Тайқазан

Ауылдастары «қырғауыл өсіруші» деп атайтын Гүлдана

Небәрі бес жұмыртқадан жарып шыққан балапандар өсіп, бүгінде құс саны 500-ге жеткен.

Гүлдана Жарылқадиева – Түркістан облысы Ордабасы ауданы Көлтоған ауылының тұрғыны. Бүгінде ол отбасымен ерекше кәсіппен айналысады. Төрт жылдан бері дала құсы – қырғауылды қолға үйретіп, көбейтіп келеді. Сондықтан бұл отбасыны ауылдастары «Қырғауыл өсірушілер» деп атайды. Кейіпкеріміз екінің бірі айналыса бермейтін кәсіпті қалай қолға алғанын Turkystan.kz тілшісіне айтып берді.

Гүлдананың бұл бизнесті бастауына құстарға деген сүйіспеншілігі себеп болған. «Сыртқы бейнесі сан алуан түске боялған бұл құс әсемдігімен баурап алды» дейді ол. Алғашында қырғауылдың балапандарын Алматы облысы Ұзынағаш ауылынан сатып алыпты. Небәрі бес жұмыртқадан жарып шыққан балапандар өсіп, бүгінде құс саны 500-ге жеткен. Бұл –  үлкен еңбектің нәтижесі. Өйткені құстардың күтімі, балапан бастыру – оңай шаруа емес. Гүлдана бұл кәсіпті бастар алдында біраз ізденіп, содан соң тәуекелге барғанын айтады.

Бүгінде қырғауылды көргісі келетін жұрт шаруашылыққа балаларын да ертіп барады екен. Қолы қалт еткенде құс баптауға қолғабыс етіп жүрген отағасы Нұрбол Әшіров қазір қырғауыл бизнесіне қызығатындар көп екенін айтады.

Сонымен қатар сатып алушылар да аз емес екен. Бірі аңшылыққа, бірі қолда өсіруге алса, енді бірі етін жегісі келеді. Дегенмен құс өсіруге қызығатындар саны әлдеқайда басым. Бұлай деуімізге себеп те бар. Қазір YouTube каналын ашып, аңшылық, қырғауылды күтіп-баптау туралы блок жүргізіп жүрген Нұрбол Әшіров бұл бизнеске қызығатындар көбейіп жатқанына қуанады. Өйткені, бұл – көзін тапқанға пайдалы кәсіп. Қазір тіпті солтүстік өңірлерден келіп алып кетіп жатқандар бар екен.

Жас кәсіпкер Гүлдана Жарылқадиева өткен жылы «Бастау бизнес» жобасы арқылы білім алып, мемлекеттік қайтарымсыз грантқа ие болған. Сол қаржыға қажет құрылғыларды, атап айтсақ, инкубатор, генератор, брудер және аккумулятор алған. Қырғауылға қолайлы жағдай жасау – маңызды іс. Жарық өшіп қалса, генератор арқылы тоқ беріледі және инкубаторға жұмыртқа салған соң, белгілі бір температурада үздіксіз жұмыс істеуге тиіс.

Ерлі-зайыптылар енді құс санын одан әрі көбейтіп, шаруашылықты кеңейтуді мақсат етіп отыр.