Нұрсұлтан Асылов: Америкада қазақша сабақ беруіме сондағы профессорым себепші
Сабақ кезінде олар ағылшынша сөйлем айтады, мен оның қазақшасын айтамын. Осылайша, тілдің құрылымын талдаймыз. Режиссер Қанат Бейсекеевтің Моңғолия, Түркиядағы қазақтар туралы деректі фильмін көрсеттім.
Ақтөбелік Нұрсұлтан Асылов Массачусетс штатындағы (АҚШ) Массачусетс университетінің докторантура бөлімінде оқиды. Оқудан тыс уақытта арнайы орталықта иммигранттарға ағылшын тілін үйретеді. Бір апта бұрын желіде америкалық студенттерге қазақша үйретіп, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленген ол бұл бағдарламаны жүргізуге америкалық профессор Сэт Кейбл себепкер болғанын айтады. Бұл курс бір семестрге жалғасса да, ұмытылмас әсер мен мол тәжірибе алған Нұрсұлтанға хабарласып, әңгімелескен едік.
– Әдетте, шетте оқып жатқан филолог мамандардың біразы тек тілдің айналасында зерттеу жұмысын жүргізеді. Ал сіздің Массачусетс университетінің докторантура бөлімінде оқып жатқан мамандығыңыз өте қызық екен. Тілдер, мәдениет және сауаттылық. Бұл үш бағытты бір-біріне байланыстырып зерттеу жүргізу өзіңізге де қызық болар. Сіз елде шет тілдері мамандығы бойынша білім алдыңыз ба?
– Мен – Ақтөбе қаласының тумасымын. Ондағы қазақ-түрік лицейін бітірген соң, Қ.Жұбанов университетінде ағылшын тілі пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша білім алдым. Одан соң ҚТЛ-да мұғалім, тәрбиеші болып жұмыс істедім. Жалпы, мен ағылшын тіліне ерте жастан қызықтым. Бала кезімнен айналама «10 тіл білгім келеді» деп айтатынмын. Негізі, төрт тілді жетік білемін. Қазір испан тілін үйреніп жүрмін. 17 жасымнан бастап жұмыс істедім. Әйелім «Сен бар білгеніңді өзгелерге үйреткенді ұнатасың» деп айтады. Расымен тілді үйреніп жүрген адамға барынша көмектесіп, жаңа нәрселерге үйреткім келіп тұрады. Ол үшін тек үйренуші емес, өзім де жетіле түсуім керек. Сондықтан Қ.Жұбанов университетін бітірген соң, Канаданың Оттава университетіне оқуға түскен едім. Визадан жауап келмегендіктен, онда бара алмадым. Сосын Астанаға қоныс аударып, Назарбаев зияткерлік мектебіне жұмысқа тұрдым. Сол кездері Назарбаев университетінде білім бойынша көшбасшылық деген бағдарлама ашылып жатқан болатын. Соған грантқа түсіп, екі жыл магистратура бөлімінде оқыдым. Онда ғылыммен айналысып, тіл саясатын зерттедім. Бұл процеске қызыққаным сонша, мұны әрмен қарай докторантурада жалғастырғым келді. Сөйтіп, 2022 жылы Массачусетс университетіне «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға түстім. Өзіңіз атап өткендей, оқуым өзара байланысы көп тілдер, мәдениет және сауаттылық бағытында өрбиді. Бағамдап қарасақ, бұл үшеуі де – өзекті мәселе. Мұны дәл Америкада оқып жатқанымның да үлесі зор. Мұнда халық саны көп болғандықтан, сауаты төмен адамдар жетерлік. Айта кетерлігі, мен мұнда ағылшын пәні мұғалімі болып шықпаймын. Ересектерге сабақ берудің қыр-сырын меңгеремін. Көбіне педагогика балалар мен студенттерге арналған ғой. Ал ересек адамдардың білімін жетілдіру ісі қалыс қалып қояды. Америкада ересек адамдардың сауатты болуына көп көңіл бөледі. Мұнда жазу, сызуды білмейтін иммигранттар келеді. Оларды үйрететін арнайы маман керек. Мен қазір иммигранттарға арналған орталықта ағылшын тілінен сабақ беремін.
– Ол орталықта ана тілі ағылшын саналатын америкалықтар емес, дәл сіздің сабақ беретініңіз көңіл қуантады. Университеттен тыс жұмыс па сонда?
– Иә, бұл – университеттен тыс жұмыс. Мұны мен өзім тауып алдым. Түйіндемемнен Қазақстандағы жұмыс тәжірибем мен біліміме қызыққан орталық өкілдері мені бірден жұмысқа қабылдады. Бастапқыда өзім де таңғалдым. Америкада ағылшын тілінен сабақ беремін деп ойлаған жоқпын. Қазақстанда оқыған ағылшыншаммен мұнда кімге керекпін деп ойладым. Біріншіден, бұл орталықта ағылшын тілін үйрететін мамандар жетіспейді. Екіншіден, мен де иммигрант болған соң, ағылшын тілін жылдар бойы үйренген соң, өзге үйренушінің ішкі дүниесін нэтив спикерге қарағанда жақсы білемін. Орталық басшылығы менің осы жағымды бағалайды. Мен онда аптасына 10 сағат сабақ беремін. Жалақы төленеді. Бұл орталыққа білім басқармасы демеушілік жасайды. Америкада әр елден ағылып келіп жатқан иммигранттар көп екенін білетін боларсыз. Әдепкіде бұл оларды тек ағылшын тіліне үйрететін орталық болып ашылған. Әрі сабақ беру ісіне зейнетке шыққан, үйінде бос отырған мамандарды жұмылдырған. Содан соң функциясы бірте-бірте арта бастаған соң, заңгерлерді жұмысқа алған. Сөйтіп, сабақтан бөлек, көші-қон, пәтер жалдау, азаматтық алу секілді кезек күттірмейтін мәселелерді шешумен айналысуды қолға алған. Мұнда иммигранттарға тегін қызмет ұсынылады. Көмек сұрап келген адамды құр қол қайтармайды. Менде білім алып жатқандар – ересек адамдар. Олардың көбі – өз елдеріндегі қиын жағдайға шыдас бермей, Америкаға жақсы өмір іздеп келгендер. Арасында Ауғанстан, Гаитиден келгендер де бар. Әсіресе, Гаитиде болған жойқын жер сілкінісінен кейін баспанасынан айырылып, бас сауғалап келгендердің қарасы көп. Оларға қарап сөзсіз жаның ашиды. Берілген уақытты барынша тиімді пайдалануға, оларға бар білгенімді үйретуге тырысамын. Мұнда ағылшын тілін үйренсе, өмір сүруі жеңілдейді ғой.
– Енді америкалық студенттерге қазақ тілінен сабақ беретін жұмысыңызды сөз етсек. Бір апта бұрын әлеуметтік желідегі жеке парақшаңызға жүктеген видеода Массачусетс университетінде қазақ тілін оқытатын курстың ашылуына ондағы профессорыңыз Сэт Кейбл түрткі болғанын айтасыз. Сонда ол америкалық профессор қазақ тіліне бұрыннан қызыққан ғой?
– Дәл солай. Ол түркітілді мамандармен етене араласады. Оның Фарух атты досы оған қазақ тілі туралы бар білгенін айтса керек. Негізі, ол өзі лингвист болған соң, көп тілдің құрылымын жақсы біледі. Мен оған қазақ тілінің құрылымын түсіндіріп отырғанда, ол көп нәрсені мен айтпасам да білетінін аңғардым. Бастапқыда негізі ол профессорға басқа мәселемен барғанмын. Кездесу кезінде ол менің көп тіл білетініме таңғалды. Сосын қазақ тілі туралы айтып беруімді өтінді. Мен оған біздің тіліміздің ерекшелігін, морфология мен фонетикасын түсіндіріп бердім. Содан соң маусым айында жеке поштама «Маған қазақ тілінен консультант керек. Біз жыл сайын лингвистика факультетінің студенттеріне бір тілді ғылыми тұрғыда зерттеу туралы ұсыныс жасаймыз. Былтыр Мексикадағы майя тайпасының тілін зерттеген едік. Сол кезде Мексикадан арнайы консультант келген болатын. Биыл олар еуропалық емес, бұрын-соңды естіп көрмеген тілді таңдайды. Соның ішінде қазақ тілін зерттеп көрмек» деп хат жазды. Сөйтіп, мені консультант ретінде таңдап, жұмыс басталып кетті. Аптасына үш рет, бір сағаттан студенттерге қазақ тілі туралы сабақ өткіземіз. Студенттерге көп нәрсе қызық. Бәріне жауап беруге тырысамын. Сабақ кезінде олар ағылшынша сөйлем айтады, мен оның қазақшасын айтамын. Осылайша, тілдің құрылымын талдаймыз. Содан соң мұнда тек тіл емес, фильмдер көрсетіп, мәдениет туралы қызық деректер келтіруге де тырысамын. Режиссер Қанат Бейсекеевтің Моңғолия, Түркиядағы қазақтар туралы деректі фильмін көрсеттім. Одан бөлек Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» тарихи драмасын да бірге тамашаладық. Бұл туындының профессорыма ұнағаны сонша, ол алған әсерін көпке дейін айтып жүрді.
– Видеодан байқағанымдай, профессор барлық тапсырманы тақтаға өзі жазып, оқу жоспарын өзі бекітеді екен.
– Екеуіміз сабақ басталмай тұрып екі рет кездестік. Ол сол кезде Қазақстан, қазақ тілінің тарихы туралы сұрады. Ол кісіге бәрі қызық. Сондықтан ол бұл сабақты ерекше жүргізеді. Сабақ сайын тақтаға латын әліпбиімен қазақша сөз жазады. Сосын бәріміз бірге оның мағынасын талдаймыз. Жоғарыда айтып өткенімдей, тілден өзге мағлұматтарды талқыға саламыз. Видеодан байқасаңыз, сақтарды, Кенесары ханды да сөз еттік. Профессорым «Ақтабан шұбырынды» сөз тіркесі қандай мағына беретінін сұрады. Сосын бұл тіркесті жеке-жеке талдап, әрқайсысының мағынасын түсіндірдім.
– Ол кісі тіпті «Ақтабан шұбырынды» тіркесін де біле ме?
– Иә. Өзі ғылыми мақалалардан тауып алса керек. Негізі, америкалық ғалымдардың қазақ тілі туралы зерттеулері жетерлік. Профессор сол зерттеулерді жасаған біраз адамдармен тілдеседі. Қазақ тілін зерттеген бір түрік ағай бар. Оның еңбегін оқыған профессор оның жеке поштасына хат жазып, ана тіліміздің бір ережесі дұрыс па, бұрыс па деп сұраған. Айтып тұрмын ғой, ол кісіге бәрі қызық. Мен бір сөз айтып қалсам, сол сөздің мағынасын жете түсінбейінше тыншымайды. Мысалы, сабаққа кіріп келгенде «Қалың қалай?» деп қазақша амандасса, мен «Шүкір, өз қалыңыз қалай?» деймін. Ол «Шүкір деген не мағына береді? Түсіндіріп жібер» деп айтады. Ол сөздің араб тілінен шыққанын, ағылшынша blessed деп аударылатынын айтып беремін.
– Америкада бір күнде ағылшын тілінен, содан соң қазақша сабақ өткізесіз. Оқуыңыз тағы бар. Бәріне қалай үлгересіз?
– Сүйікті ісің болған соң, бәріне үлгеруге тырысасың. Таң атпастан ағылшын тілінен сабақ өткіземін. Содан соң қазақ тілі сабағына жүгіремін. Үнемі 5-10 минутқа кешігіп барамын. Алайда профессор өте мейірімді жан болған соң бәріне түсіністік танытады. Ал докторантурадағы сабағыма түстен соң кірісемін.
– Ал студенттер бұл курсқа қаншалықты қызықты?
– Бұл негізі міндетті емес, таңдау сабағы болатын. Бірінші күні келгеннен тек бір адам ғана басқа курс таңдады. Ал қалғандары соңына дейін қызығып оқып шықты. Профессорымыз екеуіміз де олардың қызығушылығын ояту үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасадық. Студенттердің маған алғыс жаудырып, тілектестік білдіріп жатқан сәті таспаланған бір видео жүктеген едім. Соған қарағанда бағдарлама расымен қызық өткен секілді. Айтпақшы, студенттер семестр соңында қазақ тілі туралы эссе жазуға тиіс. Бір студент қазақ тіліндегі пассив тіл бірліктерін зерттесе, екіншісінің тақырыбы – болымсыз етістіктер. Осы ретте айта кетейін, бұл курс кезінде олар түгілі өзім де көп нәрсе үйрендім. Қайткенмен де шетелдіктердің зерттеу тәсілі, амал-әдісі бөлек қой. Олардың тың деректері мен күтпеген сауалдарын талдап, қазақ тілі мамандарына жүгіндім. Интернет бетінен де көп мәлімет іздедім. Жалпы, өте пайдалы тәжірибе болды.
Студенттердің алғысы– Сонда бұл бағдарлама тек бір семестрге жалғасты ма?
– Иә. Алайда, менің келісімшартым әлі аяқталған жоқ. Студенттер қазақ тіліне қатысты сұрақтарын менен сұрай алады. Мен сосын уақыт белгілеп олармен кездесемін. Кездескен уақытымды профессор жазып алады. Өткен аптада үш рет кездестім. Үшеуінде де бір сағат бойы айтқан мәселелерін лингвистикалық тұрғыда талдадық. Жалпы, бұл бағдарлама профессорға қатты ұнады. Ол мұның бір семестрмен шектелгенін қаламайды.
– Ал студенттердің қазақ тілі туралы эсселерін тексеріп үлгердіңіз бе? Әлде дедлайн әлі болған жоқ па?
– Қателеспесем, эссені өткізу уақыты болған секілді. Эссе демекші, болымсыз етістік туралы жазған студенттің талдауы өте қызық болды. Олай мүмкін екенін тіпті өзім де білмедім. Мысалы, «Әлихан ешкімнің келгенін білмейді» деген сөзді алып қарайықшы. Бір байқағанда бұлай айтуға болмайтын секілді. Біз «ешкім» сөзін болымсыз етістікпен қолданбаймыз ғой. Бірақ бұлай айтуға болады екен. Мен мұны білген жоқпын. Мұғалімдер бұлай айту қате дейді, ал ғалымдар бұлай айтуға болады дейді. Ал бұлай айтуға болатынын студент ғылыми мақалаларды парақтап отырып, тауып алса керек. Сосын қазақ тілінде екі пассивті қолдануға болмайды. Мысалы, «жасалынды» деп айта алмайсыз. Ал түрік тілінде қолдануға болады. Қазақ тілін түрік тілімен бірге бір топқа кіретінін білетін студентке мұның неліктен қолданылмайтыны қызық көрінді. Сөйтіп, олар тіпті қазақстандық студенттер таңдай бермейтін тың тақырыптарды зерттеп жатыр. Айта кететін тағы бір жайт, мұнда Қазақстан туралы білетіндер саны өте аз. «-стан» жұрнағын естіген соң, бәрі Ауғанстан, Пәкістанмен көршілес ел деп ойлайды. Головкин мен Димаш Құдайбергеннің танымал болуы жеткілікті емес. Сондықтан жүрген жерімде, оқыған жерімде қазақ тілінің мәртебесін асыруға тырысамын. Мен сізге бір қызық айтайын. Америкалықтар «Сіздер қазақ тілін неліктен кеңінен қолданбайсыздар?» деп сауал тастайды. Ағылшын тілі халықаралық тіл болғасын, елдегі көпшілік, әсіресе, жастар оны үйренуге уақытын, қаражатын сарп ететіні анық. Ал бірақ сол ағылшын тілін неге қазақша үйренбеске? Біз университетте оқығанда ұстаздар «Сабақта тек ағылшынша сөйлеңдер. Қазақша немесе орысша қолданбаңдар» деп талап қоятын. Мұндайда ағылшын тілін чемпион қылып, жеңіс тұғырының ең жоғары орнына көтереміз. Негізі, тілдер арасында теңгерім болуы керек. Бала тіл үйрену нұсқаулығын қазақша оқып, сосын ағылшынша сөйлеп жазса да, ештеңеден ұтылмайды. Онда тұрған ештеңе жоқ. Тілдерді бөлудің қажеті жоқ. Қазір транстілдестік трендке енді. Тілдер арасында байланыс көп болған соң, үйретушінің әрі үйренушінің лингвистикалық әлеуеті арта түседі. Бала қазақша біліп тұрса, соны пайдаланып неге ағылшынша үйретпеске? Ағылшын тілі сабағында неліктен тек ағылшынша сөйлеу керек? Бала дәретханаға сұрану үшін «Teacher, may I go to the toilet?» деп неліктен ағылшынша сұрануы керек? Біз жетпіс жыл бойы отар ел болдық. Мұның әлі ықпалы бар екені айтпаса да түсінікті. Десе де, қазақ тілін орыс немесе ағылшын деңгейімен бір деңгейге қойсақ, мұны ықпалы азая түсетіні хақ. Мен сарапшы емеспін. Дегенмен біраз тәжірибе жинадым. Осылайша, тілді дамыту туралы картинам өзгерді. Ересектерге сабақ беру үлгісін үйрендім. Сондай-ақ қазақ тілін қолданып, ағылшын тілін қалай үйренуге болатыны туралы тәжірибе жинақтадым. Докторантурадағы диссертациямның тақырыбы да осы. Құдай қаласа, оқуымды аяқтап, елге оралғанда осы тәжірибемді қолданғым келеді.
– Әңгімеңізге рахмет! Ісіңіз оңға бассын!
Сұхбаттасқан Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ