Қоғам

«Қазақстандықтарға өтемақы төленеді»: желіде Смайыловтың видеосы тарап кетті

Ашық дереккөз

Алаяқтар ҚР Премьер-министрінің атынан жалған мәлімдеме таратып жатыр

Әлеуметтік желіде ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың интернет-алаяқтардың әрекетінен зардап шеккендерге өтемақы төленетінін айтып жатқан видеосы тарауда. Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды, деп хабарлады turkystan.kz stopfake.kz-ке сілтеме жасап.

Видеода Қазақстанда «ұрланған қаражатты қайтару және өтеу жөніндегі» комитет құрылғаны айтылады. Бұл - өтірік. Елімізде мұндай комитет жоқ және болған да емес.

Алаяқтар алданған адамдарға көмектесеміз деп осы жарнаманы таратуда, ал шын мәнінде ақшаны «қайтару» қызметтері туралы жазылған сайтқа өтуді ұсынады. Нәтижесінде, жосықсыз инвесторлар ұрлаған ақшаны қайтару үшін қайтадан төлеу керек болады.

Осылайша алаяқтар бір кездері алданып қалған адамдарды тағы да құрығына түсіреді. Мұндай хабарландырулар Қазақстанда және Ресейде бұған дейін де тараған болатын. Ол кезде қаржы пирамидаларынан зардап шеккен азаматтарға өтемақы төлеу туралы айтылған еді.