Жаһан

Үндістанда табиғи апат болып, 35 адам қаза тапты

Ашық дереккөз

50 мыңға жуық адам су басқан жерлерден қауіпсіз орындарға эвакуацияланды

Осы аптада Үндістанның оңтүстігіндегі Тамилнад штатында болған су тасқыны мен нөсер жаңбыр салдарынан 35 адам мерт болды. Бұл туралы сенбі күні жергілікті үкімет өкілі мәлім етті, деп жазады turkystan.kz Kazinform-ға сілтеме жасап. 

Қатты жауын-шашын бірнеше округке жауып, ойпаң жерлерді су басып, автокөлік және теміржол қатынасын бұзды.

Штаттың бас хатшысы Шив Дас Минаның хабарлауынша, жалпы 35 адамның қаза тапқаны белгілі болған. Ол қазір зардап шеккен аудандардағы құтқару операциясы аяқталғанын және негізгі қызметтерді қалпына келтіруге баса назар аударылып жатқанын атап өтті.

«175-ке жуық елді мекенде автожолдар зақымдалды, оның 140-ында қалпына келтіру жұмыстары аяқталды. Қалғанында жөндеу әлі жалғасып жатыр. Басқа қызметтер, мәселен, сумен қамтамасыз ету де қалпына келтірілуде. Су беру жүйесі толық бұзылған жерлерге суды цистернамен жеткізуді ұйымдастырдық», - деді шенеунік.

50 мыңға жуық адам су басқан жерлерден қауіпсіз орындарға эвакуацияланды. Су тасқыны мен нөсер жаңбыр 3,7 мың лашық пен 170 тұрақты үйге зақым келтірді. Сонымен қатар 183 мың га аумақтағы егістікті су басып қалды. Үкіметтік топтар залал шығынын есептеп жатыр.

Тамилнадтағы тасқын штат ай басында Ченнаи мен соған жақын үш округке төнген «Мичаунг» циклонының салдарынан айығуға тырысып жатқанда жағдайды одан сайын қиындатып жіберді.