Емханада екпе алған атыраулық әйел қайтыс болды
Қазір сот-медициналық сараптама тағайындалды.
51 жастағы әйел қалалық №1 емханаға барып, екпе алған соң көз жұмды, деп хабарлады turkystan.kz AtyrauPress-ке сілтеме жасап.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше, 1972 жылы туған әйел 24 қараша күні құлағына қатысты шағыммен аталған емханадағы отоларинголог дәрігердің көмегіне жүгінген. Кейін 13 желтоқсанда жеке сурдолог дәрігердің нұсқауымен процедуралық бөлмеге жолдама алу үшін өзінің учаскелік дәрігеріне барған. 14 желтоқсанда сағат 9.15-те бірінші екпе алғаннан кейін өзін нашар сезініп, есінен танып қалған.
Дәрігерлер бірден жедел жәрдем шақырған. Оған дейін өздері жедел медициналық көмек көрсеткен. Алайда сағат 9.51-де биологиялық өлім тіркелді. Қазір сот-медициналық сараптама тағайындалды.