Жаңалықтар

«Болашақ» бағдарламасына – 30 жыл: түлектер жетістіктері туралы айтты

gov.kz

«Болашақ» бағдарламасының мыңдаған түлегі бүгінде түрлі саладағы оң өзгерістің жаршысы болып, еліміздің игілігі үшін табысты еңбек етіп жүр.

Бүгін «Болашақтың» 30 жылдығын мерекелеуге арналған салтанатты форум өтті, онда 300-ден астам түлек жиналды. Бұл туралы turkystan.kz Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап хабарлады.

Ауқымды іс-шараны «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ және «Болашақ» стипендиаттар қауымдастығы ұйымдастырды.

Форумды Мемлекет басшысының атынан Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова құттықтау сөзімен ашты. Мемлекет басшысы бағдарлама түлектерін 30 жылдығымен құттықтап, стипендиаттар елдің кадрлық әлеуетін қалыптастырып, мемлекет пен қоғам өмірінің барлық үдерістеріне қосылғанын атап өтті.

«Баршаңызды «Болашақ» халықаралық стипендиясының белгіленгеніне 30 жыл толуымен құттықтаймын! Бұл – Қазақстанның әр түкпіріндегі дарынды жастарға жол ашқан теңдессіз бағдарламаның мерейлі белесі. Осы бірегей жоба мемлекетімізде озық ойлы әрі білікті кадрлар резервін қалыптастыруға зор септігін тигізді. «Болашақ» бағдарламасының мыңдаған түлегі бүгінде түрлі саладағы оң өзгерістің жаршысы болып, еліміздің игілігі үшін табысты еңбек етіп жүр. Қазір Қазақстанды өркендете түсу үшін тың серпіліс қажет. Біздің алдымызда ел экономикасының құрылымын қайта түзу, саяси жүйені одан әрі жаңғырту және шын мәнінде әділетті әрі инклюзивті қоғам қалыптастыру сияқты ауқымды міндеттер тұр. Осы орайда, білім беру саласына инвестиция салу және азаматтардың өз әлеуетін толық пайдалануына мүмкіндік жасау өте маңызды. Мемлекет адал азаматқа тән қасиеттерді бойына сіңірген дарынды, еңбекқор, талапты жастарды әрдайым қолдайды. «Болашақ» бағдарламасының түлектері ғана емес, еліміздегі барлық жас мамандар Қазақстанды жан-жақты жаңғырту жолындағы келелі іске өз үлесін қосады деп сенемін», - делінген Президенттің құттықтауында.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек «Болашақтың» көптеген түлектері өз салаларында жоғары білікті мамандар екенін атап өтті.

Министр С.Нұрбек: «Болашақ» біздің білім беру жүйеміздің ажырамас бөлігіне айналды, Отанымызға жаңа идеялар мен тәсілдер әкеліп, әлемдік кәсіпқойлар қауымдастығымен байланыстарымызды нығайтты. Бұл бағдарлама сапалы білім алуға мүмкіндік береді және бүгінгі таңда көптеген отандастарымыз үшін толыққанды әлеуметтік лифтке айналды, еліміздің дамуына бағытталған идеяларды іске асыру үшін елеулі мүмкіндіктер туғызды. Бүгінде мыңдаған түлектер мемлекет игілігі үшін еңбек етуде. 12 605 маманның 6 958-і магистр, 2 626 адам бакалавр, 2 537 адам тағылымдамадан өтті, 200-ден астам адам PhD дәрежесін алды», - деді.

Тамара Дүйсенова «Болашақ» түлектерімен өз тарихымен бөлісе келе, барлық бастамаларға сәттілік тіледі, болашақ түлектері елдің барлық салаларында дамуын жалғастыра беретініне сенім білдірді. Сондай-ақ, Премьер-Министрдің орынбасары Қазақстан оқушыларының бүгінде математика және жаратылыстану пәндеріндегі үлгерімі бойынша әлемнің үздік 50 елінің қатарына кіргенін атап өтті.

Салтанатты шараның спикерлері «Болашақ» бағдарламасының көрнекті түлектері болды, олар өздерінің инновациялық жаңалықтарымен және қалыптасу тарихымен бөлісті. Қазір болашақтықтар медицина, ғылым және білім, инженерлік-техникалық сала, креативті индустрия, бизнес және т.б. салаларда елеулі үлес қосып, еңбек етуде.

Іс-шараға қатысушылар мен қонақтарға қазақстандық ғалымдар мен «Болашақ» түлектерінің ғылыми еңбек көрмесі ұсынылды.

Сонымен қатар форум аясында 4 панельдік сессия өтіп жатыр, онда «Болашақ» бағдарламасының түлектері «Қазақстанның Цифрлық дамуы», «Медицина», «Бақ», «Ғылым және білім» тақырыптары бойынша өзекті мәселелерді талқылауда.

Естеріңізге сала кетейік, «Болашақ» халықаралық стипендиясы 1993 жылдан бері жұмыс істейді және осы уақыт ішінде 12,5 мыңнан астам жас қазақстандықтар стипендия иегерлері атанып, әлемнің үздік жоғары оқу орындарында біліммен қарулана алады. Бүгінгі таңда бағдарламаның 1400-ден астам стипендиаты QS World University Rankings, Academic Rankings of World Universities (Shanghai Ranking) және т.б. топ-250 халықаралық академиялық рейтингтерге кіретін әлемдік жоғары оқу орындарында оқиды.

2020 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғылыми кадрлық әлеуетті құру үшін «500 ғалым» ғылыми тағылымдамасына бастамашылық жасауды тапсырды, бүгінде жүздеген ғалым әлемнің жетекші ғылыми зертханаларында зерттеулер жүргізуде.