Алашты әлемге паш еткен «Абай жолы»

Алашты әлемге паш еткен «Абай жолы»

Алашты әлемге паш еткен  «Абай жолы»
ашық дереккөзі
  Мұхтар Әуезов «Абай жолы» роман-эпопеясы арқылы ұлы ақынның ғажайып тұлғасын сомдап, қазақ халқының тұрмыс-салты мен бай дәстүрін әлемге паш етті. Жазушы М.Әуезов «Абай жолы» роман-эпопеясын жазардан бұрын Абайдың тұңғыш шығармалар жинағын құрастырып, текстологиялық жұмыстар атқаруы мен Абай өмірбаянының төрт нұсқасын жазу арқылы айтарлықтай қор жасап алған еді. Ұлылықтың үлгісін пайымдаған, ұзақ жылдарға созылған терең ізденістің арқасында қат-қабат шырғалаңдардан адаспай тура жол тауып, ұлы мақсаттан ауытқымаған зор шығармашылық қажыр-қайраттың нәтижесінде дүниеге келген төрт томдық эпопея дүние жүзі әдебиетінің көркін асырып, кемел төрінен орын алды. Төрт томдық романның әр кітабының құрылымы мен стилінің бірін-бірі қайталамауының өзі де жаңалық еді. Жазушы әрбір роман құрылысын негізгі кейіпкерлерінің жан-дүниесін, рухани өсуін көрсету үшін өзгертіп алып отырады. Бірінші кітап жас Абай қызықтаған жастық романтикасына негізделіп, оның ел тіршілігімен танысып, ашылуын бейнелесе, екінші кітап ақындыққа, ойшылдыққа бетбұрысты танытады. Мұнда жастық романтикасының орны, адамдар арасындағы тартыс айтылады. Үшінші кітап Абайдың өз ортасынан бөлініп шығып, туған халқымен табысуын, халыққа бетбұрысын танытса, төртінші кітапта Абай жолының кеңейіп, қалаға, далаға тарауын, оның үлкен қоғамдық күшке айналуын көрсетеді. Романда қазақтың ХІХ ғасырдың ортасынан ХХ ғасырдың басына дейінгі жарты ғасырлық әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық саяси өмірі, рухани мәдениеті, діни наным-сенімдері, әрқилы әдет-ғұрыптары, салт-саналары жан-жақты суреттеледі. Жазушы «Абай жолы» роман-эпопеясы арқылы Абай өмір сүрген дәуірдің сипатын, халық тағдырын, оның күресі мен ілгері ұмтылысын зор көркемдікпен ашты. Сол кездегі қазақ өмірінің шындығына жазушы дана ақынның көзімен, ой-санасымен және қырағы болжампаздығымен қарады. Абай өміріне қатысты жазба деректердің жетімсіздігі де жазушыға қиындық туғызбай қойған жоқ. Абай заманының сан түрлі сырын, Абай төңірегіндегі тартыстарды, көшелі кісілердің сөздерін Мұхтарға жеткізген – даланың жезтаңдай қарттары еді. Бұл орайда Көкбайды, Қатпа, Баймағамбет, Әрхамды айтуға болады. Абай мінезін, сырларын жеткізген жары – Әйгерім. Романда сан алуан көркем ойлар, сарындар, кемел образдар бар. Қазақ өміріндегі толып жатқан әдет-ғұрыптың ішінде міндетті түрде орындалатыны адамның шаңырақ көтеруіне қатысты салттар: құда түсу, қыз айттыру, ұрын бару, қыз ұзату, келін түсіру тойлары екені даусыз. «Абай жолы» эпопеясында осындай дәстүрлі ғұрыптардың бәрі де шебер суреттеледі. Мәселен, Құнанбай Қарқаралы дуанына аға сұлтан болып сайланғаннан кейін, оның Алшынбаймен достығы құдалыққа ұласқан еді. Атақты Қаздауысты Қазыбек бидің шөбересі Алшынбайдың Түсібінің қызы Ділдәні Құнанбай Абайға он жыл бұрын айттырып, қалыңмалына қыруар жылқы, түйе айдатқан болатын. Енді қыз, күйеу оң-солын танысымен Құнанбай баласын қайындатып, Абайды Алшынбай ауылына «ұрын бару» сапарына аттандыруға кіріседі. Әрине, Алшынбай ауылына бала қайындату оңай дүние емес, ол ауылдың байлығы да, атақ-даңқы да, онда қалыптасқан үлгі, салт-дәстүр де өзгеше. Сондықтан да Абайдың ресми түрде алғашқы қайындау сапары сол жоғары деңгейге сай болуға тиіс. Бұл топта Абайдың анасы Ұлжан мен Ызғұтты бастаған, ішінде әнші, күйшілері де бар отыздай адам болды. Ал осы жолы ғана апарған малдың ұзын саны – жетпіс жылқы, отыз түйе, жыртыс, ілу сияқты толып жатқан ырым-жырымға деген дүние екі атанға жүк болған көрінеді. Қайындап барған күйеуге әдетте арнайы жаңа киім, әсіресе биік төбелі тымақ кигізетін болған. Осылайша көшкен елдей артынып-тартынып барғандарына қарай Алшынбай ауылы да оларды қарсы алуға ерекше дайындалады. Сөйтіп, құдалар жағы он шақты күндей, ал күйеу мен оның маңындағылар қалыңдық ауылында 15 күндей болады. Әрине, бұл күндердің бәрі де негізінен той-думанмен өтеді. Қазақтағы осылайша бала қайындату ғұрпының басты мақсаты жастай айттырылып, бірін-бірі көріп-білмеген жастарды 14-15-ке толып, ержеткен шақтарында ресми түрде кездестіріп, таныстыру арқылы олардың бір-біріне ынтықтығын арттырып, махаббат сезімін ояту болса керек. Міне, сол ізгі ғұрыпты Абай мен Ділдә да бастарынан өткергенін этнографиялық жағынан егжей-тегжейлі аса дәлдікпен суреттейді жазушы. (І т., 239-253-б). Романда жазушы әр рудың бас киім үлгілеріне баса назар аударады, оның ішінде тымақ үлгісі ерекше суреттеледі. Мәселен, Балқыбектегі сиязға жиналған арғын, найман, керей, уақ адамдарының басына киген тымақ үлгісінен олардың қай елдің адамдары екенін бірден тануға болатындығы айтылған: «Мырзаларынан бастап, қосшыларына шейін киім үлгілері бірінен бірі бөлек рулар байқалады. Бұнда төрт сай, аласа төбелі Тобықты тымағы, жіңішке, ұзын төбелі Керей тымағы, сырмаланған алты сай Найман тымағы, сегіз сай Уақ тымағы бар. Бірінен бірі бөлек, шапан-кемзал үлгілері, ер-тоқым, басқалары да Абай көзіне бадырайып, айқын байқалады» (1-т. 711-б.). Жазушының романда құс салып, саят құрған, қыз ұзатып, ас беруді, өлік жөнелтуді суреттейтін тараулар, билер айтысы мен билік шешкен қазылық картиналарының әрқайсысы жеке-жеке ғылыми-этнографиялық еңбектерге пара-пар. Абай жолын оқығанда, араға ғасыр салған, күннен-күнге алыстап бара жатқан дәуірдің ащы зарын өз құлағыңызбен естисіз, ауыр арпалысын өз көзіңізбен көресіз, алуан адамдардың тұрмысы мен толғанысына ортақ боласыз. Заманның осындай күрделі тарихи-рухани болмысын бұлжытпай жеткізіп, мұқият кестелеген, көркемдігі үздік шығарманың басынан аяғына дейін көктеп өтетін алтын арқау бар, ол – ақын Абайдың өзіне тән шыншылдық пен сыншылдық рухы. Романда тек қана М.Әуезовтің шындығы ғана емес, көп ұрпақтың жан сырлары бар. «Абай жолы» роман-эпопеясын Қ.Сәтбаев «қазақ өмірінің энциклопедиясы» деп атаған. М.Әуезовтің сүйікті шәкірттерінің бірі, жазушы Шыңғыс Айтматов «Абай жолы» романы туралы: «Бұл роман – бүкіл түркі тілдес халықтардың да адамзат мәдениетіне қосқан үлесі. «Абай» эпопеясы – біздің көркемдік және әлеуметтік энциклопедиямыз. Бұл – біздің ортақ мандатымыз, біздің ұлан байтақ Еуразия кеңістігіндегі бүкіл бастан кешкен заманымыз тура келген бүкіл тауқыметіміз үшін өз қазынамыздың жүйесін, өзіміздің көркемдік және адамгершілік дүниемізді, өзіміздің ұлы поэтикалық сөзімізді жасап, қол жеткізе алған бүкіл игіліктеріміз үшін берілген есеп... М.Әуезов бізді осы мағынада алғанда жалпы ұлт үшін маңызды көркемдік - тарихи ой-пікірдің дүниежүзілік деңгейіне көтерді. Дүниені көз алдыңа келтіру үшін, басқалардың көзіне түсу үшін, адам рухының қадір-қасиетін асқақтата көтеріп, жар салу үшін өз биігің – Мұхтар Әуезов сияқты асқар шыңың болуы керек. Біз өзіміз жайында ұлы жазушымыз көтерілген биікте тұрып ой түйеміз және басқа халықтармен сол биік арқылы араласамыз», – дейді. Демек, бұл күндері тәуелсіз мемлекетке айналып, жеріміздің байлығы мен кеңдігі төрткүл дүниені таңдандыра бастаған біздің, қазақ елінің, тіпті қала берді бүкіл түркі жұртының бай қоғамдық ойы мен рухани-көркемдік дүниетанымын әлем жұртшылығына осыдан жарты ғасыр бұрын-ақ М.Әуезов өзінің ұлы шығармасы арқылы танытып қойған. Абайтану арқылы М.Әуезов өз халқының тыныс-тіршілігін терең білді, қам-қарекеті мен шаттығын, аяулы арманы мен нұрлы үмітін, тарихи болмысы мен бүгінгі бітімін терең ұғынды. Кемеңгер жазушыны әлемдік биіктерге жетелеген де, бағыт сілтеген де – Ұлы Абай! Абай жолы – халық жолы, халық жолы – Абай жолы. Осы бір тамаша бірлікті тарихи шындыққа сай және асқан көркемдік шеберлікпен көрсету, сөз жоқ, М.Әуезовтің ұлы шығармашылық жеңісі болып табылады.  

Н.Өмірбекова,

Абай мұражайының

жетекші ғылыми қызметкері