Жаңалықтар

Батыс Қазақстан облысында қызамық ауруынан төрт жасар қыз көз жұмды

Фото: видеодан кадр

Онымен бір балабақшаға барып жүрген тағы төрт бала ауруханада жатыр.

Батыс Қазақстан облысында қызамық ауруынан төрт жасар қыз қайтыс болды, деп хабарлады turkystan.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Онымен бір балабақшаға барып жүрген тағы төрт бала ауруханада жатыр. Оның біреуі жансақтау бөлімінде. Дәрігерлер Тасқала ауданының ауруханасына түскен қыздың ауруы дереу қозып, оны аман алып қалу мүмкін болмады деп отыр.

«5-і күні кешкі сағат 10-да түседі де, бес сағаттың ішінде жағдайы күрт нашарлап, жүрегі тоқтады. Қайтыс болғаннан кейінгі диагнозы — скарлатина. Өкпенің қабынуы, миокардит, жүректің миокард ісінуі. Қабынғанда сондай диагноз қойылды. Енді гистологтар гистологияға керек анализдерді алды, толық диагноз алды. Оған бір жұмадай уақыт керек», - деді БҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерлан Тоқсанов.

Көбінесе 2-10 жас аралығындаағы балаларда кездесетін бұл ауру Тасқала ауылындағы балалар арасында өршіген. Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері бұл аурумен 780 адам ауырса, 347-сі ауруханада емделген. Олардың тек 21-і ересектер екен.

Дәрігерлер қызуы көтеріліп, денесі бөртсе және тіл мен тамақ қызарса, жедел медициналық көмекке жүгіну керек дейді.

Қазір Тасқаладағы «Балдырған» балабақшасы карантинге жабылды. 40 бала жеті күндік карантинде. Олармен қарым-қатынаста болғандардың бәрінен сілекейі алынып, зертханаға жіберілді. Негізі балаларға бұл аурудан қорғайтын АКДС вакцинасы салынуы керек. Бірақ облыстың санэпидемиологтары дерттің екпесі өңірде жоқ деп отыр.