Тайқазан

Жауырын сүйекті «сөйлеткен» суретші Бектас Кәрімұлы

Коллаж авторы: Нұрсұлтан Жорабаев

Ол қазақтың құндылықтары мен салт-дәстүрлерін әлемге бір ғана сүйекпен танытып жүр.

Қазақ жауырын ұстап болашақты болжаған. Ал Бектас Кәрімұлы қара малдың жауырын сүйегіне ойып та, жонып та сурет салады және көркем туындылар жасайды. Turkystan.kz тілшісі бұл сирек өнердің қыр-сыры жайлы шебердің өзімен әңгімелескен болатын.  

Бектас Кәрімұлы Ақмола облысы Шортанды ауданындағы Мәдениет үйінде суретші болып істейді. 18 жыл бұрын Моңғолия елінің Баян-Өлгей өңірінен көшіп келген.

Жауырын сүйектің жалпақ болуы суретшінің шеберлігін толық жеткізе алады  және ол халқымызда ерекше мәнге ие. Сондықтан да шебер осы жауырын сүйекті таңдаған екен.

«Аталмыш өнермен айналысып жүргеніме сегіз жылдан асты. Жалпы жауырын сүйектің өз тарихы бар. Бала кезімізде үлкен кісілерден жай сүйек емес екенін естейтінбіз. Қазақ халқы малдың ұсағы немесе ірісі болсын жауырын сүйегін ерекше қастерлеген. Қандай да бір құпияны, тылсым сырларды ашуға, болжап білуге жауырын сүйекті қолданған. Сондай-ақ жауырынды кез келген кісі емес, бойында қасиеті бар адам пайдаланған. Оларды жауырыншы дейді.

Сүйектің өзі пішіні жағынан әр нәрсеге қолайлы ғой. Бір кездері ғаламторда моңғолдың бір шебері жауырын сүйекті қолданып, іске жаратып жүргенін көзім шалып қалғаным бар. Ол да маған қатты шабыт берген еді.

Сөйтіп 2015 жылы жауырынды жонып, бетіне сурет салу арқылы қолөнер жасауды бастап кеттім.  Отанға оралып, Мәдениет үйінде жұмыс істеп жүрген кезімде картиналар салдым. Оларды жинап, түрлі көрмелерге қатысып жүретінмін. Дәл солай сүйектен істеген туындыларымды жа көрмеге апарып көрсеттім. Көпшіліктің бірден назары ауып, көңілінен шықты», – дейді суретші Б. Кәрімұлы.

Бір туындыға бас-аяғы шамамен 1-3 апта кетеді екен. Туынды тақырыбы мен қиындығына қарай әртүрлі мерзімде әзір болады екен.

«Алдымен сүйектің майын кетіру үшін 3-4 сағат суға қайнатамын. Қайнатылған сүйек жұмсарып, ағарады. Одан соң кептіріп, суретін алдымен қаламмен салып аламын. Кейін тоқсайманмен ойып, суретін бояймын. Суретшінің ойы, қиялы мен жүрегі бірге жұмыс істесе ғана әдемі туынды шығады», – дейді Б. Кәрімұлы.

Қазір ол тек ара-тұра, бос уақытында айналысады. Себебі оның арнайы шеберханасы жоқ.

«Сүйекті ойып отырғанда жағымсыз иіс шығады, ал қалдықтары шаң болып ұшады. Өзім көпқабатты үйде тұратындықтан, кейде балконда, кейде күн жылы болса аулада біраз еңбектенемін», – дейді ол.

Қолөнерші Моңғолияда «театр сахна суретшісі» мамандығын оқып бітірген.

«Өнерге деген икемімді Алланың бергені деп санаймын. Туа біткен дарынымды дамытуға демеуші болған – анам. Ол кісінің өзінің де қолынан келмейтін іс жоқ, нағыз шебер еді. Кішкентайымнан суретке бейім екенімді байқап, баулыған да – өзі», – деді Б.Кәрімұлы.

Қазір Бектас Кәрімұлы Түркияда кезекті көрмесінде туындыларын таныстырып жүр.

«Аланья қаласында Халықаралық түркі сән және өнер фествиаліне қатысып жатрмын. Онда 5-6 елдің киім дизайнерлері мен қолөнер шеберлері келіп, ұлттық туындыларын таныстыруда.  Өзім «Қыз қуу», «Көкпар», «Құсбегілік», «Ауыл өмірі», «Қорқыт ата» атты туындыларымды алып келдім. Менен басқа киізден, ағаштан дүние жасайтын қазақстандық шеберлер де келді», – дейді ол.

Бұған дейін Б.Кәрімұлы 2017 жылы 5 мемлекет қатысқан Моңғолиядағы көрмеде бас жүлде алып, АҚШ-қа жолдама ұтып алған. Алайда Америкаға белгілі бір себептермен бара алмай, тек жұмыстарын жіберген. Одан бөлек Ресейдің Таулы Алтай, Магадан қаласында, Өзбекстанда жүлделі болып, қазақтың құндылықтары мен салт-дәстүрлерін бір ғана сүйекпен әлемге таныстырып келген.

Қолдан жасалған ерекше бұйымды сатып алушылар жоқ емес. Ол шетелдегі көрмелерге қатысып жүргеннен кейін, басқа елдерден де сұраныс көп болады дейді.

«Ұсақ малдың сүйегінен шыққан туындының құны 10 мың теңгеден басталады. Ал ірі қараның жауырынына салынған сурет күрделі болуына қарай – 30-50 мың теңге», – дейді шебер.

Шебердің әзірге сүйекті «сөйлететін» шәкірттері жоқ, бірақ  суретшілікке баулып отырған біршама оқушысы бар. 62 жасқа келген суретшінің осы өнерді өзінен кейінгі жастарға үйретіп, атадан ұрпаққа жетсе деген арман-ниеті бар.