«Үш әйелдің бірі ДНҚ тапсырды»: Шетелдіктер асырап алған қазақ баласына қатысты тың дерек шықты
Бұл туралы тележүргізуші, журналист Қымбат Досжан әлеуметтік желіде жазба жариялады.
Бельгиялық әйел асырап алған қазақ баласы, 21 жастағы Эдди Жан Қазақстанда туған ата-анасын іздеп жүр. Дүниеге келгенде Жәнібек деген есім берілген жігітке қатысты тағы бір дерек шықты, деп хабарлады turkystan.kz.
Бұл туралы тележүргізуші, журналист Қымбат Досжан әлеуметтік желіде жазба жариялады. Айтуынша, «Бармысың, бауырым?» бағдарламасы бұл мәселені жан-жақты зерттеп жатыр. Тележүргізуші Мұраттың анасын іздеу қиындап бара жатқанын айтты. Себебі құжат жүзінде көп нәрсе белгісіз.
«Соңғы 2 күнде үндемей отырғанымызға алаңдаған жандар да көп, арасында бізді жамандағандар да жоқ емес. Біз, «Бармысың, бауырым?» хабарының редакциясы өз жұмысымызды білеміз. Бірнеше мемлекеттік мекемеге хат жазып, ресми мәліметтер алдық. Ақпарат тапқан сайын оны жақсылап зерттемей, жалаулатып жариялай салуға тағы болмайды. Білсіздер ме, бұл жұмбақты шешкен сайын түйіншегі керісінше тастай түйіліп бара жатыр... Перзентханаға жедел жәрдем арқылы келген, қабылданған, босанған, төрт күн төсегінде түнеген келіншектің жеке құжат көшірмесі әлі табылған жоқ. Бар құжаттың қалай толырылғанын міне, әдейі көрсетіп отырмыз. Нәресте өмірге келгендегі мәліметті, яғни 2002 жылдың қаңтарында дәрігер Совет одағынан қалған «Путевой лист грузового автомобиля, Талон заказчика» деген 1983 жылы әзірленген бланкіге түсініксіз жазумен жаза салған... Қай жағынан келсек те, ресми құжаттарда жазылған келіншектің аты-жөні өтірік сияқты...», - деп жазды журналист.
Ол осы уақытқа дейінгі зерттеу қорытындысын бөлісті. Соның ішінде айта кететін дүние – баланың анасы болуы мүмкін деген күдік бар үш әйелдің бірі ДНҚ сынамасын тапсырған.
«Қазір үш келіншекке күдік басым. Кеше «Бармысың, бауырым?» хабарының редакторы Әсел Асқарқызы сол үш келіншектің бірін ДНҚ тест жасайтын лабораторияға ертіп барды. Енді нәтижесін күтіп отырмыз. Лабораторияға Жәнібек (Мұрат) те барды. Испанияға қайтқан жоқ, әзірге Қазақстанда. Бірақ бірден айтайық, көптің тілеуі, біздің басты мақсат - сонау жерден мейірімге шөлдеп келген баланың анасын тауып беру. Кей әйелдің әлемін білесіздер, қиындыққа толы. Баласынан бас тартқанда, басқа жол көрмей, жақыннан қолдау таппай, сондай шешімге баруға мәжбүр болған. Сондықтан туған анасына қатысты ауыр сөз жазбаңыздар. Иә, қателескен шығар, бірақ ол да адам. Оның да құқығы бар. Сондықтан егер ДНК тест нәтижесі бойынша кешегі келіншек баланың туған анасы болып шықса, біз ол келіншектің фотосын әлеуметтік желіден де, эфирден де көрсетпейміз, аты-жөнін де атамаймыз, құпия түрде қалады. Баласымен ғана табысады, танысады. Біз о бастан құпия болады деп уәде бердік, сол сөзімізде тұрамыз. Егер бұл келіншек баланың туған анасы болмай шықса, зерттеу жұмысы жалғасады», - деді ол.