Жаңалықтар

«Қауіпсіз қоғам»: Түнгі рейд кезінде кәмелетке толмағандар ұсталды

Жастар қанатының өкілдері 3 қала мен 17 облыста жаппай мониторингтік топтар құрып, рейдтер ұйымдастырып жатыр.

 Кәмелеттік жасқа толмаған мектеп оқушысы немесе колледж студенттері қаншалықты тәртіпті сақтауда? Бұл «Жастар Рухы» Жастар қанаты полиция департаменттерімен бірлесе өткізіп жатқан рейдттер мен акциялар барысында анықталуда.

«Қауіпсіз қоғам» республикалық акциясы аясында Жастар қанатының өкілдері 3 қала мен 17 облыста жаппай мониторингтік топтар құрып, рейдтер ұйымдастырып жатыр. Мәселен, Қызыорда облысының Қармақшы ауданында жергілікті полиция бөлімшесімен бірлесіп жастар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған түнгі рейд өтті. Онда құқық қорғау органдары қызметкерлері мен Жастар қанатының белсенділері аудан орталығында 23:00-ден кейін жасөспірімдер көп жиналатын тыйым салынған жерлерде - компьютерлік ойын-сауық орындары мен мейрамханаларда  тексеріс өткізді.

Өздерін полицияның қоғамдық көмекшісі атайтын Ақнұр Өтешова мониторинг  барысында анықталған заң бұзушы жасөспірімдерге түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, қоғамдық тәртіпті сақтауға шақырудамыз дейді.

«Ойын-сауыққа құмар замандастарымның өздерінің болашағына балта шауып, келеңсіз оқиғаларға тап болуын түрлі жаңалық беттерінен көріп, оқып жатамыз. 18 жасқа толмағандардың шектелген уақыт кезінде көше кезіп, тәртіп бұзуыны да алғаш тап болып отырған жоқпыз. Тиісінше, қоғамдағы заң мен тәртіпті реттеуде белсенділер болып полиция қызметкерлерімен бірлесе алдын алу шараларын өткізудеміз. Түнгі уақытта босқа сыртта уақыт кетірмей, оны пайдалы әдеттерімен алмастыруға шақырамыз»,- деді Ақнұр Өтешова.

Қоғамда азаматтар арасында тәртіпті реттеуге бағытталған дәл осы сынды шаралар өзге де аймақтарда қарқынды түрде жалғасуда. Шаралар кезінде құқық бұзушылық фактілері де көптеп кездесуде дейді ұйымдастырушылар. Атап айтқанда, өткен апта ішінде Алматы қаласында 500-ден астам адамды қамтыған рейдтер кезінде  49 құқықбұзушылық, Шымкентте 149 заңға қайшы іс-әрекет табылса, Павлодар облысында 5 нысан тексеріліп, 40-тан аса волонтер қатысты. Сондай-ақ, Қызылорда облысында 3 тәртіп бұзған факт тіркелген.  Анықталған тәртіп бұзушылықтар арнайы хаттама толтырылып, тиісті уәкілетті органдарға жолданатын болады.

Сонымен қатар, Өскемен қаласындағы белсенділер  «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» халықаралық акциясына қатысып жатыр. Онда «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы» Заңының негізгі ережелерін түсіндіріп, әйелдердің құқығын қорғау мақсатында тұрғындар көп шоғырланатын орындарда: базарлар мен сауда үйлерінде ақпараттандыру жұмыстарын өткізіліп жатыр.