Экономика

«Астрахань-Маңғышлақ» магистральді су құбыры іске қосылды

«Астрахань-Маңғышлақ» магистральді су құбыры 1988 жылы пайдалануға берілген.

Атырау облысында кешенді күрделі жөндеу нәтижесінде кеңейтілген «Астрахань-Маңғышлақ» магистральді су құбыры іске қосылды. ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов бейнебайланыс арқылы нысан жұмысын ресми түрде іске қосты, деп хабарлады turkystan.kz.

Батыс өңірінің әлеуметтік және өнеркәсіптік дамуы үшін стратегиялық маңызы зор жобаны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жүзеге асырылды.

Премьер-министр атап өткендей, қайта жаңғыртылған «Астрахань-Маңғышлақ» магистральді су құбыры Атырау және Маңғыстау облыстарының халқы мен кәсіпорындары және ауыл шаруашылығы үшін қосымша 60 мың текше метр су беру көзіне айналады.

Жоба шеңберінде тозығы жеткен жабдықтарды жаңарту жұмыстары жүргізіліп, ұзындығы шамамен 177 шақырым магистральді су құбырының екі учаскесі ауыстырылды. Құрылысқа 500-ден астам адам жұмылдырылған. Соның нәтижесінде «Астрахань-Маңғышлақ» су құбырының өткізу қабілеті тәулігіне 110-нан 170 мың текше метрге дейін артты.

Мәселен, Кендірлі кентінде жалпы қуаты тәулігіне 50 мың текше метр болатын су тұщыландыру зауыты салынуда. Одан Жаңаөзен қаласына дейін ұзындығы 105 км магистральді су құбыры тартылады. 

Бұдан басқа, «Каспий» сумен жабдықтау зауытын реконструкциялау жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде оның қуаты 2 есе, яғни 40 мың текше метрге дейін артады.

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев мәлім еткендей, жобаны іске асыру кезінде телекоммуникациялық және бақылау жабдықтары, катодты қорғау стансалары мен автономды гибридті қондырғылар, сондай-ақ құбыр өнімдерінің бір бөлігі отандық өндірушілерден сатып алынды.

Ресми салтанатты шараға Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, «ҚазТрансОйл» АҚ бас директоры Талғат Құрманбаев, «Магистральді суағызғы» ЖШС бас директоры Берік Салпек және мердігер ұйымдардың өкілдері қатысты.