Руханият

«Ұлы дала»: AMANAT ұйымдастырған байқауға 300-ден астам шығарма келіп түсті

Аталған конкурс осымен төртінші рет өткізіліп отыр.

Тәуелсіздік күні қарсаңында елордада «AMANAT» партиясының дәстүрлі «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы қорытындыланды. Биыл әдеби дода Алаш қозғалысының қайраткері, ақын, педагог Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына арналды.

Сөз басында Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов ұлттық мүддеге сай келетін кітаптарды көптеп басып шығару мәселесі әрдайым Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарында екенін және мемлекет, партия тарапынан мәдениетке, әдебиетке қолдан келгенше көмек көрсетіле беретінін атап өтті.

Ерлан Қошановтың пікірінше, қазір қоғамдық кеселге айналған есірткі, лудоманияның белең алуы «рухани қалқанның» болмауынан. Сондықтан оқырманға осы заманның болмысын бейнелейтін тың туындылар, образдар мен жаңа кейіпкерлер керек. Төраға кітапсүйер қауым жаңа толқын қаламгерлерден салмақты, мағыналы дүниелер күтіп отырғанын айтты.

Аталған конкурс осымен төртінші рет өткізіліп отыр. Биыл әдеби доданың облыстық іріктеуі ұйымдастырылып, байқауға бас-аяғы 300-ден астам шығарма келіп түсті. Оның 170-і ақтық кезеңге жолдама алды.

Сонымен, «Поэзия» номинациясы бойынша бірінші орынды Ұмтыл Зарыққан, екінші орынды Айзада Рахымжанова, үшінші орынды Ербол Алшынбай иеленді. «Проза» номинациясында бірінші орынға Бақытбек Қадыр, екінші орынға Саян Сексенбаев, үшінші орынға Мерей Қайнарұлы лайық деп танылды. «Балаларға арналған шығарма» номинациясы бойынша бірінші орынды Нұрбек Кеңесбай, екінші орынды Абай Орынбай, үшінші орынды Ақмарал Омарова қанжығалады. «Драматургия» номинациясында бірінші орынды Қанат Тілеухан, екінші орынды Тайбек Абдуллин, үшінші орынды Қуат Қиықбай жеңіп алды. «Әдеби сын» номинациясы бойынша бірінші орын Біржан Ахмерге, екінші орын Анар Абдуллинаға, үшінші орын Мейір Оразғалиевке бұйырды. Сонымен қатар, «Алаш аманаты» арнайы сыйлығын зерттеуші-ғалым Бақтияр Бәтеу, «Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығы» арнайы сыйлығын арнайы сыйлығын ақын, сатирик Абылай Мауданов иеленді.