Спорт

Қазақстанның үш хоккей құрамасы әлем чемпионатының элиталы дивизионында ойнайды

Үш құрама – жасөспірімдер, жастар және ересектер арасындағы ұлттық құрама өнер көрсету мүмкіндігіне ие болды.

Мажарстан астанасы Будапештте ұйымдастырылған шайбалы хоккейден жастар арасындағы IA дивизионының әлем чемпионаты аяқталды. Жаһандық додада бақ сынаған Қазақстан құрамасы мерзімінен бұрын біріншіліктің бас жүлдесін жеңіп алды, деп хабарлады turkystan.kz Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.

Жерлестеріміз бастапқы төрт ойында Мажарстан, Франция, Дания және Жапония құрамаларын тізе бүктірсе, соңғы матчта Аустрия жастарына булиттер сериясында есе жіберді. Жарыс қорытындысында Сергей Старыгин шәкірттері 13 ұпаймен топ жарды. Франция құрамасы – екінші, даниялықтар үшінші орынға ие болды. Ұлттық құрама қақпашысы Владимир Никитин турнирдің үздік қақпашысы атанды.

Жастар құрамасының осы жеңісінен кейін Қазақстан тарихи жетістікке қол жеткізді. Яғни, 2024 жылы өтетін әлем чемпионатының топ-дивизионында бірден үш құрамамыз – жасөспірімдер, жастар және ересектер арасындағы ұлттық құрама өнер көрсету мүмкіндігіне ие болды.
 

Еске сала кетейік, осы жылдың сәуір айында біздің жасөспірімдер құрамасы IA дивизионындағы әлем чемпионатында бірінші орынды иеленіп, элиталы топқа көтерілген болатын. Ол кезде де ұлттық құрамаға Сергей Старыгин жетекшілік еткен еді. Ал ересектер құрамасы топтық кезеңде үш рет жеңіске жетіп, элиталы топтағы орнын сақтап қалды және топ-дивизионда қатарынан төртінші жыл ойнағалы отыр.