Қостанайда құбырлар жарылып, 42 тұрғын үй жылусыз қалды
№29 орта мектепте және халықаралық әуежай ғимараттарында да жылу тоқтатылған.
Қостанайда Аэропорт шағын ауданы Герасимова көшесіндегі №4 тұрғын үйдің жанында жылу құбырлары жарылды. Салдарынан бірқатар нысандар мен тұрғын үйлер жылусыз қалды, деп хабарлады turkystan.kz «Наша газета» сайтына сілтеме жасап.
«КТЭК» МКҚК-ның хабарлауынша, апатты жою жұмыстары жүргізіліп жатқандықтан мекеме аудандағы жылуды өшіруге мәжбүр.
«Жөндеу жұмыстары 20 желтоқсанда жүргізіледі. 42 көпқабатты тұрғын үйде, №29 орта мектепте және халықаралық әуежай ғимараттарында жылу сағат 12:00-20:00 аралығында сөндіріледі», - делінген хабарламада.
Айта кетейік, былтыр да бұл ауданда 2022 жылдың желтоқсанында магистральдық жылу желісі жарылған болатын.