Жаңалықтар

Қазақстанда 137 мыңға жуық науқас паллиативті көмекке мұқтаж

Себебі науқас үшін ең маңыздысы – аурудың азабын жеңілдету.

Алматыда халықаралық конференцияда бас қосқан сарапшылар күн тәртібінде паллиативті көмектің ауқымын арттыруды қарады, деп хабарлады turkystan.kz 24.kz сайтына сілтеме жасап.

Себебі науқас үшін ең маңыздысы – аурудың азабын жеңілдету.

Елімізде паллиативті көмек жүйесі әлі де қалыптасу үстінде. «20 жыл бұрынғыға қарағанда қазір жағдай тәуір», - дейді мамандар. Айықпас дертке шалдыққандарға стационарда және үй жағдайында көмек көрсетіледі.

Дегенмен бұл көмекке мұқтаж науқастардың бәрінің бірдей қолы жете бермейді.

Паллиативті көмектің негізгі бағыттарының бірі – онкологиялық ауруға шалдыққан науқастарды қолдау. Дегенмен бұл қызметке инсульт, инфаркт, өкпе аурулары, ВИЧ, СПИД, тіпті психикалық ауытқуы асқынған науқастар да мұқтаж. Заңнамалық тұрғыда арнайы бекітілген тізім жоқ. Себебі паллиативті көмекті қажет ететін жағдай өте көп, - дейді мамандар. Сондықтан онкологиялық емес, басқа да айықпас дертпен ауыратын адамдарға паллиативті көмекті арттыру – кезек күттірмейтін мәселе.

Паллиативті көмек өмірінің соңына таяған науқастарға ғана көрсетіледі деген қате түсінік, дейді мамандар. Көмек пациентке диагноз қойылған сәттен басталуы керек. Сонда науқас пен оның жақындарына қиындықты еңсеру жеңілдейді.

Алматыдағы паллиативті көмек орталығы 170 науқасқа арналған. 6 бөлімшеде түрлі ауыр созылмалы ауруға шалдыққан науқастарға көмек көрсетіледі. Дәрігерлердің айтуынша, инсульттен ауыр жағдайға түскен науқастардың 59%-і жақсы динамикамен ауруханадан үйіне шығарылған.