Жаңалықтар

ІІ дүниежүзілік соғыста қаза тапқан жауынгерлердің сүйегі елге жеткізілді

gov.kz

Жауынгерлердің сүйектерін қайта жерлеу әскери құрметпен өздері туған өңірлерде өтеді.

1941-1945 жылдардағы ІІ дүниежүзілік соғысында ұрыс даласында қаза тапқан үш қазақстандық жауынгердің сүйектері арнайы авиабортпен Астанаға әкелінді, деп хабарлады turkystan.kz.

Жауынгерлердің сүйектерін қарсы алу рәсімі ҚР Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында Орталық әскери оркестр музыканттары, Ту тобы және Құрмет қарауыл ротасы әскери қызметшілерінің қатысуымен өтті. 

Аталған рәсімге Қарулы Күштердің әскери қызметшілері мен ардагерлері, «Атамның аманаты» ҚБ, Мемлекеттік әскери-тарихи музейдің өкілдері, «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері мен қаза тапқандардың туыстары қатысты. 

Іс-шараға Атырау, Жамбыл және Қызылорда облыстары әкімдіктерінің, Қорғаныс істері жөніндегі департаменттерінің өкілдері де бейнеконференцбайланыс арқылы қосылды.

Қарулы күштер Бас штабының Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмысы департаментінің бастығы, генерал-майор Бауыржан Артықов қазақстандық жауынгерлердің сүйектерін іздеуге белсенді қатысқандардың барлығына алғысын білдірді.

«ІІ дүниежүзілік соғыс бүкіл Қазақстан халқы үшін үлкен сынақ болды. Майданға миллион 200 мың қазақстандық  аттанып, олардың 600 мыңнан астамы ұрыс даласында қаза тапты.  Қазақ жауынгерлерінің ерліктері - қазіргі Отан қорғаушылар үшін өр рухтың, мызғымас батылдықтың, шынайы жанқиярлық пен Отанға деген сүйіспеншіліктің үлгісі», – деді ол. 

Ресейлік іздеушілер жұмысының нәтижесінде 80 жылдан аса уақыттан соң қызыл әскерлер – Силан Мәметов (1912 жылы туған, Қызылорда облысы Қазалы ауданының тумасы), Қадірбек Дәулетқұлов (1922 жылы туған, Жамбыл облысы Меркі ауданының тумасы) және Кисым Әдиевтің (1911 жылы туған, Гурьев облысы Гурьев қаласының тумасы) сүйектері елге жетті. 

144 атқыштар дивизиясының қызыл әскері Силан Мәметов 1941 жылы қаза тапты. Оның сүйегін «Эхо войны» іздеу жасағы Мәскеу облысы, Рузск ауданы, Апальщино ауылының маңынан тапты. Қазақстандық жауынгер Қадірбек Дәулетқұловты Орлов облысы, Троснянск ауданы, Муравль ауылынан «Застава св. Ильи Муромца» жасағының іздеушілері тапты. 1942 жылы хабар-ошарсыз кеткен Кисым Әдиев Смоленск облысы, Темнинск ауданы, Батюшково ауылының жанындағы шатқалдан табылды.  

Жауынгерлердің сүйектерін қайта жерлеу әскери құрметпен өздері туған өңірлерде өтеді.