Қоғам

Шымкентте 13 мың адам жүргізуші куәлігіне емтихан тапсыра алмаған

pexels.com

Емтихан тапсыру кезінде клиент биометриялық деректер бойынша сәйкестендіріледі.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Шымкенттегі филиалы ЖЖЕ 3.0 жаңа жүйесін енгізе отырып, теориялық емтихан тапсыру қиындай түскенін атап өтті. Осылайша қазан айынан бері 40-қа жуық тест нәтижесі жойылған, деп хабарлады turkystan.kz otyrar.kz сайтына сілтеме жасап.

Аталған жүйе емтихан тапсырушының емтихан кезіндегі іс-қимылын және тестілеу үдерісінің аудио және бейне жазбаларын жасауға мүмкіндік берді. Емтихан тапсыру кезінде клиент биометриялық деректер бойынша сәйкестендіріледі. Бұл бөгде адамдардың емтиханға кіруіне тосқауыл болады. Мәселен, биыл 11 айда 40 мыңға жуық шымкенттік жүргізуші куәлігін алуға өтініш білдірген. Оның 23 мыңы емтиханды сәтті тапсыра алса, 13 мыңға жуық адам теориялық емтиханнан өте алмады.

«Жыл сайын жүргізуші куәлігіне сұраныс артып келеді. Сондықтан біз бұл процесті барынша ашық етуге мүдделіміз. Мамандандырылған ХҚКО арқылы жылына 300 мың қызмет көрсетеміз. Ал жүргізуші куәлікке келсек, оны 83 мыңға жуық шымкенттік жүргізуші куәлігін алуға және мерзімі аяқталуына байланысты ауыстыруға өтініш тапсырған», – деді Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік корпорация филиалы директорының орынбасары Аманжол Мәди.