Жаңалықтар

Павлодар облысында саусақтары үсіп қалған 9 жастағы бала ауруханаға жеткізілді

Дәрігерлер тұрғындарды аязда көшеде мүмкіндігінше ұзақ жүрмеуге шақырады.

Өткен демалыс күндері павлодарлық жедел жәрдем үсік шалудың бес жағдайын тіркеді, деп хабарлады turkystan.kz.

Рavlodarnews сайтының мәліметінше, фельдшерлер соңғы үш тәулікте Екібастұзда үсіп қалудың үш жағдайын тіркеді. Қатты аяздан 45, 56 жастағы ер адамдар және бір белгісіз адам зардап шекті. Олардың қолдары мен аяқтарын бірінші-екінші дәрежелі үсік шалып, Екібастұз қалалық ауруханасына жеткізілді.

Ал Ақсу маңындағы Жолқұдық ауылында дәрігерлер 33 жастағы әйелге көмек көрсетті. Қолын бірінші дәрежелі үсік шалған әйел адамға көмек көрсетілген, алайда ол ауруханаға жатқызудан бас тартты.

Май ауданы Көктөбе ауылында тоғыз жасар баланың саусақтарын жеңіл дәрежеде үсік шалып, аудандық ауруханаға жатқызылды.

Дәрігерлер тұрғындарды аязда көшеде мүмкіндігінше ұзақ жүрмеуге шақырады. 

Айта кетейік, 8 желтоқсанда жедел жәрдем қызметі 815 қоңырауды пысықтады. Ал 10 желтоқсанда қоңыраудың саны 956-ға дейін жетті.  

Жедел респираторлық вирустық инфекциялармен және қызылшаға күдікке байланысты қоңыраулар саны да азаймайды.