Қоғам

Түркістан облысында 9-сынып оқушысын өлтірген жігіттің ата-анасы сот үкіміне наразы

19 жастағы Бейбарыс қылмыс болғаннан кейін бір апта өткен соң ұсталыпты

Түркістан облысында 9-сыныптың оқушысын өлтіргені үшін 16 жылға сотталған жігіттің ата-анасы үкіммен келіспейді. Бұл туралы turkystan.kz «КТК» арнасына сілтеме жасап хабарлады.

Себебі экс-әкімнің баласы жеңіл жазамен құтылып, менің ұлым ұзақ жыл арқалап кетті дейді сотталушының анасы.
 

19 жастағы Бейбарыс қылмыс болғаннан кейін бір апта өткен соң ұсталыпты. Бірақ ол Аружан өлтірілген күні туған бауырлары және әкесімен басқа ауылда болған дейді анасы. Тіпті істі бұрмалау үшін қылмыс орнындағы бейнебақылау камерасының жазбалары да жоғалып кетті деп отыр. Ал тергеушілер мәйіттің тырнағының астынан табылған теріге тәуелсіз сараптама жасатуға қарсылық білдіріпті.

Айта кетсек, сәуір айында Төрткүл ауылында 11-сынып оқушысы мен 19 жастағы ауылдасы 9-сыныпта оқитын Аружанды өлтірді деген күдікпен ұсталған. Олар марқұмның жартылай жалаңаш фотосын әлеуметтік желіге жариялаймыз деп миллион теңге бопсалаған. Кейін Аружанның денесіне бірнеше жерден пышақ салып, мәйітті каналға ағызып жіберген. Өткен аптада осы қылмысты жасаған 19 жастағы Бейбарыс 16 жылға сотталса, 11 сынып оқушысы жеңіл жазамен құтылды. Экс әкімнің ұлына небәрі 1 жыл 4 айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Осыған ашынған Аружанның туыстары мен ауыр жаза арқалаған Бейбарыстың анасы апелляцияға жүгінбекші.