БҚО-да «AMANAT» партиясы фракциясының жиналысы өтті
Аталған фракция жиналысына БАҚ өкілдері қатысты.
Батыс Қазақстан облыстық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі С. Ізмұханбетованың төрағалық етуімен «AMANAT» партиясы Фракциясының жиналысы өтті.
Аталмыш фракция жиналысына Батыс Қазақстан облысының әкімі, облыстық мәслихат депутаттары, партия фракциясының мүшелері, облыстық басқарма басшылары, облыстық филиал қызметкерлері және БАҚ өкілдері қатысты.
Бүгінгі болған фракция жиналысының басты ерекшелігі – «АМАNАТ» партиясының Батыс Қазақстан облысы бойынша 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасының іске асыру жөніндегі Жол картасының іс-шаралары мен көрсеткіштерінің тармақтарының орындалуы туралы Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиевтің есебі тыңдалды.
Нариман Төреғалиұлы өз сөзінде аталмыш Сайлауалды бағдарламада республиканың жаңа тарихи кезеңдегі дамуының негізгі бағыттарын белгіленіп, жоспар бойынша нақты қадамдар жасалып жатқанын айтты. Облыс әкімінің мәліметі бойынша, биылғы 11 айда жол карталары шеңберіндегі биылғы жылға жоспарланған 122 іс-шараның 60 (48%) орындалып, 52 іс-шара (42%) орындалу сатысында.
«Жол картасында айқындалған 4 басым бағытқа тоқталуды жөн көрді. Нәтижесінде, «Өмір сапасын арттыру» бағыты бойынша 460 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілгенін, 2023 жылы жалпы ұзындығы 291 шақырым автомобиль жолы жөндеуден өткенін,1710 орындық 14 мектеп салу жоспарланып, бүгінгі күнге 7 мектеп пайдалануға берілгенін жеткізсе, одан өзге «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында 12 медициналық нысанның құрылысы жоспарланып, 4 ФАП және 2 дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілгенін айтты», - деп хабарлайды «AMANAT» партиясы БҚО баспасөз қызметі.
Айта кету керек, «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошановтың тапсырмасына сәйкес Батыс Қазақстан облысы бойынша 2023 – 2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары (жол карталар) әзірленіп, облыс әкімі орынбасары және мәслихат төрағасының қатысуымен партияның Орталық аппаратында өзектендіріліп, облыстық филиал Саяси кеңесі бюросының қаулысымен бекітілген болатын.
Жол картасының басты мақсаты – Сайлауалды бағдарламаның орындалуына қатаң партиялық және қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету.
Жиынға қатысушы, Батыс Қазақстан облысының стратегия және экономикалық даму басқармасы басшысының орынбасары Әсемгүл Әбенова «Өмір сапасын арттыру» бағытынан өзге «Кірістерді арттыру», «Өмір сапасын жақсарту», «Экологиялық жағдайды жақсарту» бағыттарына жеке-жеке тоқталды. Оның ішінде «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде 5,6 млрд теңгеге 837 несие берілгенін, «Ұлттық мұра» партиялық жобасы бойынша 82 іс-шара өткізілгенін, спорт саласы бойынша 26 спорт алаңы пайдалануға берілгенін айтты.
Фракция жиналысының соңында төрағаның шешіміне сай, облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің берген есебі қаперге алынып, биыл жоспар негізінде объективті себептерге байланысты орындалмай отырған тармақтардың жүзеге асып, жауапты мемлекеттік мекемелерге келесі жылы толықтай орындалуын қамтамасыз ету міндеттелді.