Жаңалықтар

АДМИРАЛДЫҢ АЛТЫНЫ

ашық дереккөзі

АДМИРАЛДЫҢ АЛТЫНЫ

Адмирал Александр Васильевич Колчактың алтыны аңызға айналғаны қашан. Кеңес өкіметі Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері ұзақ жылдар бойына Сібір ормандарын түгел тінтіп шықса да, таба алмаса не шара. Олар Колчак бәлкім сол алтынды Еуропа мен Жапония банктерінің біріне салып, сақтатқан болар деген үмітпен астыртын тексерулер жүргізсе керек. Өкінішке қарай, шетел банктерінің ешқайсысынан ондай деректер кездеспеген. Сібір ормандарынан табылмаған соң, бәлкім Байкал көлін айналып өтетін теміржолмен алып бара жатқанда алтын артқан вагон рельстен шығып кетіп, көлге құлаған болар деген ой-тұжырыммен көл тереңіне арнайы «Мир» атты сүңгуір аппарат қондырғысымен түсіп, су астының қойын-қолаттарын қанша тінтсе де көз арбап, жылтырап жатқан алтынды көре алмады. Кейіндеу комитет қызметкерлерінің рұқсатымен тәжірибелі геологтар мен жекелеген адамдар да іздестіру жұмыстарына араласып көрді. Бірақ бәрі де нәтижесіз аяқталды. Қазан қаласында көптен бері өлкетанумен айналысып келген тарихшы Равиль Ибрагимовтың ғаламтор желісіндегі мақалаларына қарағанда, іздеушілер уақыттарын босқа өткізген секілді. Ол да өмірінің 25 жылын Колчактың алтынын іздеуге арнап, мол іс-тәжірибе жинақтаған. Ресей қалаларындағы мұрағаттардың біразындағы материалдармен танысып, содан соң шетелдердегі орыс эмигранттарымен кездесу үшін қажетті қаражат жинап, Еуропаның бірқатар елдерін аралап шыққан. Ол көбіне орыс эмигранттардың ең көп шоғырланған елі Францияда болды. Қазір оның қолында француз тілінде жазылған жұртты таңғалдыратын құжаттар бар. Равиль Ибрагимов: «Жұрттың «Колчактың алтыны» деп жүргендері шын мәнінде адмиралдікі емес. Мен оны Қазан қаласына тиесілі байлық деймін. Енді неге солай айтқанымды түсіндірейін. Бірінші дүниежүзілік соғыста немістер шабуылын күшейтіп, орыс әскерлері майдан шебінен шегіне бастаған. Содан қауіптенген император II Николай алтынды Еуропадан алып кетіп, елдің ішкі қалаларының біріне әкеп сақтауды бұйырған. Алтынға жауапты адамдар Қазан қаласын таңдайды. Өйткені 1914 жылы осы қалада банктің сол кездегі талапқа сай салынған ғимараты бар еді. Империяның біраз алтын қоры сонда сақталған. 1917 жылы Октябрь төңкерісінен кейін 1918 жылы Қазандағы сол банкте 1280 тонна алтын болды. Ал Еуропадан әлгі алтынды алып келіп қосқанда империяның барлық алтын қоры 1695 тоннаны құраса керек. Империя ішінде большевиктер бүлік шығарып, уақыт өткен сайын олар күш ала бастайды. Әскер құрамалары жұмысшы-шаруаны бастаған большевиктер жағына шығып, Ресей қалаларын бірінен соң бірін басып алып жатқан кез. Көп кешікпей қызыл большевиктер Қазан қаласын да басып алып, банктегі алтын қорын да иемденген. Бірақ 1918 жылы тамыздың 6-сынан 7-сіне қараған түні Колчакпен әскери қызметтес болған подполковник Каппель басқарған ақ армия бөлімдері большевиктерді Қазаннан қуып шығады. Оның шабуылды өте ұтымды ұйымдастырғаны соншалық, большевиктер қарсылық көрсетуге еш айла-әрекет жасай алмаған. Ол әскери тактиканы өте жетік білгені соншалық қызылдар қалаға қанша рет қарымта шабуыл жасаса да, кіре алмай шығынға батады. Ақыры болмаған соң қызылдар оның басына 50 мың сом тіккен. Сол кезде Каппель бас командованиеге жеделхат жолдайды. «Қазір менің қолымда империяның бүкіл алтын қоры бар. Бұл олжаны түгел есептеп санауға соғыстан еш мүмкіншілігім жоқ. Менің армиямның әскери шығыны 25 адам. Большевиктермен шайқас кезінде әскери тәсілдерді ұтымды қолдана білді». Каппель Қазанды бір ай бойына өз ықпалында ұстап тұрды. Алайда ол қызылдардың үсті-үстіне жасаған шабуылдарына одан әрі шыдас бере алмайтынын сезіп, алтын қоры мен аса бағалы заттарды 5 кеме мен үлкен ескекті қайықтарға тиеп, Волга өзені бойымен Самара қаласына алып барған. Самарадан әрі Уфа қаласына жеткізеді. Онда да сақтау қауіпті болған соң, теміржол вагондарына артып, Челябі қаласына алып кетеді. Одан әрі Омбыда Сібір үкіметін орнатқан бұрынғы досы Колчактың қолына сеніп тапсырады. Содан бастап бұл байлық «Колчактың алтыны» атанып кеткен», – дейді. «Алтын көрсе, періште жолдан таяды» демекші, алтынды Волгада кемеге артар алдында 11 офицер бастаған құрамында орыс, шешен, чех, поляк, словактар бар жасақ 400 пұт алтынды ұрлайды. Бұл шамамен 6 тонна болады екен. Олар ұрлаған алтынды Қазан қаласынан 63 шақырым жердегі ну орман ішіне апарып, 12 сағат бойына жерді терең қазып, құнды заттармен бірге көмген. Олар ісін бітіріп, орман шетіндегі жолға шыққан кезде қызылдардың үлкен жасағымен ұшырасып, жалт беріп кете алмай амалсыздан шайқасады. Кескілескен ұрыста олардың түгелге жуығы жан тәсілім еткен. Тек ауыр жарақат алып, есінен танып қалған ұлты поляк Константин Ветеску ғана аман қалады. Қызылдар кеткен соң оған сол жердің жергілікті адамдары қайырымдылық көрсетіп, біраз уақыт емдеп сауықтырған. Бірақ ол алтын көмбесінен алыстап кете алмай сол жердің тұрғындарымен біте қайнасып, бір жарым жыл аялдап қалған. Ара-тұра көмбеге жасырын барып, күнкөріс үшін жұрт сезіктенбейтіндей біразын қазып алып жүрді. Алтынды қалай алып кету жолын таппай жүргенде өзі сүзек ауруына ұшырап, халі күннен-күнге нашарлап бара жатқан соң Польшадағы інісі Вячеславты шақырып, оған мол алтын көмбесі туралы айтып, жасырып жүрген біраз алтынды беріп, көмбе тұрған жердің өзі қолдан сызған картасын ұстатады. Равиль Ибрагимовтың айтуына қарағанда, Вячеслав Польшаға қайтып келген соң қолындағы алтынға жер сатып алып, өзі қалаған қызға үйленген. Алайда оның ойынан Қазан түбіндегі алтын көмбесі бір сәтке де шықпайды. Қызылдар жеңіліс тапқан сәтте, ол көмбеге оралып, алтынның тағы біразын алып кетуді үнемі ойлаумен жүрді. Бірақ жағдай ол күткендей болған жоқ. Большевиктер өкіметі орнап, жылдар жылжыған сайын күшейе түсті. Ақыры өзінше барып ала алмайтынына көзі жеткен соң, біраз жылдардан бері жасырып жүрген сызба картасын француз банктерінің бірімен жақсы байланысы бар таныс адвокатына айтып, пікір алысқан. Француз қаржыгерлері көмбедегі мол байлыққа қызыққаны соншалық, Кеңес өкіметі жағымен келіссөзге келуді ұйғарады. Келіссөздің де реті келіп, француздың «Люберзак и К» банкісінің меңгерушісі Александр Бунженер мен КСРО Мемлекеттік банкісінің Франциядағы өкілі Николай Акимов құпия келісімге келген. 1929 жылы 16 қыркүйектегі екі жақты жасалған келісім бойынша «Люберзак и К» компаниясы КСРО-ға көмбенің қай жерде жатқаны көрсетілген картасы бар өз қызметкерлерін жіберуге, сондай-ақ, ағаш жәшіктерге салынған алтын мен құнды заттардың сол кездегі бағасын 18 миллион долларға (қазіргі бағамен 200 миллион доллар) бағалап, соның 20 пайызын алатын болып уағдаласады. Құжатта алтын көмбесін іздеуге қатысатын француз және ағылшын мамандары мен оларды алып жүретін екі поляк адвокатының фамилиялары нақты көрсетілген. Шетелдіктер Қазанға 1929 жылдың 1 қазанында құпия жағдайда келген. Сол кезде Қазан банкісінің меңгерушісі Николай Просоловтың атына Мәскеуден арнайы жеделхат түседі. «Сіздер көмбе іздеушілерге 50 жұмысшыны қажетті құрал-саймандарымен жабдықтап беріңіздер. Қазба жұмыстарына бөлінген ақша мейлінше аз болғаны дұрыс және жұмыс он күннен аспауы керек. Жұмыс француз азаматы Барсейдің жетекшілігімен жүргізілсін. Көмбені іздестіру жұмыстары хаттамаға француз және орыс тілдерінде көрсетілуі тиіс». Ибрагимов: «Маған сол хаттаманы табу оңай болған жоқ. Менің байқауымша экспедицияның жетекшісі Барсей көмбенің қай жерде жатқанын жақсы білген. Бірақ ол жеме-жемге келгенде большевиктердің оғаш істерінен секем алып, олардың келісім бойынша өз міндеттерін орындамайтындарына көзі жетіп, іздеу жұмыстарын бірден тоқтатады. Оған себеп болған Просоловтың Мәскеуге жөнелткен жеделхатындағы «Тағы аз уақыттан соң, көмбенің қай жерде жатқанын білсек, біз шетелдіктердің көмегінсіз-ақ қазып аламыз» деген сөзі болды. Олар тез жиналып, Варшаваға жүріп кетеді. Большевиктер артынша олармен қайта келісімшарт жасасу үшін Польшаға аттанған. Соның нәтижесінде 1948 жылы алтын көмбені іздеу жұмыстары қайта жалғасты.