Елордада ерекше мектептер салынбақ
Астанада жыл соңына дейін тағы 7 мектеп ашылмақ.
Бүгінде бас қалада 171 мектеп бар. Оның 101-і мемлекеттік, 63-і жеке және жетеуі республикалық мектептер. Аталған білім ошақтарында барлығы 261 128 бала оқиды.
Астанада жыл соңына дейін тағы 7 мектеп ашылмақ. Бұл мектептер Қарасай батыр мен Бұланты көшелерінің қиылысында, Тұран даңғылы мен №24 көшенің қиылысында орналасқан. Сонымен қатар қолданыстағы мектептердің аумағында жаңа ғимараттар салынады. Олар – Кирпичный тұрғын үй алабында, Тархан 16, Таха Хусейн 5/1, Қарқабат 17 көшелерінде, Қабанбай батыр 9/1 даңғылында орналасқан. Айта кетсек, биылғы оқу жылының басында қалада 4 мектеп ашылған болатын. Астанада 2023-2025 жылдар аралығында «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасы аясында 88 800 орындық (екі ауысымда) 24 мектеп пайдалануға берілмек. Ұлттық жоба орта білім беру мекемелерінде жайлы және қауіпсіз оқу жағдайын қалыптастыруды мақсат етеді. Түйіндей айтсақ, «Жайлы мектеп» бағдарламасы орын жетіспеушілік мәселесін жүйелі түрде шешуге, апатты және үш ауысымдағы мектептерді жоюға бағытталған. Аталған жоба жаңа форматтағы мектептер құруды да қарастырады. Яғни, мектептер бірден дайын зертханалармен, шеберханалар, компьютер сыныптарымен және пән кабинеттерімен салынады. Заманауи интерьері, спорт залдары мен асханалары, бастауыш және жоғары сыныптарға арналған жеке блоктары болады. Сондай-ақ мектептер оқулықтарды сақтауға арналған жеке шкафтармен жабдықталады. Бұл оқушының сөмкесін жеңілдетуге септігін тигізеді. Мектептер бейнебақылау және қауіпсіздік жүйесімен қамтамасыз етіледі. Ал блоктар мен кабинеттердің есіктері террорлық қауіп төнген жағдайда автоматты түрде құлыпталып қалмақ. Білім ошақтары 100 Мбит/сек жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз етіледі деп жоспарланып отыр. Ал мұғалімдердің өз жұмыс орны болуы тиіс. Сонымен қатар барлық мектеп ерекше қажеттілігі бар балаларға сай жасалуы керек. Бұл мақсаттарды орындау үшін арнайы лифттер қарастырылып отыр. Мектептерде зияткерлік ойындарға арналған «Интеллектум» кабинеттері болады. Физика, химия, биология пәндеріне арналған оқу зертханаларымен қатар мектептерді әмбебап зерттеулер жүргізуге болатын STEM-зертханаларымен (Science, Technology, Engineering, Mathematics) қамтамасыз ету жоспарлануда. Мысалы, жекеменшік мектептердегі осындай зертханаларда балалар 3D принтерлердің, лазерлік гравюралардың, метеостансаның, тіпті электр тізбектерінің жұмысын зерттеп жүр. Сондай-ақ нанотехнология мен биотехнологияны зерттейтін зертханалар да қарастырылған. Одан бөлек, робототехника кабинеттері болады. Әрбір сынып touch/led экранмен жабдықталады. Қарапайым кітапханалардан бөлек мектептерде цифрлық кітапханалар, әр қабатта кітап оқуға және демалуға арналған коуоркинг алаңдары болады. Мектептерді «трансформер» парталармен қамтамасыз ету жоспарланып отыр, яғни олардың көлемін реттеуге болады. Бұл – ерекше атап өтуге тұрарлық жай. Сонымен қатар әр қабатта ішуге арналған шағын ауызсу бұрқақтары болады. Шеберханаларда балалардың тігіншілік, аспаздық, ағаш ұстасы кәсіптерін меңгеруге барлық жағдай жасалмақ. Сондай-ақ қыш және бейнелеу өнері бөлмесі ашылады. Мектеп аумақтары туралы бөлек айтып өткен жөн. Ыңғайлы мектептер волейбол, футбол, баскетбол алаңдарымен, теннис кортымен жабдықталмақ. Автотұрақтар мен жол салынады. Бір ерекшелігі, жобалау барысында мектептер бес климаттық аймаққа бөлінеді. Тағы да қоса кететіні, мектептердің құрылыс жұмысын ел азаматтарына видеотрансляция арқылы қадағалауды ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бүгінде қала әкімдігі 2024-2026 жылдары мектеп салуға 20 жер телімін бөліп, құжаттарын бекітіп қойды. 2027 жылға дейін барлығы 200 мыңнан астам оқушы (2 ауысымда) оқитын 80 мектеп салу жоспарлануда. Бұл шаралар мектептердің қазіргі толып кетуін ғана емес, болашақта орын жетіспеушілігі мәселесін де шешуге мүмкіндік береді. Білім ордалары қаланың барлық аудандарында, оның ішінде тұрғын алаптары қамтылатын болады. Бүгінгі таңда елорданың барлық мемлекеттік жалпы білім беретін мектептері 100 мбит/сек жоғары жылдамдықтағы интернетпен жабдықталған.