Саясат

Жалғыз үйінен шығарып жіберуге, коллекторларға кредит сатуға шек қою: Мәжіліс жаңа заң жобасын әзірледі

Бастамалардың көпшілігі қолдау тапты, бірақ сонымен бірге кейбір тұжырымдамалық ұстанымдар бойынша, атап айтқанда, коллекторлық компанияларға қарыздарды сатуға тыйым салу бойынша Үкімет депутаттар келіспейтін және жұмыс топтарында осы норманы енгізу жөніндегі жұмысты жалғастыратын балама ұстаным ұсынып отыр.

Парламент депутаттары "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезіндегі сын-қатерді азайту және қарыз алушылардың құқығын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заң жобасын әзірледі. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында мәлім болды. Депутат Татьяна Савельева заң жобасы қарыз алушылардың құқығын қорғауға арналғанын айтты. 

Депутаттың баяндамасына сүйенсек, заң жобасында кредит төлеу мерзімі өткен азаматтарға жаңа тұтыну кредиттерін беруге тыйым салу, 90 күн өткеннен кейін барлық кредит бойынша сыйақы есептеуге тыйым салу, төлем талабын қойған кезде банк шотында кемінде 2 КД мөлшерінде ақша сақтау, кредит алудан ерікті түрде бас тартылған жағдайда азаматтардың кредиттері бойынша борышты есептен шығару, әскери қызмет кезеңіне мерзімді сарбаздар үшін сыйақысыз кредиттер бойынша міндетті кейінге қалдыруды енгізу сияқты бастамалар бар.

Одан бөлек, кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларды жылыту маусымында жалғыз тұрғын үйінен шығарып жіберуге тыйым салу, өндіріп алу нәтижесінде банктің меншігіне өткен тұрғын үйді бұрынғы иесіне (қарыз алушыға) жалға беруге мүмкіндік беру сияқты өзгерістер қарастырылып отыр.

Сонымен қатар, коллекторлық агенттіктердің қызметіне қатысты бірқатар өзгеріс енгізілмек. Мәселен, банктердің және МҚҰ-ның коллекторлық агенттіктерге азаматтардың кредиттерін сатуына шектеу қою, коллекторлық агенттіктердің сатып алынған берешекті реттеуді жүргізу міндетін енгізу көзделген.

Депутаттар бастамашылық еткен заң жобасы бойынша Үкіметтің қорытындысы 2023 жылғы 12 қарашада шыққан. Бастамалардың көпшілігі қолдау тапты, бірақ сонымен бірге кейбір тұжырымдамалық ұстанымдар бойынша, атап айтқанда, коллекторлық компанияларға қарыздарды сатуға тыйым салу бойынша Үкімет депутаттар келіспейтін және жұмыс топтарында осы норманы енгізу жөніндегі жұмысты жалғастыратын балама ұстаным ұсынып отыр.