Саясат

Мәжіліс спикері ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясының кеңесі мен XVI жалпы отырысына қатысты

Ерлан Қошанов Қазақстанның 2024 жылы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарты ұйымында төрағалығы кезеңіндегі басымдықтары жайлы айтты.

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бастаған Парламент делегациясы Мәскеуде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Парламенттік Ассамблеясы кеңесінің кезекті отырысы мен жалпы отырысына қатысты.

Ерлан Қошанов өз сөзінде Қазақстанның 2024 жылы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарты ұйымында төрағалығы кезеңіндегі басымдықтары жайлы айтты.

Басымдықтардың қатарында ҰҚШҰ-ның мүдделі елдермен және қауіпсіздік саласында жұмыс істейтін халықаралық құрылымдармен, соның ішінде БҰҰ, ТМД және Шанхай ынтымақтастық ұйымымен серіктестікті тереңдету мәселелері бар. Әскери кадрларды даярлау жүйесін, Ұйымның әскери-ғылыми және бітімгершілік әлеуетін дамыту бөлігінде нормативтік-құқықтық базаны жетілдірудің маңызы зор.

Сондай-ақ қару-жарақтың, оқ-дәрілердің, есірткінің заңсыз айналымына қарсы бірлескен жұмысты күшейту жоспарланып отыр. ҰҚШҰ жауапкершілігі аймағындағы төтенше жағдайлардың, киберқылмыстың алдын алу және олардың салдарын жою жөніндегі практикалық ынтымақтастықты дамытуға ерекше назар аударылады.

Ерлан Қошанов ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясының ұйымға мүше мемлекеттердің мүдделерін ескере отырып, ұлттық заңнамасын дамыту мен үйлестіруге қосқан үлесін атап өтті. Сондай-ақ Мәжіліс төрағасы қатысушы елдердің парламенттері арасындағы тиімді ынтымақтастықтың айқын мысалы ретінде Парламенттік Ассамблеяның тұрақты комиссияларының қызметіне тоқталды.