T-Newspaper

Қазақ көші елге ел қосты

ашық дереккөз

Сонау 1991 жылдан бері жүргізілген кө­ші-қон саясаты қазіргі экономикамызда маңызды орын алады. Тәуелсіздік алғалы бергі 32 жыл ішінде Қазақстан тарихында көші-қон сая­саты негізгі 3 кезеңді бастан өткерді.

«Бос жатқан жер жау шақырады» дейді қазақ. Әсіресе, қазіргі геосаяси жағдайда етек-жеңімізді қымтай түсуге тиіспіз. Қ.Тоқаев: «Қандастардың көшіп келуіне және ішкі миграцияға қатысты саясат тү­бегейлі өзгереді. Бұл орайда демог­ра­фия­лық және экономикалық үрдістерді ес­керу керек. Сондай-ақ жалпыұлттық мүд­дені басшылыққа алу өте маңызды», – деді. Кезінде Үкімет ішкі миграцияға талдау жа­сап, оңтүстіктегі халықтың бір бөлігін жә­не қандастарды ШҚО, СҚО, Павлодар және Қостанай облыстарына көшіру кере­гін анықтаған. Егер бұл мәселе ше­шілмесе, 2050 жылға қарай солтүстіктегі жан саны 1 миллион адамға қысқарып, оң­түстікте 5,2 млн-ға артады екен. 

Қазақстанға барлығы 1 млн 123,5 мың қазақ оралған 

Қазақстан 1991 жылы Дүниежүзі қазақтары­ның құрылтайын өткізу туралы мәселе көтеріп, сол жылы 18 қарашада Қазақ КСР Министрлер Кеңе­сінің «Басқа республикалардан және шет­елдерден селолық жерлерге жұмыс істеуге тілек біл­діруші байырғы ұлт өкілдерін Қазақстанда қо­ныстандырудың тәртібі мен шарттары туралы» Үкімет қаулысы қабылданды. Сөйтіп, алыс-жақын ағайынды атажұртқа жинауға мүмкіндік беретін заң­ды құжат та Тәуелсіздікпен тұстас дүниеге ке­ліп, этностық көші-қонға нақты жол ашылған бо­латын.  2023 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 16 408 этни­калық қазақ тарихи отанымен та­бысып, қандас мәртебесін алған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мә­ліметіне сүйенсек, 1991 жыл­дан бері рес­публикаға 1 млн 123,5 мың этникалық қазақ орал­ған. Алайда ресми статистикаға үңілсек, соң­­ғы 10 жылда аза­ма­ттық алған қандастар са­ны бір кө­бейіп, бір азайып отырғанын бай­қаймыз. Қазақ­станға шет­елден қоныс аударған қандастар саны: • 2012 жылы – 39 401 адам • 2016 жылы – 33 000 адам • 2017 жылы – 18 605 адам • 2018 жылы – 14 541 адам • 2019 жылы – 17 661 адам • 2020 жылы – 13 046 адам • 2021 жылы – 17 540 адам • 2022 жылы – 15 637 адам Министрліктің мәліметі бойынша, жыл ба­­сынан бері Қазақстанға келген қан­дас­тар­дың жар­тысы (53,7 пайызы) Өзбекстаннан, 19,3 пайы­зы – Қытайдан, 10,9 пайызы  – Моң­ғо­­лиядан, 7,7 пайызы – Ресейден, 6,3 пайызы – Түрікменстаннан және 2,1 пайызы басқа ел­­дерден атажұртына орал­ған. 

Қазақ көшінің тарихи кезеңдері 

Сонау 1991 жылдан бері жүргізілген кө­ші-қон саясаты қазіргі экономикамызда маңызды орын алады. Тәуелсіздік алғалы бергі 32 жыл ішінде Қазақстан тарихында көші-қон сая­саты негізгі 3 кезеңді бастан өткерді.  Көші-қонның бірінші кезеңі 1991-2000 жыл­дар аралығын қамтиды. Ұлы көштің басы КСРО-ның ыдырауы, әкімшілік режимнің ауы­суы­­мен әрі елдегі әлеуметтік-экономикалық жағ­дайдың нашарлауымен қатар келді. Ел етек-жеңін жинап үлгермеген елең-алаң кез еді. Соған қарамастан 1993 жылы қазақтардың кө­шіп келуінің бірінші жылдық квотасы бел­гі­ленді. Ол 10 мың отбасы немесе шамамен 40 мың адам болатын. 1993-1994 жылдары бас­тал­ған экономикалық дағдарыс көші-қонға бі­раз салқынын тигізді. Дабырамен басталған көш бір мезгіл саябырлап, тіпті кейбір қандас­тар өз елдеріне қайта көшіп кетті. Тек 1995 жылдан бастап қазақ көші түзелді. 1996 жылы «Шет елдегі ағайындарға қолдау көрсету тура­лы мемлекеттік бағдарлама» және 1997 жылы қа­былданған «2000 жылға дейінгі көші-қон сая­сатының негізгі бағыттары» туралы құ­жат­тар жасалды. Осы кезеңде елдің демографиялық бет-бей­­несі де бірқатар өзгеріске ұшырады. Көші-қон процестерінің әсерінен халық саны 1991 жы­лы 16,5 млн адамнан 2000 жылы 14,8 млн адам­ға дейін күрт төмендеген болатын. Туу дең­гейі мың адамға шаққанда 14,9-ға дейін тө­мендеді, керісінше, өлім деңгейі 10,6-ға дейін өсті. Осы тұста мемлекеттік көші-қон саясаты эт­­­никалық қазақтарды репатриациялауға ба­ғытталды. Көші-қон процестерін реттеу ен­дігі жерде заңнамалық құжаттардан көрініс тап­ты. Мысалы, 1995 жылы қазақ диаспорасын қол­даудың мемлекеттік бағдарламасы бекі­тілсе, 1997 жылы «Халықтың көші-қоны ту­ра­лы» Қазақстан Республикасының алғашқы заңы қазақ тілінде жазылып, қабылданды. Заң не­гізінде сырттағы ағайынға құқықтық мәр­тебе беріліп, республикалық бюджеттен ата­ме­кенге оралуы үшін қаржылай қолдау жа­са­латын болды. Соңыра Көші-қон және демог­ра­фия агенттігі құрылды. Ал 1998 жылы эт­ни­калық қазақтарды тарихи Отанына қай­тару тұжырымдамасы қабылданды. Көші-қонның І кезеңінде Қазақстанға жал­пы саны 176 мың адамнан тұратын 41 мың отбасы оралған: Моңғолиядан – 63,5 мың, Ираннан – 4,8 мың, Түркиядан – 2,4 мың ТМД елдерінен 103 мың адам.  Қазақ көшінің екінші кезеңі 2001-2010 жыл­дарды қамтиды. Бұл кезең еліміздің эко­но­микалық өсуімен, әлеуметтік-саяси қайта құрумен және реформалардың қабылдануымен қатар келді.  Ана мен баланы қолдау, кедейлікті азайту, аз қамтылған отбасыларға атаулы әлеуметтік кө­мек көрсету, сондай-ақ этникалық қазақ­тар­дың репатриациясына мақсатты түрде ба­ғыт­талған мемлекеттік бағдарламалар елдің де­мографиялық көрсеткіштеріне оң әсер ет­пей қоймады.  Аталған кезеңде халық саны 16,4 млн адам­ға жетті. Бала туу көрсеткіші өсті, өлім-жі­тім деңгейі айтарлықтай төмендеді және эт­никалық қазақтардың елге оралуы (ша­ма­мен 1 млн адам) есебінен халық саны 1,5 млн адамға ұлғайды.  Қазақ көшінің ең шарықтау тұсы – 2002-2006 жылдар аралығы. Аталған 5 жыл ішінде 384 106 қандас атажұртына оралған екен. Көр­сеткішті беске бөлсек, сонда жылына 76 821 адам ата қонысына қайта оралған.  Ішкі көші-қонның жандануы ел халқының ірі қалаларға жаппай көшуінен байқалды. Ал қан­дастарды оңтүстік өңірлерге ерікті түрде қо­ныстандыру елдегі демографиялық тең­ге­рім­­сіздік мәселесін ушықтырды. Бұл мәселені ше­шу мақсатында ІІ кезеңде Қазақстан Рес­пуб­ликасының Көші-қон саясатының 2001-2010 жылдарға арналған жаңа бағдарламасы, Қазақстан Республикасының Көші-қон сая­сатының тұжырымдамасы және Қазақстан Республикасының Ауылдық аумақтарын дамытудың 2004-2010 жылдарға арналған мем­лекеттік бағдарламасы қабылданды. Бұл құжаттарда алғаш рет ерекше қолайсыз елді ме­кендердің тұрғындарын көшіру және этни­калық қазақтарды тартуға квотаны 20 мың отбасына дейін ұлғайту көзделді.  Қазақ көшінің үшінші кезеңі 2011-2022 жыл­дар аралығын қамтиды. Бұл жаһандану про­цесімен тұспа-тұс келді. Сыртқы әлеу­мет­тік және экономикалық факторлардың басым әсе­рін айқындады, этникалық репатриация көр­сеткіштері төмендеді және білікті кадр­лар­дың елден кетуі күшейе түсті.  Алайда табиғи және көші-қон өсімінің ар­қасында Маңғыстау облысында халық саны 2019 жылдан бастап 2022 жылғы қыркүйекке дейін – 12,0 пайызға, Атырау облысында – 8,6 пайыз­ға, Жамбыл облысында – 7,9 пайызға, Ал­маты облысында – 7,6 пайызға, Ақтөбе об­лы­сында – 6,3 пайызға өсті. Халықты қоныстандырудың өңірлік дис­пропорциясы ішіндегі мәселелерді шешу жө­ніндегі шаралар 2011-2021 жылдар ара­лығында іске асырылған жұмыспен қамту бағ­дарламалары шеңберінде нақтыланды. Аза­маттарды еңбек тапшылығы бар өңірлерге қо­ныстандыруда тұрғын үй құрылысының са­па­сы, бейімделу қызметтерін көрсету жө­нін­­дегі шаралардың жеткіліксіздігі бойынша проб­лемалар туындады, бұл қоныс ауда­ру­шы­лар өңірден көшуіне әкеп соқтырды. 

Көштің саябырсуына не себеп?

Соңғы бірнеше жылдың көлемінде қан­дастар көші саябырсып қалды. Кө­ші-қон туралы 2023-2027 жылдарға арналған Тұ­­­жырамдамада қандастар көшінің бәсең­деуі­не «әлеуметтік-экономикалық факторлар» се­беп болды деп жазылған. Бірақ 90-шы жыл­дар­дың өзінде, жағдайымыз әлдеқайда мүшкіл кез­де көш бұлай тоқырамап еді... Түрлі дерек бойынша қазір шетелде 5-6 млн. шамасында қазақ бар. Яғни, үлкен бір бөл­шегіміз шекара сыртында қалды деген сөз. Жо­ғарыда келтірілген статистикалық дерек­тер­ден бір жылда атажұрқа қоныс аударған ха­лық санының аз екенін көріп отырмыз, осы орай­да сырттағы елге оралуға ниетті қазақ­тар­дың Отанына оралуы алдағы 5-10 жылдық­та шешіле қоятын мәселе емес. Бұл процесс тіп­ті ғасырларға созылуы мүмкін. «Көш жүре тү­зеледі» деп отыра береміз бе әлде мигра­ция­ның қарқынын арттырамыз ба?  – 1993-2021 жылдар аралығындағы бө­лін­ген квота кестесіне қарасақ, адам саны 100 есе­дей азайып кеткен. 1993 жылы енді ел бо­лып, есімізді жиып, етегімізді жауып жатқанда 60 мыңдай (10 мың отбасы), 2009 жылы 100 мың­нан аса адам (20 мың отбасы) қабылдаған Қа­зақстан ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығында 1 426 адамға ғана квота бөлді. Осыншама, бұ­рынғы межеден 100 еседей азайып, анти-ре­кор­дқа жететіндей басымызға не күн туды? – деген болатын депутат Қазыбек Иса.  Оның айтуынша, бәріне кедергі кезінде көш­­ті жандандырған Көші-қон агенттігінің жойылып, миграциямен айналысу әр ми­нистр­лікке, квотаға ұсыныс беру әр облыс әкім­шілігіне берілгенінен болып тұр. «Әкімдер шет­елдегі қандастарымызды шақырудан, олар­ды орналастырудың қиындығынан қа­шып, елдің ырысын емес, жанының тыныш­ты­ғын ойлап отырғандықтан, барлық облыс­та квота бөлу күрт төмендеп кеткен. Мы­салы, Атырау мен Батыс Қазақстан облыстары 2017-2021 жылдары бес жыл қатарынан квота бөлу­ге бір де бір адам ұсынбаған. Ол облыс­тар­ға еліміздің сртатегиялық мақсаты – хал­қы­мыздың санын қандастарымызбен көбей­ту­дің қажеті болмағаны ма? – дейді Қазыбек Иса adyrna.kz сайтында жариялаған мақала­сында.  Қоғам белсенділері баяулаған көшті Де­мог­рафия және көші-қон жөніндегі Агенттік құру арқылы қайта қолға алуды ұсынып ке­ле­ді. Сондай-ақ қандастарды қабылдау квота­ла­рын жылына 20 мың отбасыға жеткізу керегін айтады. 

Кедергісі көп жол

Қандастарымыздың азаматтық алу мәсе­ле­сі күрделеніп тұр. Ресей, Израиль сынды мем­лекеттерде азаматтық алу біздегідей қиын емес. Ол үшін бір ғана құжат талап етіледі екен, сәйкесінше мәселелері де тез шешіледі. Ал біздің елімізде азаматтық алу үшін 48 құ­жат жинау керек екен. Құжаттың барлығын жи­наймын дегенше бірінші анықтаманың жа­рамдылық мерзімі өтіп, азаматтардың жүй­кесі жүн болатыны анық. Әр анықтаманы са­тып алу керек екенін айтпаса да түсінікті. Сон­дықтан қандастар үшін құжат санын шек­теп, азаматтық берудің жолын жеңілдету елге ел, төлге төл қосары анық.  Тағы бір кедергі – қазақтың өзін қазақ еке­нін дәлелдеу, оны құжат жүзінде рә­сім­деу­дің қиындығы. Сонымен қатар атамекеніне қай­та оралғысы келетін қандастың елімізде туы­сының бар болуы керек деген талап та бі­раз бауырымызды сарсаңға салып отыр. Осы қиындықтарды еңсеріп, әупірімдеп аза­мат­ты­ғын алып, туыстарымен қауышқан қан­дас­тар­ға ендігі жерде күн көру мәселесі мұңға ай­на­ла­ды. Әкімдіктен жайылымға жер сұраса, ма­лың жоқ деп бермейді. Мал алайын десе, банк кредит бермейді, жұмысқа орналасайын де­се дипломы жарамсыз немесе орыс не ағыл­шын тілін білмейді.  2021 жылы Үкімет Ираннан 53 қандасты Сол­түстік Қазақстан облысының Шал ақын ауда­нына көшіріп әкелді. Бірақ олар іле-шала кері қайтамыз деді. Бес-алты отбасы қайтып та кетті. Себебі жергілікті билік квота бермей­ді, жұмысқа орналастырмайды, үйлері де са­па­сыз. Бұл – бір ғана мысал. Әттең... Теріскейде қа­­зақтардың үлес салмағы өссе, эконо­ми­ка­ның еселенгені өз алдына, бірқатар саладағы сая­си ұстанымдарды қайта қарауға болар еді. Қа­лың қазақ қара ормандай иін тіресіп отыр­са, ешкімнің «құқығын» таптамай, ешкімнің қас-қабағына жалтақтамай, маңызды мәсе­ле­лер өз-өзінен табиғи жолмен шешілер еді. Қандастар көшін жаңғыртудың жаңаша тә­­­сілдері енгізілген тұжырымдаманы Үкімет был­тыр мақұлдады. Аталған тұжырымдаманы Ең­бек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистрлігі «Елімізге білікті кадрлардың келуін ын­таландыруға, шетелде жұмыс істейтін қа­зақ­стандықтардың құқығын қорғауға және өңір­лер арасындағы демографиялық теңгерім­сіз­дікті жоюға және жалпы көші-қон саясатын тиім­ді «жаңғыртуға» бағытталғанын» мәлім­деді.  Өзін «қазақ» деп көрсетіп, Қазақстанда «қан­­дас» мәртебесін алғысы келетіндер көп. Биыл­­дан бастап Қазақстан азаматтығын ал­ғысы келгендер, оның ішінде қандастар да қа­зақ тілінен емтихан тапсыра бастады. Әсі­ре­се, құжатында ұлты көрсетілмеген ре­пат­риант­тар міндеттеледі. Тіл жанашырларының өзі бұл өзгеріске қарсы шығып жатыр. Шы­нын­да да, қазақ мектебінде оқымаған, қазақ тіл­ді ортада өмір сүрмеген адамның не жа­зы­ғы бар? Алайда Еңбек министрлігі олардың әр­қайсына генетикалық сараптама жасай ал­майтындықтан осындай қадамға барып отыр­ған секілді. 

Абзал САПАРБЕКҰЛЫ,  «Отандастар қоры» ҚеАҚ президенті:

Білім саласын негізгі бағытқа айналдыру керек

– Елімізде шет­елде тұратын этни­ка­­лық қа­зақтар үшін төрт негізгі білім беру бағ­­дар­ла­масы бар. Олар: тек шетелдегі этни­ка­лық қа­зақтарға ар­налған ЖОО-лар база­сын­дағы дайындық курс­тары (жыл сайын 1 300 грант), ба­калав­риат­­та оқу үшін мем­ле­кет­тік 4 пайыз­дық кво­та (жыл сайын 3 000-ға жуық грант), кол­ледждерде оқу үшін мем­ле­кет­тік 4 пайыз­дық квота (жыл сайын шамамен 5 000 грант), сон­дай-ақ, жалпы шетелдіктер үшін бака­лав­риат, магистратура және докто­ран­турада оқу­ға арналған стипендиялық бағ­дарлама (жыл сайын 550 грант). Аталған бағдарла­ма­лар­ға негізінен Моңғолия, Қытай, Өзбекстан, Иран Ислам Республикасы, Түр­кіменстан, Тә­­­­жікстан, Қырғыз Республикасы және Ре­сей­ден келген қандастар қатысады. Оның ішінде, Моң­ғолия мен Өзбекстандағы қан­­дас­та­ры­мыз үшін қазақстандық бағ­дар­ла­­малар өте жо­ғары сұранысқа ие болып отыр. Себебі тек осы елдерде ғана қазақ ті­лін­де білім беретін мек­тептер жұмыс істейді (Өз­бекстанда – 370 мек­теп, Моңғолияда – 43 мек­теп). Қазақстанға оқу­ға түс­кісі келетін эт­никалық қа­зақтар са­ны жылдан жыл­ға ар­тып келеді. Алайда оқу­ға тү­с­іп жатқандардың саны ке­рісінше тө­мен­деуде, нақ­тырақ айтсақ, жыл сайын ЖОО-ға гранттық негізде оқу­ға түсетін қандастардың са­­ны орташа есеппен 800-ді құ­райды. Бұл – жал­пы гранттың ша­мамен бар-жоғы 30 пайы­зы. Оның бірнеше себебі бар. Соларға арнайы тоқ­талып өткім келеді.  Дайындық бөлімінде (шамамен жылына 1 300 бала оқиды) оқыған тү­лектің ҰБТ-дан өте алмауы (кем дегенде 50 пайыз) – дайындық бө­лімдеріндегі оқыту дең­гейінің жеткіліксіз еке­нін көрсетеді. Шын­туайтқа келгенде, 11 жыл­дық қазақстандық мектеп бағдарламасын шет­елдің өз бағдарла­масымен оқып келген ба­ладан 9 айда біліп шығуын талап ету қан­ша­­­­лықты дұрыс? Мемле­кеттік квота шеңберін­де қандастарға бөлініп отырған қаражат то­лық игерілмей отыр. Со­нымен қатар дайындық бө­лі­мінде оқыған жас­тардың тек жартысының ЖОО-ға түсуі бө­лінген қаражаттың тиімді иге­­­ріл­мей отыр­ғанын көрсетпей пе? 1 адамға – 340 мың теңге бөлінеді деп есептегенде, 1 000 адамға 340 млн тең­ге қаражат бөлінеді. 1 000 адам­ның тек 30-40 пайызының оқуға түсуі – 200-210 млн теңгенің тиімсіз жұмсалғанын көр­сетеді. Сонымен қатар оқуға келген қан­дас­тарға әлеуметтік пакет (медициналық сақ­тандыру, тегін жатақхана, тілдік курстар) ұсы­нылуы керек. Орташа бір мемлекет бір баланың 18 жас­қа дейін өсіп, білім алуы үшін кем дегенде 1 млн АҚШ доллар шығындалады екен. Сон­дық­тан, адамға инвестиция ретінде қарасақ, Қа­зақстанға келуге дайын қандастарды тарту ар­қылы инвестиция тартқан болып сана­ла­мыз. Жалпы әр мемлекет 16-17 жасқа дейін ба­ланы өсіріп, білім беру үшін қыруар қаражат жұм­сайды. Біз жас жұмыс күшін елге ең тиімді жол­мен тартқымыз келсе, онда 4-5 жылда ма­ман болуға дайын қандас жастарды тар­туы­мыз керек. Оқуға келген қандас жастардың ба­сым бөлігі Қазақстанда қалып азаматтық ал­ғысы келеді. Оқуға келіп, Қазақстан аза­мат­тығын алған қандастардың атажұрты, туған же­рі үшін демографиялық, экономикалық тұр­ғыдан да пайда әкелетіні айтпаса да түсі­нік­ті.  «Отандастар қоры» өз кезегінде қандас та­лапкерлер үшін ҰБТ-ны алып тастап, ор­ны­на Болон процесі желісімен стипендиялық бағ­дарламаның ережелері бойынша шетелдік аза­маттар үшін қолда­ныстағы тәжірибемен оқу­ға қабылдауды ұсынып келеді. Яғни, сөй­лесу және білімділігі мен біліктілігі жеткілікті еке­­нін қолда бар құжаттармен тексеру ар­қы­лы. ҰБТ-ны алып тастаған жағдайда дайын­дық бөлімінің оқыту жүйесін тек қазақ тілі курс­тарын жүргізетін бөлімге ауыстыру қажет. Се­бебі Қытай, Иран Ислам Республикасы және та­ғы басқа елдерден келетін қандас­тары­мыз әліп­биден бастап үйренетіндіктен, басқа пән­дерді игеру біраз қиындық тудырады. Сон­дық­тан тек қандастар ғана қатыса алатын сти­пен­дия­лық бағдарлама жасау керек. Қара­жатты қа­зір толық игерілмей отырған мем­лекеттік 4 пайыздық квота үлесінен алуға болады. Осы рет­те үкіметаралық гранттардың да маңызы зор. Мәселен, Қазақстан мен 10 мемлекет өза­ра келісімшартқа отырып, үкі­метаралық грант­тарды қандастарға үлестірсе де болады. Бұл да бір ұсынысымыз.  Бағдарлама арқылы шетел универ­ситет­терінде оқитын қандас­тар­дың қазақстандық ЖОО-ларға 1-2 семестрге оқуға келу мүм­кін­дігін қарас­тыру керек. Бұл әсіресе Еуропа ел­де­рінде тұратын жастарды елімізге тартуға мүм­кіндік береді. Қазақ балаларын тек бака­лавр емес, магистратура, докторантураға қа­был­дау жоспарын кеңейтіп, грантқа түсуде, жұ­мысқа орналасуларына жағдай қарасты­рыл­са тіпті жақсы болар еді. Қандас студенттердің Қазақстан үшін пай­дасы ұшан-теңіз. Қазақстандық ЖОО-лар­да шетелдік студенттердің үлесі өседі. Бұл – уни­верситеттің халықаралық рейтингтегі ор­нын жақсартатын негізгі критерийдің бірі. Қа­зақстандық жоғары білім туралы ақпа­рат пен тәжірибе шетелде кеңінен тара­ла­ды. Себебі қандас студенттер өз еліне барғанда Қа­зақстанда оқып жатқаны туралы айтып, жер­гілікті халық арасында қызығушылықты оя­тады;  Жастар – кез келген мемлекеттің ада­ми капиталы. Осыны түсінген Ре­сей сияқты көрші елдер 2024 жылы 30 мың грант бөліп, қарапайым емтиханмен түлектерді оқу­ға қабылдап жатыр. Біз кеткен жас­тар­дың орнын Қазақстанға келуге дайын қан­дастарды тарту арқылы ұтамыз. Оқуға ке­ліп, Қазақстан азаматтығын алған қандас­тар­дың атажұрты, туған жері үшін демог­ра­фия­лық, экономикалық тұрғыдан да пайда әке­летіні айтпаса да түсінікті. Жалпы бұл мә­селе 11 қазанда Астанада әлемнің 30-дан ас­там елінен келген 200-ге жуық қанда­сы­мыз­дың қатысуымен өткен Отандастар Форумында ең өзекті мәселелердің бірі болды. Сондықтан бұл мәселені өз игілігіміз үшін шешу – басты міндет.

Болат КЕРІМБЕК,  Мәжіліс депутаты:

Жаңа тұжырымдама санға емес, сапаға мән береді

– Шетел қазақ­та­­рын тарихи Ота­ны­на ша­қыру жоба­сы стара­тегия­лық тұрғыда өзін-өзін ақтады. 90-жылдары КСРО құрамындағы 15 мем­лекет өз Тәуелсіздігін алды. Алайда осы 15 республи­ка­ның ішін­де Қазақстан ғана ба­тыл қадамға ба­рып, шетелдегі ағайындарды, бауыр­лас қан­дастарымызды елге шақырып, кейін арнайы агент­тік құрылып, қаржы бөлі­ніп, бағдар­ла­ма­лы түрде құжат қабылдап, мақ­­­сатты түрде үл­кен саясат жүргізді. Соның ар­­қасында 1 мил­лионнан ас­там бауырымыз Қа­зақстанға ке­ліп қоныс теуіп, бүгінгі таңда ел­дің де­мо­графия­сына да, эко­номикасына да үлкен үлес қо­сып отыр. Сол тұста халықтың саны 16 мил­лионнан 14 миллионға түсіп кет­кен бола­тын. Соның ішіндегі қазақтардың са­ны әсіресе солтүстік өңірлерде тіпті аз бола­тын. Сол­түс­тік Қазақстан, Павлодар, Қостанай, ШҚО-да өзге ұлттардың саны 50 пайыздан жо­ғары бол­ды. Қазақстандағы өзге ұлттардың кө­бісі Гер­мания, Украина, Беларусь Респуб­ли­ка­­­сына көш­ті, ал сол уақытта қандастарымыз ел­ге кел­ді. Осылайша, экономикалық тұрғыда бір-бірінің орнын басу арқылы жұмыс күші, кадр тапшылығы аса сезіле қоймады. Бұл бір жа­ғынан. Екіншіден, қандастарымыз осында тұр­мыс құрып, үйленіп, отбасын құрап, бала са­нын көбейтіп, демографияға оң әсер етті. Бү­гінде 20 млн халық болғанымызға да қан­дас­тардың қосқан үлесі зор. Осыған дейін кө­­­­шіп келген 1 миллионнан астам қандастар са­­ны 3 млн-нан асты.  Былтыр қабылданған Көші-қон саяса­ты­ның 2023-2027 жылдарға арналған тұ­­жырымдамасы ұлы көшке 90-жыл­дар­да­ғы­дай серпіліс туғыза алмайды. Ол – анық. Себебі 90-жылдардағы көштің мақсаты мүлдем басқа болатын. Елден жаппай өзге ұлттардың көшуі, эко­номиканың тұрақсыздығы, кадр тапшы­лы­ғы, демографиялық мәселелерді шешу бі­рін­ші орында тұрды. Ал қазір, Құдайға шүкір, бұл мәселелер артта қалды. Сондықтан жаңа тұ­жырымдама бойынша ендігі жерде бұрын­ғын­дай Қазақстанға кез келген қандас көшіп ке­ле алмайды. Ендігі жерде кәсіпкерлікке қы­ры бар, ғылым, өнерден хабары барлар кө­шіп келеді. Яғни, жаңа тұжырымдама санға емес, сапаға мән береді. Өйткені бүгінде са­па­лы қандастарды елге оралту мәселесі өзекті. Бір жағынан сапаның болғаны дұрыс. Екінші жағынан, қазір әлемдік геосаяси жағдай күнде өзгеруде. Сондықтан бейбіт, тұрақты Қа­зақ­станға жаппай көшу тенденциясы орын алып отыр. Мысалы, Ауғанстан, Пәкістан, Түркия, араб елдерінен «мен  – қазақпын, түпкі аталарым қазақ болған» деп кей азаматтар келіп жатыр. Жа­санды құжат жасатып елге келіп жатқандар да бар. Сондықтан Қазақстан осындай қауіп-қа­терлер күшейе түскен сәтте «қазақпын» деп келген адамның барлығын көшіріп алмай, белгілі бір деңгейде сапалы, елдің дамуына үлес қосатын азаматтардың келуіне мүмкіндік жа­сап отыр. Бұл тұжырымдаманың негізгі түп­кі ойы дұрыс-ақ. Қандастар Қазақстаннан тыс­қары жерге зорлықпен немесе күш қол­дану­мен көшкен жоқ. Көбісінің ата қонысы сол жер болды. Шекараның дұрыс сызыл­мауы­на байланысты олар Қытай, Моңғолия, Ресей, Өзбекстанның арғы бетінде қалып қойды. Сон­дықтан олардың атажұртына оралғысы келуі – заңды құбылыс. Менің субъективті же­ке пікіріме келсек, Қазақстанға оралығысы келетіндерге қатты шектеу қоюдың қажеті жоқ. Себебі олардың жылдағы көрсеткіші мен динамикасы біркелкі. Біз сырттан келетін қандастарымызға мүмкіндік беруіміз керек. Көші-қон туралы заңға өзгеріс жасалды. Елдің эко­номикасына елеулі күш салатын, жұмыс кү­ші ретінде немесе ішкі өңіраралық қаты­нас­ты дамытуға бағытталған азаматтарды кө­шіру­ге мүмкіндік жасалып отыр. Кезінде 5 бап бол­­ған заңнан «өз бетімен көшіп келу» туралы бір бабы алынып тасталды. Бұл елге жаппай ке­­­­летін азаматтарға тежеу болып отыр. Осы бап алдағы уақытта өз орнына келсе екен де­ген тілеулес ағайын көп. Өйткені 1,5 млн қан­дас Қа­зақстанға келуге ниетті екен. Алайда бұл рет­те келуші адамдарға бақылауды күшей­ту керек.  Қорыта айтқанда, біз атажұртына оралуға ниет­тенген азаматтың көкірегінен итеріп, ме­­­селін қайтарып, бет алысын бәсеңдетпеуіміз ке­рек. Өйткені 50 жылдан кейін ол азаматтар сол тұрып жатқан жеріне сіңісіп кетеді де, ата­жұртым деп келуі екіталай. Сондықтан өз ер­кімен келушілерге мүмкіндік беру керек. 

Қайрат БОДАУХАН,  Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің профессоры, экономика ғылымдарының кандидаты, «Асар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

Құқықтық тетіктерді жыл сайын өз­гер­тіп, «жаңалықтар» енгізумен әуреміз

– 2023-2027 жылдарға арналған Көші-қон тұ­жырымдамасында Еңбек министрлігі қан­дас­тар арасында жоғары білімді мамандардың тым аздығына ерекше екпін түсіріпті. 2022 жы­лы елге оралған қандастардың 12,3 пайызы – жо­ғары білімді, 38,9 пайызы – арнайы орта бі­лім­ге ие, 47 пайызы – тек мектеп бітірген, 1,7 пайызының ор­та білімі жоқ екен. Бізде атал­ған министрліктің Көші-қон коми­теті­нің не­гізгі атқарып отырған жұмысы «санақ». Қан­ша қандас кел­ді, қайда орналасты деген мә­се­ле­ге бас қатырады. Атажұртқа ке­ліп жатқан қан­дастар, мемлекетке құйылып жатқан «шек­сіз капитал» екенін сезінуден қал­ған. Жы­лына квота бойынша 1 400-1 500 адамды қа­былдап, жыл бойы соларды санаумен отыр де­сем артық болмас. Әлемдегі жер аумағы бойынша 9-орын­дағы (Италия, Франция, Германия, Ис­па­ния, Польша, Англия және Украина аумақ­та­рын қосқандай), халық тығыздығы бойынша 62-орындағы, Менделеев кестесінің барлық эле­ментіне бай Қазақстан үшін адами потен­циал­дың қаншалықты маңызды екенін 30 жыл бойы айтумен ғана шектеліп келеміз. Бар­­­лығы – мінберлерден айтылатын сылдыр сөз, нәтижесіз сандармен көмкерілген «есеп­тер».  Мемлекеттің қауіпсіздігі, шекараның тұ­рақ­тылығы мен экономиканың қарқынды да­муы үшін көші-қон үрдісін, демографиялық сая­сатты жолға қоюға құзырлы мемлекеттік ор­ган, ынталы басшы, ниетті азамат басшы­лық­қа бұйырмады. Енді, қазақ даласын адам­мен толтыруға міндетті орган «сауатсыздар» келіп жатыр деп есеп беруі қандай масқара!  Этникалық қазақтар үшін арнайы карта ен­гізіп, шеттегі қазақты қолдаудың «керемет те­тігі» деп есептеп, іске асырамыз дегелі та­ба­ны күректей 4-5 жыл өтті. Әлі кабинеттен ка­бинетке көшіп, сағыздай созылып келеді, нә­тижесі нөл деуге болады. Қазіргі таңда «кімге, қалай береміз?» деп бастарын қатыруда. Өйт­кені тетігі дұрыс емес. Қазақ еліне «байлар» керек дейді. Елім, жерім, Отаным, болашағым де­ген қазақ сонда пайдасыз болғаны ма?  Атажұртқа көшіп келіп, әрең дегенде Қа­зақстан азаматтығын алып, осы мемлекетке бейім­делген қандасқа дұрыс көзқарас қалып­тас­тыра алмай «сынаққа» алған шенеуніктер бас­қа елде жүрген қандасқа не бөліп бермек? Екін­шіден, бұл құжат, адам құқығын шектеу, адам­ды әлеуметтік мәртебесіне қарай топтау, қа­зақты жікке бөлу, шиеленіс туындату, ха­лықты сергелдеңге салу. Кез-келген маңызды құ­жаттың мәртебесі арнаулы сынақтан, тә­жіри­беден өтіп, тетіктері тайға таңба бас­қан­дай анық болуы керек. Бұл құжаттың мәнін жауапты маман­дар да әлі түсіне қойған жоқ. Жылына квотадан тыс ондаған есе көп келіп жатқан ағайындарға мемлекет ешқандай көмек жасамайды. Келген ағайындарға қандас мәртебесін берудің өзі әлі жүйелі шешілмей, қо­ғамда үлкен дауға айналып отыр. Белгілен­ген өңірлерге бармаса, Қазақстан азаматтығы берілмейді деп айды аспанға шығарды. Сон­дағысы 1 500-дей адам ғана..  Әрине, Тәуелсіздікті енді ғана алып, етек-жеңіміз жиналмай жатқан кезең­дер­дің өзінде сан мыңдаған ағайынды арнайы ұшақтармен, мүліктерімен әкеліп, баспана беріп, көмек созған едік. Соның нәтижесінде мил­­­лионнан астам ағайын елге оралып, ұрпа­ғын өсіріп, қоғамның барлық саласында же­міс­­ті еңбек етуде. Бұл – нақты нәтиже. Мәселе, осы бағыттағы оңды істерді саралап, нәти­же­сін ары қарай жетілдіріп, нақтылы стратегия қа­лыптастыра алмауда болып отыр. Ме­м­ле­кет­тік басқару жүйесі мен арнайы тетіктерді (мем­лекет үшін және адам үшін) шегелей ал­мадық. Құқықтық тетіктерді жыл сайын өз­гер­тіп, «жаңалықтар» енгізумен әуреміз.