Елордада 2 науқасқа қазақстандық стент қойылды
Астанада №2 Көпбейінді қалалық ауруханада дәрігерлер коронарлық стент имплантациялау кезінде алғаш рет Қазақстанда жасалған стентті қолдана бастады.
Астанада №2 Көпбейінді қалалық ауруханада дәрігерлер коронарлық стент имплантациялау кезінде алғаш рет Қазақстанда жасалған стентті қолдана бастады. Жақында екі науқасқа отандық стент қойды. Мұндай ота МӘМС аясында тегін жасалады.
Жүрегіне отандық стент қойылған науқастың бірі – Айша Кәрібайқызы. Оның жасы 68-де. Өте ауыр жағдайда жансақтау бөліміне түсіп, онда 5 күн жатқан. №2 Көпбейінді қалалық аурухана дәрігерлерінің арқасында науқастың жүрегіне бірінші рет стент орнатылған, бүгінде науқастың жағдайы бірқалыпты. Емін палатада жалғастыруда. – Маған жаңа, Қазақстанда жасалған стент қойды. Ешқандай ақы төлеген жоқпын, бәрі МӘМС бойынша. Қазір жағдайым жақсы. Бәріне алғысым шексіз, – дейді 68 жастағы астаналық. Стент – қан ағымын қалпына келтіретін кішкене түтік. Қан айналымын қамтамасыз ету үшін зақымдалған қан тамырына енгізіледі. Біздің аурухана жағдайында Қазақстанда алғаш рет миокард инфаркт болған екі пациентке елімізде жасалған коронарлық стент орнатылды. Айта кету керек, бұл стент сапасы жағынан, өтімділігі жағынан шетелдік брендтерден кем түспейді. Сондай-ақ үлкен сызығы бар, бұл стенттердің мөлшері бойынша біз үшін маңызды. Алдағы уақытта отандық стент жасау өндірісі артады деген үміттеміз. Операциялардың барлығы ТМККК аясында, сондай-ақ МӘМС жүйесі бойынша науқастарға тегін жасалады, – дейді Астанадағы №2 Көпбейінді қалалық аурухананың интервенциялық кардиология және аритмология бөлімінің меңгерушісі Темірбек Жанпайызов. Коронарлық тамырларды стенттеу аз инвазивті әдіспен емдеу түріне жатады. Операция барысында тарылған қан тамырларының аймағын кеңейтетін құрылғы орнатылады. – Ауруханаға түсем дегенше, жағдайым нашарлап қалды. Бұрын да жүрегіме 2-3 рет стент қойылған болатын. Бұл жолы дәрігерлер қазақстандық стент қойды. Еш айырмашылығын сезбедім. Қазір жақсымын, – дейді екінші науқас Кәрім Жанаспаев. Айта кетейік, 2023 жылдың басынан Астана қаласында МӘМС есебінен 23 млрд теңгеден астам сомаға жоғары технологиялық медициналық қызметтер бойынша 14 000-нан аса ота жасалды. Мысалы, 2023 жылдың 10 айының қорытындысына сүйенсек, Астана қаласы бойынша 10,3 млрд теңге сомасына 1 568 кардиохирургиялық операция жасалған.