Елорданың жаңа жылдық келбеті
Бес аудан аумағында барлығы 60-қа жуық мұз айдыны мен сырғанақтар жаңа жылдық безендіруге сән қоса түскендей.
Қыс басталғалы елорда ерекше әдемі. Қаланың әр ауданынан мұз айдындары, сырғанақтар, шағын архитектуралық фигуралар, фотоаймақтар салынып жатыр. Бес аудан аумағында барлығы 60-қа жуық мұз айдыны мен сырғанақтар жаңа жылдық безендіруге сән қоса түскендей.
Әдетте, жыл сайын бұл жұмыстар 23-25 желтоқсанға дейін аяқталады. Бүгінде жұмыстың бір бөлігі аяқталды. Мысалы, «Жастар» сарайының алдындағы алаңда және ЭКСПО қалашығында салынған мұз айдынында, сырғанақтарда серуендеуге болады. Сонымен қатар осы демалыс күндері елорданың орталық саябағында ұзындығы 290 метр болатын алғашқы желілік мұз айдыны ашылады. Ол арнайы концерттік бағдарлама арқылы 23 желтоқсан күні сағат 18:00-де ашылады. Сарыарқа ауданында Бөгенбай батыр даңғылы 43, Бейбітшілік көшесі бойындағы қалалық алаңда, «Көктал» саябағында қысқы ойын-сауық ұйымдастырылады. Алматы ауданында мына орындар белгіленді: «Қазақ Елі» монументінің жанындағы алаң, ІІМ жанындағы Тәуелсіздік және Қажымұқан көшелерінің қиылысында, «Құмыра» мекемесінің тұрағында, Абылай хан және Қобда көшелерінің қиылысында, Оқушылар сарайының жанында. Сонымен қатар Нұра ауданындағы қысқы демалыс алаңдары Ailand отбасылық демалыс орталығы, Keruensity СОО, «Хан Шатыр», Asia Park, сондай-ақ елордалық саябаққа және Үркер тұрғын алабына кіреберісте ашылады. Жақын арада Байқоңыр ауданының тұрғындары «Ататүрік» саябағында, «Жастар» сарайында, Жазушылар аллеясында, Қазқалашық, Кирпичный, Өндіріс, Қоянды елді мекендерінде мұз төбешіктерінде сырғанай алады. Есіл ауданында ЭКСПО аумағында, Ботаникалық бақта және «Керуен» СОО маңында тағы үш орын белгіленді.