Жаңалықтар

Құрылыс секторы – елорда экономикасының негізгі драйвері – Қасымбек

stan.kz

Қаланың егжей-тегжейлі жоспарына өзгерістер енгізу жұмыстары атқарылды.

Астананың экономикасы өсіп келеді. Жалпы өңірлік өнім 4,1%-ға өсіп, 4 трлн 753 млрд теңгені құрады. Инвестиция көлемі 4,7%-ға өсіп, шамамен 1,3 трлн теңгені құрады. Бұл жайында Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында қала әкімі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді, деп хабарлады turkystan.kz.

Оның айтуынша, қазір жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 14,6%-ға өсіп, 230 мыңнан асты. Бөлшек тауар айналымының көлемі 9,4%-ға артып, шамамен 2,2 трлн теңгені құрады. Құрылыс жұмыстарының көлемі 4,9%-ға өсті. Құрылыс саласы елорда экономикасының негізгі драйвері болып қала береді. 3,4 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 

«Осы жылы жеңілдетілген мемлекеттік бағдарламалар бойынша біз азаматтардың әртүрлі санаттары үшін 5200 пәтер беру туралы міндет қойдық. Оның ішінде жетім балалар, көпбалалы аналар, әлеуметтік осал азаматтар, сонымен қатар жұмыс істейтін жастар бар. Қазір құжаттарды рәсімдеу бойынша тиісті жұмыстар жүріп жатыр. Келесі жылдың басында кезекте тұрғандар осы үйлерді алады», – деді Ж.Қасымбек.  

Қалада реновация бағдарламасы бекітілді. 2029 жылға дейін 206 апатты үйден 4 710 тұрғын үй иесін көшіру жоспарланған. Биыл 400-дей пәтер азаматтарға берілді. Келер жылы тағы 700 пәтер бөлінбек. Алдағы жылдары бір мың тұрғын үй табысталатын болады. 

Жыл басында шаһар жұртшылығы наразылық білдіріп, жедел шешімді талап еткен 20-дан астам объект болды. Қаланың егжей-тегжейлі жоспарына өзгерістер енгізу жұмыстары атқарылды. 

«Барлық шешім қала белсенділерінің қатысуымен қабылданды. Шешімдердің 90 %-дан астамы қала тұрғындарының пікірін ескере отырып қабылданды. Тығыз құрылыс объектілерінің барлығына дерлік оң шешімдер қабылданды: мектеп, білім беру орталықтары мен денсаулық сақтау мекемелері сияқты 8 әлеуметтік объект және 9 қоғамдық кеңістік жоспарланды», – деді шаһар басшысы.

Қалған нысандар бойынша сот шешімі күтілуде.