын білдірді.

"Президент менің хатымды оқыды. Маған сыйлық ретінде Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолтаңбасы мен тілегі жазылған кітап берді. Менің арманым орындалды, мен оған әлі де сенбеймін. Сізге көп рақмет", - деп ризашылығын білдірді бала.