Жаңалықтар

Кеншілерді бопсалап келген қылмыстық топ ұсталды

ҚР ІІМ

Сонымен қатар қылмыстық топтың қатысушылары қару қолдана отырып, криминалдық жанжалдарға қатысқан.

Қарағанды облыстық Полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы прокуратураның үйлестіруімен «Қармет» кеншілерінен қорқыту, моральдық және физикалық қысым көрсету арқылы ақша бопсалаумен айналысқан қылмыстық топтың мүшелерін ұстады.

Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында топтың осындай 15 фактіге қатысы бар екені анықталды. Сонымен қатар қылмыстық топтың қатысушылары қару қолдана отырып, криминалдық жанжалдарға қатысқан және аталған облыстың Абай ауданына қарасты темір жол стансасында тасымалданатын жүктерді ұрлаған. 

Күдікті адамдарды ұстау барысында 15-ке жуық тінту іс-шарасы жүргізілді, соның нәтижесінде тіркелмеген атыс және суық қарулар, сондай-ақ оқ-дәрілер мен діни әдебиеттер тәркіленді. 

Барлығы 10 адам ұсталды, олардың ішінде топтың көшбасшысы мен ең белсенді төрт мүшесі қамауға алынды. 

«Қазір қылмыстық топ мүшелерінің басқа да осындай қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде. Қылмыстық істі Қарағанды облысы Полиция департаменті тергеу басқармасы тергеуде. Қылмыстық процеске қатысушылардың мүдделері үшін сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басқа мәліметтері жария етілмейді», – деді ҚР ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.