Жаңалықтар

Жол картасының орындалуы — басты назарда

Биыл «Ауыл аманаты» жобасы аясында 18,9 млрд теңгеге 3,2 мыңнан астам жоба қаржыландырылыпты.

Бүгін «AMANAT» партиясының Жамбыл облыстық мәслихатындағы депутаттық фракциясы отырысының кезекті кеңейтілген отырысы өтті. Басқосуға облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров пен облыстық мәслихаттың төрағасы Абдалы Нұралиев қатысты.

Жиында алғаш болып сөз тізгіндеген партия облыстық филиалының төрағасы, фракция жетекшісі Дауыл Бейсенқұлов фракция мүшелерінің басты мақсаты – өңірдің өркендеуіне, партияның алдағы 2027 жылға дейінгі Сайлауалды бағдарламасы және сайлау науқанында халықтан түскен аманаттың орындалуына барынша ықпал етуі болып табылатынын жеткізді. Сондай-ақ, ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасы мен Жолдауында айтылған міндеттерді іске асыруға үлес қосу да негізгі мүдде екенін тілге тиек етті.

Мұнан кейін облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров Жамбыл облысының әкімдігі «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» Сайлауалды бағдарламасының Жол картасын іске асыру бойынша жұмысты жалғастырып келе жатқанын тілге тиек етіп, орындалу барысын баяндады. Оның сөзінше, бағдарламада «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2023 жылдан бастап 22 ауылдық округ енгізіліп, 2,5 пайыз бойынша 11,5 млрд теңге көлемінде 3 мыңнан астам жоба қаржыландырылу көзделген болатын. Дегенмен биыл 18,9 млрд теңгеге 3,2 мыңнан астам жоба қаржыландырылыпты.

Сонымен қатар, партияның Сайлауалды бағдарламасында ауыл шаруашылығын ілгерілету мақсатында су қоймаларының құрылысын жүргізуге де ықпал ету жоспары болған. Айта кетейік, аймақта Жол картасы аясында көлемі 650 млн. текше метрді құрайтын 2 су қоймасында қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Облыста Тұрғын үй алуға кезекте 37,6 мың адам тұр, оның 16,3 мыңы – халықтың әлеуметтік осал топтары. Осы орайда, аймақта жыл басынан 607,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, тағы 74 үйдің құрылысы қарқын алған. Сондай-ақ, тұрғындарды таза ауыз сумен қамту аясында жыл соңына дейін 47 нысанның құрылысы аяқталады. Ал, 11 елді мекенде 9 мың адам газға қосылады. Бұл да жыл соңына дейін толығымен аяқталмақ.

Жергілікті әкімдік пен партияның баса назар аударып отырған саласының бірі – білім саласы. Аталған бағытта ағымдағы жылы жаңа 28 білім беру нысанының құрылысы басталып, 3 мектеп пайдалануға берілді. Сонымен қатар, жыл соңына дейін тағы 10 мектеп пайдалануға берілуді деп күтілуде.

Есепті баяндамадан кейін фракция мүшелері шешімін табуы қажет бірқатар өзекті мәселелері көтерді. Атап айтқанда, білім нысандарындағы жөндеу жұмыстарына арзан материал қолданатындығын қатаң сынға салды. Сондай-ақ, ауыл-аймақты көгілдір отынмен қамту жұмыстарын сапалы жүргізу назарға алынды.