Cан қырлы қалам иесі
Жазушы соңғы жылдары Абайдың «Ескендір» дастанындағы кішігірім оқиғаны арқау етіп, трагедиялық драма жазды. Ол xалық театрларында қойылды. Жаңатас xалық театры қойған осы драма облыстық байқауда бірінші орынды иеленіп, Астанаға жолдама алды.
Жазушы, өнер зерттеушісі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері Пернебай Дүйсенбиннің биылғы 80 жасқа толған шағында қаламгерлік болмысын қаншалықты дәрежеде танып-білгенімізге шәкірті ретінде шама-шарқымызша шолуды парыз санадық.
Алдымен балаң жастың сонау одақтық «Пионерская правда» газетіне ә дегеннен суреті басылып, мақалалары жарық көре бастады. Ол күні шопан үйінде кішігірім той болушы еді. Бойға біткен білік пен талап ұшқыны келе-келе алға ұмтыла беруге жетеледі. Алыстағы ауылдан астанаға арман қуып келіп, көп студенттің бірі емес, бірегейі ретінде көрінді. Сол кездегі буыны беки бастаған қара шаңырақтың журналистика факультетіне оқуға ілігіп, қаламын ұштай түскен. «Лениншіл жас» газетіндегі (қазіргі «Жас алаш») эстетикалық «Аққу» клубында белсенді мүше ретінде өнер турасында үлкен салмақты мақалалар жарияланды. Әсіресе, алып қылқалам шеберлері жайында жазған дүниелері қарымы мен адымын анық айқындап берген. Италияндық ұлы суретші Леонардо да Винчи туралы «Сұлулық сазы», Мартирос Сарьян қақындағы «Шуаққа іңкәрлік», орыстың ұлы суретшісі Исаак Левитан жөніндегі «Үміт шапағы», мүсінші Сергей Коненков турасындағы «Қалампыр гүлі» сияқты материалдарды 70-жылдардағы оқырманға зор тыныс әкелген. Осылайша, көзі қарақты жұрттың көңілінен шыққан студент бозбаланы сол кездегі «Лениншіл жас» газетінің бас редакторы Шерхан Мұртаза Ташкенттегі қазақ перзенті, әйгілі суретші Орал Таңсықбаевқа барып, эссе жазып қайтуды тапсырады. Кейіннен «Тау мен дала жыршысы» атты үлкен мақала жарияланады. Ол бір кездегі есімі жалпақ әлемге мәшһүр, майталман суреткерден әңгіме естіп, сырласып қана жүргендіктің айғағы емес. Жалпы, сурет сырын ұғынып жазудағы шынайы маман көзімен қарайтынымен құнды. Ол кейініректеу Egemen Qazaqstan газетінде «Әнім менің», «Жалын» журналында «Орал аға туралы ой» атты кең тынысты, тебіреніске толы эсселерін жариялады. Кезінде қылқаламды жанынан тастамай сенімді серік еткенде жақсы суретші шығарына үміт те мол еді. Әрине, бар нәрсенің басын біріктіріп ұстау оңай емес. Тек біреуін қалап, қам қылу нағыз қаламгерлік қарым шығар. Дәл осы өнер әлеміне дендей енген студент бертін келе әдебиетке біржола бет бұрды. Университетті ойдағыдай аяқтаған соң, қарт ата-анасына қарайлап, аулындағы онжылдық мектепке мұғалім болып орналасты. Жас ұстаздың еңбегі дер шағында ескеріліп, Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған. Мұғалімдік үздік іс-тәжірибесін үлгі еткен кітапшалар да шығарылған. Шәкірттің танымы мен қоса, тәртібі де мектептің ішкі жүйелі жұмысы да үнемі назарда жүретін. Амал жоқ, іргелі мектептің тізгінін ұстап, ұзақ жыл директорлық қызмет етті. Пернекең ауылдан ұзаған адам емес. Кейіпкерлері де, кішкентай достары да қарасирақ ауылдықтар. Жазушы оларды жақсы түсінді. Нәтижесінде, балалар әлеміне сан сапар шегіп, шымыр шығармалар әкелгені белгілі. Алғашқы «Жұмбақ жұлдыз», одан кейінгі «Кішкентай генералдар», «Елгезек ертегілер елінде» жинақтары – соның айқын айғағы. Иә, «Жалынның» жабық бәйгесінің төрт дүркін жүлдегері атанған Пернебай Дүйсенбин – балажан жазушы. Кезінде «Жалын» баспасынан «Өркен» сериясымен шыққан «Жұмбақ жұлдыз» кітабы әдеби жыл қорытындысында да балалар әдебиеті секциясына талдап, талқылауға жіберілген еді. Бұл түбегейлі қателік болатын. Бұл жинақтағы «Жұлдыздар неге жылайды?» және «Сол бір асу...» повестері балалар түсінігіне ауыр шығармалар санатына жататын. Талқылау барысында жазушының әдебиетке үлкен дайындықпен келгенін атап көрсетсе де, бейнелеу тәсілдері балалар ұғымына сәл ауырлау екені ескертілді. Жазушының шеберлігі сонда, ол жеті жасында кенеттен жабысқан ауыр кесел салдарынан тіл мен құлақтан айырылады. Міне, осы он үш жатағы тілсіз Тайжанның көзімен, сезім түйсігімен қарапайым қазақ ауылына қанды соғыс түсірген ауыр салмақты жан-тәнімен сезінуін қаламгер шебер бейнелейді. Туған ағасының қайғылы маxаббатын, соғыс салған жараның ауыр зардабынан қаза болуын жан-жүрегімен сезінуін автор тереңінен сипаттайды. Сондықтан да белгілі сыншы Гүлзия Пірәлиева бұл шығарма туралы оның қазақ әдебиетіндегі лирикалық жанрда жазылған ең сәтті туындысы деп бағалайды. Көрнекті жазушы Кәдірбек Сегізбаев повесть туралы былай деп жазады: «Сөйтсек, үнсіздікпен өтіп жатқан өмір суреттерінің себебі бас кейіпкеріміздің жеті жасында қатты ауырып, сөзден қалған мылқаулығында, құлақтан қалған саңыраулығында екен. Әдебиетімізде бұрын-соңды кездеспеген жазушы ізденісінің тың соқпағы – Тайжан бейнесі де жүректі елжіретер ерекше образ. Тайжан ештеңені естімеген соң, автордың да тек көзбен көргенді суреттеуі, айналаны түгелдей тым-тырыс тыныштыққа бөлеуі – бұл да табылған тәсіл, ешкім жазбаған нұсқа. Әттең, грузин ағайындардың үнсіз фильмдері сияқты кино түсірер ме еді деген ойға келесің. Алайда «Кімнің қандай шығармалары бар екен?» деп оқитын, ізденетін біздің киногерлер жоқ қой шіркін... Олар не іздесе де, Батысқа қарай береді». Ал филология ғылымдарының докторы Сәмен Құлбарақ «Сол бір асу...» xикаятының көркемдік ерекшелігін, автордың сюжет құру, кейіпкер келбетін сомдау шеберлігін, тілдік бояуының қанықтығын «Айтары бар жазушы» деген сын мақаласында ерекше атап көрсетті. Төрт повестен тұратын «Кішкентай генералдар» кітабын бүгінде білмейтін бала жоқ. «Кішкентай генералдар»... Бұл өзі тілі де жатық, құрылымы да қарапайым шығарма. Онда таза ауыл балаларының бүкпесіз өмірі өрнек тапқан. Негізгі ойлар шағын тақырыпшалар арқылы тарауларға топтастырылған. Алтыншы класс оқушылары Әділ, Өмір, Болат үшеуінің каникул кезінде кешкен хикаялары қызғылықты оқиғаларға өзек. Мұндағы шынайы диалогтар, психологиялық түйіндеулер және үнемі қозғалысқа құрылған кейіпкерлер бейнесі ширақтығымен келісті. «Сары сөмке және достары туралы ертегі» атты повесть қазақ прозасындағы аталған жанрға үлкен жаңалық ретінде енді. Бұрнағыдан келе жатқан ертегілерімізден туындының айырмашылығы – ойы алғыр, қиялы ұшқыр өзіндік ерекшелігімен есте қаларлық дүние екенінде. Кейіпкерлері де көнеден келе жатқан Тазша бала, хан не уәзір, сондай-ақ қорқақ қоян, алдампаз түлкілер емес, күнде ұстап жүрген кәдімгі сары сөмке, бояу қарындаштар, сурет салатын қағаз және басқалар. Оқиға солардың арасында қызғылықты өрбіп, оқырманын желпінте жетектейді. Ертегі үйреншікті болмағандықтан, тосын көрінуі әбден мүмкін. Тез баурап алар бір сиқыры тартымдылығымен тәнті етеді. «Қайсар қара қарындаш туралы хикая» жөнінде жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұхтар Мағауинның білдірген пікірі мынадай: «Бұл қара қарындаш пен ақ альбомның» бастан кешкендері – әдемі ертегі. Ара-тұра ұшырасатын кібіртіктер өңдей келе жөнделіп кетсе, бұл хикая қазақ балалары үшін ең қызғылықты кітаптардың біріне айналар еді». Бұған алып-қосарымыз жоқ. Тек, мұны қаламгердің қазақ прозасының шағын жанрына тосын бетбұрысы деп білеміз. П.Дүйсенбиннің 1979 жылы «Жұлдыздар неге жылайды?» деген лирикалық повесі «Жалын» журналында жарияланды. Содан кейінгі жылдары жарық көрген «Жұмбақ жұлдыз», «Кішкентай генералдар», «Ән салыңызшы, Әке», «Елгезек ертегілер елінде» атты кітаптары оқырман ықыласына бөленді. Сонымен қатар тарихи танымдық «Шежірелі Сарысу», «Үркердей болып көшкен жұрт...», «Сарысунама», «Күлкі күмбезі», «Шуақты белес», «Ертегілер еліне саяхат», «Шуақты еді жүрегі», «Тектінің тұяғы еді», «Күй абызы – Ықылас» атты деректік еңбектері жарыққа шықты. Осы еңбектері үшін Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитеті, Қазақстан Жазушылар одағы, Қазақстан ЛКЖО ОК мен республикалық «Жалын» баспасы бірлесіп өткізген жабық бәйгесінің 1979, 1980, 1981, 1986 жылдардағы жүлдегері атанды. 1994 жылғы республикалық «Балауса» баспасының, 1996 жылғы «Парасат» журналының лауреаты. Оның республикалық бәйгелерде алған повестері төрт конкурстық жинаққа енгізіліп, Алматыдағы «Жалын» баспасынан жарық көрді. 2013 жылы Халықаралық «Дарабоз» бәйгесінің II жүлдесін, Жамбыл облыстық «Үздік журналист» конкурсының І жүлдесін иеленді. П.Дүйсенбиннің сан қырлы талант иесі екенінің және бір мысалы мыналар: «Шежірелі Сарысу» деректі фильмін дайындап, оның авторы әрі продюссері болды. Туған жері – Сарысу ауданына елтаңба тарту етті. Жазушының «Қос қыран» (Панфилов пен Бауыржан) атты үлкен картинасы Жуалы ауданындағы батырдың мемориалдық мұражайының төрінен орын алды. Пернебай Дүйсенбин 1999-2007 жылдары Сарысу аудандық мәслихатының екі мәрте депутаты да болып сайланған. Және де Сарысу ауданының құрметті азаматы. 2015 жылы Халықаралық «Дарабоз» бәйгесіне қатысқан 533 автордың арасынан суырылып шығып, «Есен-сау жүріңізші, Асыл ата» шығармасы Гран-при жүлдесін еншіледі. Артынша, бұл кітап мемлекеттік тапсырыспен «Дәуір» баспасынан әсем безендіріліп шығарылып, кітапxаналарға таратылды. Жалпы, жазушы әр кезеңде «Жалын», «Балауса», «Дарабоз» әңгіме жанры бойынша жарияланған республикалық конкурстарында сегіз мәрте жүлдегер атанды. Соңғы жылдары П.Дүйсенбин әңгіме жанрында белсенділік танытты. Республикалық газет-журналдарда онға жуық әңгімесі жарияланды. Оның әңгіме-тәмсіл түрінде жазған «Үшем», «Ұйқы», «Операция» секілді әңгімелері өзіндік бейнелеу тәсілінің ерекшелігімен көзге түседі. «Үшем» әңгімесінде ана құрсағындағы жатқан үшеудің бастан кешкен оқиғаларын, сезімдерін, түйсінулерін әңгіме жанрындағы тың ізденістері үшін қуанасың. «Антибахусия» әңгімесін оқығаныңызда қарапайым еңбек адамының ауыспалы аласапыран кезеңде бастан кешкен оқиғалары адам жанын еріксіз тебірентіп, өн бойыңа әрі өкініш, әрі күйініш сезімін ұялатады. «Жетінші купе» әңгімесінде де аядай бір ғана купе ішінде кездейсоқ жолыққан жолаушылардың бастарынан кешкен оқиғаларынан, әңгіме-сырларынан өмірде қалыпты көрінетін, бейбіт мамыражай көрінетін көрініс, құбылыстардың астарында қоғамның небір кеселді деректерінің бітеу жара болып меңдей түскен небір xикметтері шынайы бейнеленеді. Жазушы соңғы жылдары Абайдың «Ескендір» дастанындағы кішігірім оқиғаны арқау етіп, трагедиялық драма жазды. Ол xалық театрларында қойылды. Жаңатас xалық театры қойған осы драма облыстық байқауда бірінші орынды иеленіп, Астанаға жолдама алды. Жазушы 2021 жылы ақтөбелік Мұсағали Тасқалиевпен бірігіп «Ұлт батырлары» кітабын шығарды. Онда қаламгер Кеңес Одағының Батыры атағын алған қазақтар туралы танымдық дүниені қазақ оқырмандарына ұсынды. Бұрын 97, 98 батыр төңірегінде әңгіме болса, қазір олардың 103-ке жеткенін, кейініректеу 105-ке жеткенін Egemen Qazaqstan газетінде жарияланған мақаласында атап көрсетті. Жуырда жазушы «Өмір-иірім» атты роман-мозаикасын аяқтаған болатын. Автордың роман-мозаика деп атауының астарында ерекше мән бар екенін жаңа шығармамен танысу үстінде зерделеріміз анық. Сексеннің сеңгірінде оқырманына жаңа туынды тарту етіп жатқан жазушы Пернебай Дүйсенбиннің шығармашылық ғұмыры табыстың шыңына жетіп, ақылман ұстаз тұлғасы биіктей берсін!
Болатбек Төлепберген