Елордада Қазақ тарихи қоғамы құрылды
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба сәтті жүзеге асса, қоғамдық бірлестік ауқымы аймақтарға таратылады.
Елордада «Қазақ тарихи қоғамы» қоғамдық бірлестігі құрылып, ресми түрде тіркелді. Бастамашы топ арасында Сұлтан Әкімбеков, Радик Темірғалиев, Арманжан Байтасов, Мая Бекбаева сынды танымал тұлғалар бар.
– Қазақстанда бүгінгі күнге дейін 2 географиялық қоғам болды, ал тарихи қоғам болмаған еді. Қазақ тарихи қоғамының басты қызметтерінің бірі – ғалымдардың ғылыми кәсіподағы мен қоғам арасындағы көпір болу. Өйткені ғалымдар тек ғалымдар үшін жазады, оның көпшілікке жетуін ойлай бермейді. Бізде ай сайын жаңа ғылыми жаңалықтар ашылады, бірақ өкінішке орай, біздің азаматтық қоғам бұл туралы білмейді. Бұл мәліметтерді жұртшылыққа жеткізу біздің міндетіміз, – деді тарихшы, Жошы ұлысын зерттеу ғылыми институты директорының міндетін атқарушы Жақсылық Сәбитов. Басқарма мүшесі, журналист Арманжан Байтасов тарихи бірлестік расында да қажет екенін, қазір аудиторияның Қазақстан тарихына үлкен қызығушылық танытып отырғанын атап өтті. Мұны медиа саласының маманы ретінде толық сеніммен айта аламын. Қазақстан тарихына арналған бағдарламалардың өте көп қаралым жинайтынын, халықтың Алашорда тарихынан бастап белгілі бір тұлғалардың өмірбаянына қызығушылығын көріп отырмыз. Енді бірлестіктің негізгі мақсаты – ғалымдар мен халық арасында көпір құрып, лайықты платформа беру. Тілшілерге тарихи сарапшыларды ұсынып, тарихи тұрғыда сапалы консультация бере алсақ, бұдан бәрі ұтады, – дейді А. Байтасов. Қоғамдық бірлестік ұлттың тарихи санасы мен тарих ғылымын дамытуды мақсат етіп отыр. Тарихи зерттеулер мен көпшілікке арналған ғылыми әдебиеттер, сол зерттеу нәтижелерін дәріптейтін фильм, өзге де туындыларды жасау үшін үздіктерді тарту, сапалы іріктеу жүргізу көзделген. – Көптеген елде осындай тарихи қоғамдар бар, өйткені бұл ғалымдар үшін, журналистер мен қоғам өкілдері үшін алаң құруға мүмкіндік беретін бірлестіктер. Біздің тарихшылар, өлкетанушылар өз аймағының тарихын өз бетінше, еш қолдаусыз зерттеп жүр. Мұны жүйелеу қажет. Бірлестіктің мақсаттары мен міндеттері уақыт өте келе түзетіледі, бірақ ең бастысы – осы күш-жігерді шоғырландыруға мүмкіндік беретін алаң құру. Біздің есігіміз барлығына ашық. Қазірдің өзінде бірлестіктің мүшесі болғысы келетіндер өтініш білдіруде. Мемлекеттік, квазимемлекеттік тарихи ұйымдармен бәсекеге түсу ойда жоқ. Олармен байланыс орнатып, ортақ мүдде – тарихи сана мен тарих ғылымын дамытуға өз үлесімізді қоспақпыз, – дейді тарихшы Радик Темірғалиев. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба сәтті жүзеге асса, қоғамдық бірлестік ауқымы аймақтарға таратылады.