«TURKTIME» тағылымы
Түрік мемлекеттері ұйымының Астанада биыл 3 қарашада өткен мерейлі Х саммитінде «TURKTIME» ұраны айтылды. Бұл стратегиялық даму жолды ұсынған күллі түріктің қара шаңырағында қалған Қазақ елі болғанын мақтан етеміз.
Астана төрінде еларалық Түркі академиясының ұйымдастыруымен «Бауырластық тамыры: тұлғалар ғибраты» атты халықаралық конференция өтті. Мемлекет және қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, ғалымдар, елшілік, мәдениет ұйым өкілдері қатысқан мәртебелі жиында Афет Инанның «Ататүрікті еске алғанда» (қазақ тілінде), Гасан Гасановтың «Ұлт көшбасшы, жарқын тұлға – Гейдар Әлиев» (түрік тілінде) және «Кемел Тоқаев: қаламгердің өмір жолы» (түрік тілінде) кітаптарының тұсаукесер рәсімі өтті.
Тарих қойнауына көшіп бара жатқан 2023 жылы Түркия Республикасының ғасырлық тойы Түркияда, сонымен бірге түркі әлемінде үлкен ауқымда аталып өтті. Қазақ елінің 1991 жылы жарияланған тәуелсіздігін әлемде бірінші мойындаған мемлекет – Түркия екенін білеміз. Бауырлас Түркия ғасыр бұрын Мұстафа Кемал Ататүріктің көшбасшылығымен өзін республика деп жариялап қайта түледі. Сол кезде 13 миллион ғана тұрғыны бар Түркияның халқы бүгінде 80 миллионнан асты. Ол деректі Түркі мемлекеттері ұйымы Ақсақалдар кеңесінің бұрынғы мүшесі, ғалым Әділ Ахметов мысалға келтірді. Бір ғана түрік тілінде сөйлейміз деп ұйысқан Түркия жұрты ғасыр өткенде көптеген маңызды салада табысқа қол жеткізді. Адамзат тарихындағы өркениеттердің алмасуын терең зерттеген түркітанушы Әділ Ахметов ілгері ғасырда Қазақ елінің де жұлдызы жарқырай беретініне сенім артты. Түрік мемлекеттері ұйымының Астанада биыл 3 қарашада өткен мерейлі Х саммитінде «TURKTIME» ұраны айтылды. Бұл стратегиялық даму жолды ұсынған күллі түріктің қара шаңырағында қалған Қазақ елі болғанын мақтан етеміз. Халықаралық Түркі академиясы 2010 жылдың 20 мамырында Астана қаласында «Бейбітшілік және келісім» сарайында өткен ғылыми конференцияда құрылды. Қазақстан және Түркия мемлекет басшылары қатысқан жиынды ұйымдастыруға ол кезде Көкшетауда қызмет істейтін біз де тартылдық. Түркі академиясының президенті болып Ресейдің де, Түркияның да түркітанушылары мойындайтын белгілі ғалым Шәкір Ыбыраев бекітілді. Шәкір Ыбырайұлының басшылығымен Түркі академиясында ашылған күнінен бастап үш жарым жыл қызмет істедік. Туған күнімде өмірге келген Түркі академиясына ықыласымыз бен құрметіміз бір бөлек. Мағжаннан, Алаш мұрасынан сусындап өскен бізде түркі дүниесіне, ортақ түркі тарихына, құндылықтары мен салт-дәстүріне махаббатымыз асқақ еді. Сол құрмет пен ықылас академияда қызмет істеген жылдарда еселеніп арта түсті. Түркі дүниесінің түпкір-түпкірінде қызмет істейтін көптеген ниеттес, тілектес ғалыммен таныстық. Көбімен байланысымыз, достығымыз әлі де үзілмеді. Сондай белгілі ғалымның, мемлекет қайраткерінің бірі Әзірбайжан Республикасының тұңғыш Премьер-Министрі, тарих ғылымдарының докторы Гасан Гасановпен бүгін тағы қауышу бұйырды. Әкелі-балалы Заур мен Гасан Гасановтарды түркітанушы ғалымдар жақсы таниды. Гасан Гасановтың «Тарих мақсаты», Заур Гасановтың «Царские Скифы» атты іргелі еңбектері бар. Көп жылдан бері жақсы танитын құрметті ағаларды оғыз, қыпшақ, қарлұқ болып естелікке суретке түсуге шақырдық. Түркі академиясының президенті Шаһин Мұстафаев және әзірбайжан Гасан Гасанов, өзбек Насимхон Рахмонов, қырғыз Осмонакун Ибраимовпен түскен бұл сурет те «TURKTIME» ұраны нақты жүзеге асып жатқанының бір белгісі деп ұйғардық. Түркілік тұтастығымыз нығайып, жан-жақты қарым-қатынасымыз жыл озған сайын лайым арта түссін. Тұранда түрік ойнаған ұқсап отқа, Түріктен басқа от болып жан туып па? Енші алып күллі түрік тарасқанда, Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па?! Жарықтық Мағжан жырлап кеткен түркі жұртының қара шаңырағы гүлдене берсін!
Қайырбек Кемеңгер, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ Қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі