Экономика

2,5 пайыздық несие: 5,4 мың адамның өтінімі мақұлданды

Конкурстық комиссиялардың шешімімен 5 496 жоба мақұлданды.

Жастардың 5,5 мыңға жуық жобасына жеңілдетілген микрокредит берілетін болды, деп хабарлады turkystan.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап хабарлады.

7 желтоқсандағы жағдай бойынша, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ға кәсіпкерлік бастамаларды іске асыру үшін жастарға берілетін жылдық мөлшерлемесі 2,5%-дық жеңілдетілген микрокредиттер алуға 7,4 мың өтінім түсті. Биыл жалпы 5 796 микрокредит беру жоспарланған. Қазірдің өзінде 5 496 жоба мақұлданды.

Микрокредиттің мөлшері 5 млн теңгеге дейін, ал қатысудың ең ұзақ мерзімі – 5 жылға (кез келген мақсатқа) немесе 7 жылға дейін (мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін). Номиналды сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 2,5%-дан аспайды.

Сондай-ақ, микрокредит 21 жастан 35 жасқа дейінгі жастарға өз кәсібін ашуға немесе оны кеңейтуге, 5 жылдан аспайтын мерзіммен жеке кәсіпкер ретінде тіркелген жағдайда беріледі. Бұл ретте қатысушылардың «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ға өтініммен жүгінген уақыттағы жасы ескеріледі.