Мектепке дейінгі ұйымдар басты назарда
Алдағы 2 жылда бейінді білімі бар тәрбиешілердің үлесін 100 пайызға жеткізу көзделіп отыр.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен Астана қаласының Білім басқармасы білім саласына қатысты ауқымды жұмыстар атқарып келеді. Әсіресе, мектепке дейінгі ұйымдар Білім басқармасының басты назарында.
Қазіргі кезеңде INDIGO электронды порталында 60 971 мектеп жасына дейінгі бала тіркелген, оның ішінде 2 мен 6 жас аралығындағы бала саны – 41 818. Жыл бойы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және білім берумен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізі-леді. Бүгінде елордада 525 балабақша жұмыс істейді. Мектепке дейінгі білім ұйымдары өткен жылмен салыстырғанда 113 балабақшаға көбейді. Білім басқармасы тек мемлекеттік балабақшалардың емес, жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдардың да жұмысын бақылауда ұстап келеді. Барлық балабақша жаңа мемлекеттік стандартқа және мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік бағдарламасына көшті. Жаңа оқу жылынан бастап алғаш рет мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленіп жатқан балалардың жекелеген санаттарына тегін тамақтану ұйымдастырылды. Биыл балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтуды ұлғайту мақсатында 2023 жылдың басынан бастап 10 214 орынға мемлекеттік тапсырыс орындалды. Айта кетсек, қаланың мектепке дейінгі мекемелерінде мемлекеттік тапсырыс өткен жылмен салыстырғанда төрт еседен астам өсті. Өйткені елордада жыл сайын мектеп жасына дейінгі балалар саны артып келеді. Оған туу көрсеткіші және көші-қон процесі оң әсер етіп отыр. Бұл деңгей жыл сайын сақталады дейді мамандар. Бұдан бөлек, жеке инвестициялар есебінен 17 балабақша құрылысы жүргізіліп жатыр, сондай-ақ бюджеттік-инвестициялық жобалар есебінен 60 мемлекеттік балабақшаны жобалау басталды. Бүгінде 10 балабақшаның жер телімдері белгіленіп, жобалау жұмыстары басталып кетті. Осыған дейін Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев қаладағы балабақшаларды жөндеу жұмыстарын жүргізуге 250 млн теңге қажет екенін айтқан болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жаңа оқу жылының басынан бастап алғаш рет мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленіп жатқан жекелеген санаттағы 10 250 балаға тегін тамақтану ұйымдастырылды. Биыл қыркүйек айында елордадағы 4 балабақшада (№54, №60, №66, №95) және 4 шағын орталықта (№8, №11, №30, №76) эмоционалдық-еріктік және мінез-құлық бұзылыстары бар (аутизм) балаларға арналған инклюзияны қолдау кабинеттері ашылды. Одан өзге, 54 балабақша жаңартылды. Сонымен қатар осы жылы балабақшалардағы тәрбиешілердің кәсіби деңгейін арттыру бойынша да ауқымды жұмыстар атқарылды. Нәтижесінде, 360 педагог қайта даярлау курстарынан және 1 062 педагог біліктілігін арттыру курстарынан өтті. 1 қыркүйектен бастап балабақша тәрбиешілерінің жалақысы 30 пайызға өсті. Алдағы 2 жылда бейінді білімі бар тәрбиешілердің үлесін 100 пайызға жеткізу көзделіп отыр.