Жаңалықтар

АҚШ АҚШАСЫН САНАЙ БАСТАДЫ

ашық дереккөзі

АҚШ АҚШАСЫН САНАЙ БАСТАДЫ

Ақпанның соңғы күнінде төрткүл әлем Вашингтонға құлақ түрді десек, артық айтқандық емес. Себебі осы сейсенбіде АҚШ президенті Дональд Трамп Конгресс мүшелері алдында өзінің алғашқы жолдауын оқыды. Қызметке кіріскеніне бір айдан енді асқан Трамп осы уақыт ішінде өзіне дейінгі кейбір әріптестерінің төрт жылда қамтымаған шаруалардың басын шалды. Президенттігінің алғашқы қырық күндігінің ішінде ол халықаралық қатынас, сыртқы сауда, ғаламдық терроризм, иммиграция, жаңа жұмыс орындары, салық, т.б. көптеген мәселелерге қатысты ұстанымын жария етті. Кейде, тіпті, қызметтік өкілеттігіне қатыссыз мәселелерге, тіпті демократия қағидаларына қайшы келетін мәлімдемелер де жасады. Сонымен, Трамп әкімшілігі Ақ үйде бір айын өткізді, бірақ қалған 47 айда қай бағытта жұмыс істейтіні, нендей жаңалық енгізіп, әлемге қандай өзгеріс әкелерін болжау қиын. Әйтсе де, кешегі миллиардер, бүгінгі президенттің саясатындағы басым бағыттардың бәрі қаражат шығындарын реттеуге қатысты екені аңғарылады.

ЖАУДЫҢ БӘРІ – СЫРТТА

Дональд Трамптың АҚШ Кон­гре­сінде оқыған бір сағат он ми­нут­тық жолдауынан не ұқтық? Осыдан қырық күн бұрын өткен инаугурациясында айтқан «бір ұлт – бір мақсат», «бірлігі мықты ұлт», «Американы қайтадан ұлы етеміз», «қанымыз бір – сеніміміз ортақ» сияқты жалаң ұрандарын тағы қайталады. Обалы нешік, Конгресс мүшелері президенттің әр сөзін минут сайын, жарты минут сайын бөліп, орындарынан тұрып, шапалақ соғып, қошемет көрсетумен болды. Мемлекет басшысына құрмет көрсетуде америкалық депутаттарға жететін ешкім жоқ сияқты, әсілі. Ал президенттің анық білдірген ұстанымы: «Мен – әлемнің емес, Америка Құрама Штаттарының мүддесін қорғаймын», – деді ол. Алдағы бір жылғы саясаттың бағыт-бағдарын бедерлеген президент сөзінің жалпы желісі – АҚШ-ты әлсірететін қауіп-қатердің бәрі сырттан, басқа мемлекеттерден келетін сияқты. Ол елдегі жұмыссыздықтың артуын, кедейлер қарасы қалыңдап, қылмыс санының көбеюін де сырттан келген мигранттардан көреді. Сондықтан Дональд Трамп бұған дейінгі иммиграцияны шектеу және радикалды исламға қарсы күресін одан әрі жалғастырады. Осы орайда, республикалықтар Конгреске заңсыз мигранттардан зардап шеккен отандастарын шақырыпты. Қылмыскер қолынан қаза тапқан марқұмдардың туыстарын таныстырып отырып, президент басқа америкалықтарға ескерту жасағандай болды. Олардың кебін кимес үшін жаңа президенттің иммиграцияны шектеу, шекара күзетін күшейту сияқты бастамаларын қолдау керек, шамасы. Трамп шекара асып келетін есірткі, қару-жарақ, қылмыс т.б. қауіп-қатерлердің жолын кесу үшін шекараны мықтау керектігін меңзеп отыр. Бұған қоса, ол шетелдік жұмыс күшіне де тосқауыл қоймақ. Мексикамен арада «ұлы қорған» салатынын айтқанда, Конгресс мүшелері орындарынан ұшып-ұшып түрегеліп, қызу қол шапалақтады. Трамп елдегі жұмыс орындарын сырттан келген келімсектердің тартып алып жатқанын айтып, америкалықтардың намысын қамшылады. Трамптың қисынына салғанда, АҚШ-тың экономикалық өсімінің саябырсуына да басқа мемлекеттер мен ғаламдық экономика кінәлі сияқты. Ал 2008 жылғы әлемдік қаржылық-экономикалық дағдарыстың дәл АҚШ-тан бастау алғанын Трамптың есіне салатын адам жоқ, сірә. Елді іштен ірітетін, қоғамды аздыратын немесе ұлттық экономиканы құлдырататын ішкі себептер жоқтың қасы. Әйтеуір, ол бір сағаттан аса сөйлеген сөзінде америкалық қоғамның басындағы түйткілдердің түп себептері туралы ештеңе демеді. Жаудың бәрі – сыртта. Өзімен өзі қалғанда, Америка ұлы мемлекет болады-мыс, бұдан да күшейе түседі-мыс. Бәлкім, солай болуы да мүмкін. Тек Трамптың оқшаулану, ішкі түйткілдердің себебін сырттан іздеп, өзгенің бәрін жау көруі кешегі кеңестік коммунистік жүйенің көлеңкесін елестеткендей болды. Біз үшін келмеске кеткен заман. Ал АҚШ үшін жаңа бағыт, тың тәжірибе.

ТЫНЫШ ӨМІР СҮРГІҢ КЕЛСЕ – СОҒЫСҚА ҚАМДАН

Трамп сөзінен аңғарылған тағы бір желі – «бейбітшілікті қаласаң – соғысқа дайындал» деген қағида. Бұл Ақ үй әкімшілігінің алдағы төрт жылдағы басты ұстанымы боларына ендігі күмән жоқ. Себебі президент «біз бейбітшілікті қалаймыз» десе де, артынша «егер біз соғыса қалсақ, тек жеңуіміз керек» деп ашық айтты. Ал жеңу үшін күшті болу шарт. Қауіптің бәрі сырттан келгенде, АҚШ қорғаныс қабілетін күшейтуге мәжбүр. Жолдаудан бір күн бұрын президент АҚШ қорғаныс саласын қаржыландыруды 10 пайызға арттыруға ниетті екенін жариялады. 10 пайыз дегеніңіз алпауыт елдің шарқымен қарағанда, орасан үлкен сома, аттай 54 миллиард доллар. Осылайша, егер Конгресс бюджетті мақұлдаса, келесі жылдан бастап қорғаныс саласына жыл сайын 603 миллиард доллар жұмсалатын болды.  Жалпы, АҚШ федералды бюджетінің алтыдан бір бөлігі қорғаныс саласының үлесінде. Онсыз да АҚШ әлемдегі қорғаныс саласына ең көп қаражат бөлетін мемлекет екені әмбеге аян. АҚШ-тың бұл салаға бөлетін қаражаты Қытай, Ұлыбритания, Ресей, Жапония, Үндістан бастаған он төрт мемлекетті қоса алғанда бәрінің қорғанысқа жұмсайтын ақшасына пара-пар екен. Енді бұл саланы одан сайын күшейтудің не қажеті болды деген сұраққа Дональд Трамп бір-ақ ауыз сөзбен жауап береді: «Америка енді ешқашан соғыстан жеңілмеуі тиіс. Біз жеңуіміз керек! Біз жеңуіміз керек!», – деді ол екі қайталап.  Әлбетте, АҚШ қай соғыста кімнен қашан жеңіліп еді деген сұрақ туады. Осы орайда, президент АҚШ-тың шет елдердегі соғыстарға бөлетін қаражат шығынын еске салды. 2001 жылдан бері Таяу Шығыстағы соғыс қимылдарына 6 триллион америкалық доллар жұмсалған екен. Сондықтан ол соғыс шығындарын азайтуға ниетті. «Біз аз ақшаға көп нәрсе жасайтын боламыз», – деді ол. Бір жағынан, соғыс шығындарын азайтуға ұмтылған, екінші жағынан қорғаныс саласына қосымша қаржы құюды көздеген және «соғыстарда жеңіске жетуге» үндеген Трамптың кей сөздерінде бір-біріне қайшылық бар сияқты. Бұған қоса, АҚШ Ормуз бұғазы мен Оңтүстік-Қытай теңізі сияқты аймақтардағы әскери қуатын арттыруды және ДАИШ сияқты террористік ұйымдармен ымырасыз соғыс жүргізуді жоспарлап отыр. Трамп қорғаныс саласына қажетті қосымша қаражатты шығару үшін қоршаған ортаны қорғау және әлеуметтік бағдарламаларға бөлінетін шығындарды қысқартатынын мәлімдеді. Үнемделген қаржы жаңа әскери кемелер мен ұшақтар құрастыруға және армия қатарын тағы жарты миллион әскерге көбейтуге арналмақ. Бұл шешімінің себебін Трамп «Американың шатқаяқтаған мүмкіндіктерін қалпына келтіру» талпынысы деп түсіндірді. Сонда шекара күзетін нығайтып, етек-жеңін қымтап, тек ішкі қажеттіліктеріне, төл мүддесіне назар аударуды мақсат еткен жаңа әкімшілік осылайша «Американы қайтадан ұлы етпек». «Күштінің арты диірмен тартады» деген бар емес пе?!

БҰҰ-на БЕРІЛЕТІН ҚАРЖЫ 40 ПАЙЫЗҒА ҚЫСҚАРАДЫ

Ақ үйдің жаңа басшысының ұстанымынан байқағанымыз, АҚШ алдағы төрт жылда әлемнің басқа мемлекеттері мен халықаралық ұйымдарға бөлінетін қыруар қаржының бетін өз еліне қарай бұрмақшы. Бір қарағанда, оқшаулану сияқты көрінетін саясат Трамптың «Ең әуелі Америка» ұранына сай. Әлемнің түкпір-түкпірінде адам құқығын қорғау, демократияны дамыту жобаларына бөлінетін есепсіз қаржыны енді өзінің қару-жарақ қабілетін арттыруға жұмсағанды жөн көріп отыр. Кей деректерге қарағанда, Америка үкіметі Мемлекеттік департамент арқылы түрлі елдердегі түрлі бағдарламаларға жыл сайын 50 миллиард доллар жұмсайтын көрінеді. Бұған дейін АҚШ федералды бюджеттің 1 пайызын, яғни 60 миллиард долларды халықаралық мақсаттарға, шет мемлекеттерге денсаулық сақтау, азық-түлік, басқа да бағдарламалар аясында көмек ретінде жұмсап келген. Бұл қаржы соңғы 30 жыл ішінде әлемнің түкпір-түкпірінде ана мен бала өлімі, малерия дертінің зардабын жою, СПИД-тің алдын алу, таза ауыз сумен қамтамасыз ету, кедей елдерге гуманитарлық көмек беру сияқты игі шараларды атқаруға мұрындық болды. Жаңа әкімшілік ең әуелі қоршаған ортаны қорғау және басқа мемлекеттерге қаржылық көмек көлемін едәуір қысқартатынын айтты. Мысалы, қоршаған ортаны қорғау агенттігінің бюджеті жылына 8,5 миллиардты құрайтын, бірақ Ақ үй әкімшілігі баламалы қуат көздерін дамыту, таза ауыз су бағдарламаларын ысырып қойып, 20 миллиард долларды оңтүстік шекарада қорған тұрғызуға және миграциялық қызметкерлер санын арттыруға бөлуді жөн көріп отыр. Бұл аз болғандай, АҚШ енді халықаралық ұйымдарға төленетін мүшелік жарнасын азайтуға мүдделі. Бұған дейін Дональд Трамп НАТО мүшелігіне төленетін қаражат көлеміне қатысты өз алаңын білдірген еді. Ол әскери ұйымға ең көп қаржы төлейтін АҚШ екеніне ашықтан-ашық наразылық білдірді. «Біз НАТО-ның барлық мүшелері альянсқа толық және қажетті қаржылай үлес қоссын дейміз, ал олардың көбісі бұдан жалтарады», – деді Трамп. Ұйым талабына сәйкес, әр елдің ЖІӨ-нің 2 пайызы қорғаныс саласына жұмсалуы тиіс, яғни экономикалық әлеуеті неғұрлым жоғары мемлекетке түсетін салмақ та соғұрлым ауыр деген сөз. Мысалы, қазіргі таңда ұйымға мүше 27 мемлекеттің бесеуі ғана бұл талаптың үдесінен шығады: АҚШ альянсқа өз ЖІӨ 3,6 пайызын, Грекия – 2,4 пайызын, Ұлыбритания мен Эстония – 2,2 пайыз, ал Польша 2 пайызын төлеп келеді.  Франция – 1,8 пайыз, Түркия – 1,6 пайыз, Норвегия, Литва, Румыния, Латвия – 1,5 пайыздан,  Германия, Дания, Голландия мен Словакия тек 1,2 пайыз,  Италия – 1,1 пайыз, Канада – 1 пайыз, Испания мен Бельгия – 0,9 пайыз, ал Люксембург тек  0,4 пайыз жұмсайды. Сондықтан Дональд Трамп мұндай алалықты «өте әділетсіздік» деп санайтынын жасырмады. Енді ол әріптес мемлекеттерден ортақ қазанға салынатын жарна көлемін арттыруды талап етіп отыр. Ақ үйдің жаңа басшысының сын садағына ілінген халықаралық институттардың бірі – БҰҰ жанындағы Адам құқығы жөніндегі бюро. Бұл ұйымның тиімділігін жоққа шығарған Трамптың көкейін тескен жайт – АҚШ-тың тарапынан төленетін қаражат көлемі сияқты. Қазіргі әкімшілік бұл ұйымнан шығу ықтималдығын қарастырып жатыр деген сыбыс бар. Бұған қоса, Ақ үй әкімшілігі БҰҰ-на бөлінетін қаражатты 40 пайызға дейін азайтуды көздейтін жарлықтың жобасын дайындап қойған. Соңғы екі жылда АҚШ БҰҰ-на 1,2 миллиард доллар төлеген екен. Бірақ бұл тек БҰҰ-ның тұрақты бюджеті. Одан бөлек, БҰҰ аясындағы оннан аса бюролар мен мекемелер бар, мысалы, Бейбітшілікті сақтау бағдарламасына америкалық бюджеттен 2,2 миллиард доллар бөлінген. Ал Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы, Азық-түлік және Ауылшаруашылық ұйымы мен Халықаралық атом энергиясы агенттігіне жыл сайын федералды бюджеттен 100 миллион доллар жұмсалады екен. Осыған орай, америкалық салық төлеушілер БҰҰ бюджетінің 22 пайызын қамтамасыз етіп отыр деу жаңсақтық емес. Жалпы алғанда, АҚШ жыл сайын БҰҰ аясындағы түрлі жобаларды 3,3 миллиард доллармен қаржыландырып келген. Егер бұл қаражатты 40 пайызға қысқартса, онда америкалық салық төлеушілердің 1,3 миллиард долларын үнемдей алады. Бірақ ол қаржы экономиканы дамытуға  емес, қару-жарақ санын көбейтуге арналмақ.  АҚШ әкімшілігінің мұндай саясаты БҰҰ беделін түсіріп, халықаралық құқық мәртебесіне деген сенімді азайтатыны сөзсіз. Осылайша, Трамп америкалық ақша сандықтың қақпағын жауып, отандастарына «өзім дегенде өгіз қара күшім бар» деген қағида ұсынып отыр. «Біз бұл ақшаға талай нәрсе істей аламыз», – деді ол журналистерге. Трамптың екі сөзінің бірі ақшаға қатысты екеніне таң қалуға болмайды. Мейлі, елде жаңа жұмыс орындарын ашып, экономикалық өсімді арттыру болсын, мейлі халықаралық серіктестік туралы келісім-шарттардан шығу әрекеті болсын, мейлі халықаралық ұйымдарға мүшелік туралы болсын немесе мемлекеттің сыртқы қорға­ны­сына қатысты мәселе болсын. Ақ үй жаңа әкімшілігінің стратегиялық басым бағыттардағы басты ұстанымы қаржылық саясатқа тіреліп тұр.