«Жанұяның» жақсы істері көпке үлгі
Орталық ашылған сәттен бастап 762 отбасына қолдау көрсетілді.
Астана қаласы әкімдігінің «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы 2019 жылы Арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж отбасыларға кешенді кеңес беру және халықтың әлеуметтік осал топтарына қатысты жағдайды тұрақтандыру мақсатында құрылған болатын. Орталық «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде халықтың сенім деңгейін арттыру және халықпен кері байланыс орнату жолында жұмыстың мөлдірлігі мен ашықтығын қамтамасыз етіп, біршама жұмыс атқарып келеді. Нәтижесінде, 2020 жылғы 21 мамырда «Жанұя» орталығы коммуналдық мемлекеттік мекеме мәртебесін алды.
Орталық ашылғаннан бастап биылғы 1 желтоқсанға дейін 205 231 сұрақ бойынша 192 199 адам жүгінген. Жыл басынан бері 17 403 мыңнан астам адам өтініш білдіріп, 47 316 мың мәселе қаралған. Оның 25 486-ы – жұмыспен қамту, АӘК тағайындау, психологиялық және заң көмегіне арналған. Аталған барлық мәселе оң шешімін тапқан. Қалған 21 830 мәселе бойынша жүйелі кеңес беру жұмыстары жүргізілген. Мәселен, Атаулы әлеуметтік көмек көрсету бойынша 18 089 мәселе, тұрғын үй мәселелері бойынша – 4 470, әлеуметтік қызметтер порталы бойынша – 18 071 елорда өңірінің азаматтары және қалған мәселелер бойынша 6 686 өтініш қаралған. Орталық ашылған сәттен бастап 762 отбасына қолдау көрсетілді. – Көпшіліктен ажырасу, алимент өндіріп алу, әкелікті тану, мүгедек жандардың қаражатқа мұқтаждығы, жұмыс берушінің айлықты мүлдем төлемеуі, мүгедектікті алу, сондай-ақ сот органдарына және тиісті органдарға жүгінуге арыз және де шағымдарды жазып беру бойынша сұраныстар көп түседі, – дейді «Жанұя» Отбасы институтын қолдау орталығы директорының орынбасары Құралай Жанұзақова. Жыл басынан бері 303 отбасы тексерілсе, оның ішінде ішінде 260 отбасы әлеуметтік қолдауға қабылданған. Өмірлік қиындықтарға тап болған жандар аталған орталықтың ұйымдастырған түрлі шараларында бас қосып, демеушілердің ұсынған сый-сияпаттарын қабыл алады. – Бұл отбасыларға тек қана әлеуметтік, құқықтық, психологиялық жағынан қолдау көрсетіп қана қоймай, сонымен қатар әрдайым осындай әлеуметтік маңызы бар және мәдени іс-шараларға шақыру арқылы бұл кісілерді осы қоғамға әлеуметтендіру жұмыстарымен де айналысамыз, – дейді «Жанұя» отбасы институтының Сарыарқа ауданы бойынша бөлім басшысы Айгүл Болатхан. Орталықта мемлекеттік органдардың басшылары мен орынбасарларының азаматтарды қабылдауы апта сайын ұйымдастырылады. Мысалы, 2023 жылдың 11 айында 173 тағайындау болып, 1 185 азамат қабылданған. Қала тұрғындары «Жанұя» орталығының қызметі туралы және Орталықтың ресми әлеуметтік желілерінде көрсетілетін қызметтер, оның ішінде мемлекеттік мекемелердің бірінші басшыларының азаматтарды қабылдауы туралы жүйелі түрде ақпараттандырылып отырады. Instagram желісіндегі «otbasy_astana» парақшасына 6 405 оқырман тіркелген.