Қоғам

Қызыл кітапқа енген қоқиқазды құтқарып, үйіне алып келген блогер жауапқа тартылмақ

Фото: stan.kz

Жазаға тартылатыны туралы блогер өзінің Instagram парақшасында жазды.

Қызыл кітапқа енген қоқиқаздың балапанын құтқарып, үйіне алып келген ақтаулық блогер Азамат Сәрсенбаев қомақты айыппұл төлеуі немесе қылмыстық жазаға тартылуы мүмкін, деп хабарлады turkystan.kz Stan.kz-ке сілтеме жасап. 

Жазаға тартылатыны туралы блогер өзінің Instagram парақшасында жазды. 

«Маған жергілікті табиғатты қорғау органдары айыппұл салмақшы. Тіпті Қызыл кітапқа енген құсты ұстағаным үшін қылмыстық жазаға тартады. Достар, егер маған айыппұл салынса, оларға халықтың қолдауын көрсету үшін «краудфандинг» жариялайық», - деді блогер. 

«Эко Маңғыстау» басшысы Кирилл Осин де мұндай игі істерді жасағандар жазалануы мүмкін екенін растады. Оның сөзінше дәл мұндай жағдай бұрын болған. 

«Алматыда волонтер қызыл кітапқа енген балапанды тауып алып, асыраған. Алайда балапан қаза тауып, оған 3000 АЕК көлемінде айыппұл салынған еді. Сондай-ақ 800 сағат қоғамдық жұмысқа тартылады немесе 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылады», - деп жазды Кирилл Осин.

Блогер бір күн бұрын қоқиқаздың балапанын беру үшін жергілікті тәлімбақтың иесімен келіскен. Бірақ тәлімбақ иесі айыппұл салу қаупіне байланысты қоқиқазды қабылдаудан бас тартыпты. Өйткені жергілікті экологтар оны қылмыстық жазаға тартамыз деп қорқытқан көрінеді. 

Ақпаратқа сүйенсек, Сәрсенбаевқа тағы да қоқиқаздың балапанын әкеліп беріпті. Ол бұдан бас тартпай, үйіне апарып тамақ беріп, жылы жерде қарауға ниетті.