Реформаның түпкі мәні – халық билігінің негізін нығайту

Реформаның түпкі мәні – халық билігінің негізін нығайту

Реформаның түпкі мәні –  халық билігінің негізін нығайту
ашық дереккөзі
Ақордада билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті. Оған қатысқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүкілхалықтық талқылауға шығарылған конституциялық реформалар жобасына қатысты ұсыныстарды жинақтау, пысықтау, талдау және талқылау жөнінде жұмыс тобының ауқымды жұмыс атқарғанын атап өтті. «Ел болашағы үшін айрықша маңызды осы құжаттың тағдырын біз шешуіміз керек. Әрі қарай не істеуіміз керек екендігіне бүгін қорытынды жасап, қашан Парламентке талқылауға түсетіндігін келісуіміз керек. Конституцияның 23 бабына өзгеріс енгізіледі. Бұл жерде айта кететін негізгі мәселе, осының барлығы Президенттегі өкілеттіктерді басқа тармақтарға беру болып отыр. Өздеріңіз де білесіздер, басқа елдерде, пре­зиденттің өкілеттігін жоғарылату үшін референдумдар өткізіп, конституциялық өзгерістер енгізіп жатыр. Бізде, керісінше. Себебі 25 жылдың ішінде президенттік басқару жүйесі өзінің алдына қойған халық алдындағы мақсатын орындады», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сондай-ақ, «өзімнің консти­ту­циялық құқығымды пайдалана оты­рып, мен референдумға шығармай-ақ, Парламентте талқылау арқылы Негізгі заңға өзгерістер енгізу туралы шешім қабылдадым», – деген Қазақстан Президенті енгізілетін өзгерістердің бәрі еліміздің дамуына ерекше серпін беретінін және бұл қадам маңызды екенін атап өтті. «Біз Қазақстанның саяси моделін – президенттік республиканы сақтап қалатынымызды айтып өткен жөн. Мемлекеттік басқару жүйесі заман талабына сай икемді болуға тиіс. Жүргізілген реформалар нәтижесінде билік өкілеттіктерінің бір бөлігі биліктің бір тармағынан екіншісіне беріліп, өкілді органдардың Үкімет пен атқарушы органдарға қатысты жүргізетін бақылау функциялары күшейтілетін болады, бұл оларды кәсібилендіруге және халық билігі қағидаттарын бекітуге бағытталады. Бізге халқымыздың болашағы үшін маңызды құжат мәселесін шешу керек, бүкілхалықтық талқылаудың қорытындысын шығарып, оны Парламенттің қарауына енгізу мерзімін анықтау қажет. Конституцияның 23 бабына және заңдарға 35 өзгерту енгізілетіні белгілі болды. Енгізілетін өзгерістердің басты мәні – Президенттің бірқатар өкілеттіктерін биліктің басқа тармақтарына қайта бөлу», – деді Елбасы. Мемлекет басшысы басқарудың президенттік моделінің табыстылық факторына, соның арқасында еліміздің әлемдік қоғамдастықта танымал болғанына, халықтың әл-ауқатының артып, оны бұдан әрі жақсарту жөнінде жоспарлы жұмыстар жүргізіліп жатқанына қатысушылардың назарын аударды. «Елімізде іске асырылып жатқан Бес институционалдық реформаға және Қазақстан халқына арналған жаңа жолдауға сәйкес, республикамыздың саяси жүйесі де нақты өзгерістерді қажет етіп отыр», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Жұмыс тобының жетекшісі Әділбек Жақсыбеков Қазақстан Президентіне Конституциямен қатар, ел заңдарына да өзгерістер енгізуді көздейтін билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу жөнінде ұсыныстар әзірленіп жатқаны туралы баяндады. «Жұмыс тобының мүшелері бүкілхалықтық талқылау барысында келіп түскен ой-пікірлердің, сауалдар мен ұсыныстардың бәрін тіркеді. Президент Әкімшілігі кез келген азаматтың өз материалын жолдауы үшін арнаулы пошта мекен-жайларын ұйымдастырды. Жұртшылық ұсынылған реформаларды талқылау жөнінен жоғары белсенділік көрсетті. Ұсыныстар барлық өңірлерден, халықтың барлық тобынан келіп түсті. Ғалымдар, заңгерлер, қоғам қайраткерлері мен бизнес өкілдері түрлі ой-пікірлерін жолдады. Ұсыныстардың көп бөлігі талқылаудың соңғы күндерінде түсті. Мұның бәрі конституциялық реформаларды қоғамда талқылау жөніндегі Сіздің шешіміңіздің дұрыс болғанын көрсетіп отыр», – деді жұмыс тобының жетекшісі. Айта кету керек, талқылау уақыты кезінде Конституцияның 63-бабына қатысты азаматтардан 6 мыңнан астам ұсыныс келіп түскен. Ұсыныстың басым көпшілігі Конституциялық кеңесті қалыптастыру тәртібін өзгертуге және оны Конституциялық сот ретінде қайта құруға, сондай-ақ  құқық қорғау органдары мен соттардың өкілеттігіне қатысты бағытталған. Бұл жөнінде жұмыс тобының жетекшісі Әділбек Жақсыбеков: «Ұсыныстар әртүрлі және олар бүкілхалықтық талқылауға шығарылған нормалар жобасымен ғана шектелмейді. Бұлардың бәрі бірнеше бөлік бойынша жүйелендірілді. Мемлекет басшысының мәртебесі мен өкілеттігін айқындайтын бөлімге қатысты 40-тан астам ұсыныс түсті. Реформаның мақсаты Президент өкілеттіктерін биліктің басқа да тармақтарына қайта бөлу болғанына қарамастан, ұсыныстардың көпшілігі Мемлекет басшысының өкілеттігін нығайтуға бағытталып отыр. Жалпы, Парламенттің өкілеттігіне қатысты, оның Үкіметті жасақтаудағы рөлін күшейту бастамасын қолдауға бағытталған 88 ұсыныс келді. Атап айтқанда, парламенттік республикаға өту, бір палаталы Парламент жасау, депутаттарды мажоритарлық жүйе қағидаты бойынша сайлау туралы ұсыныстар болды. Депутаттық корпусқа бір реттен артық үміткер болуға шектеу қою, жас шамасын арттыру сияқты талаптарды күшейту ұсынылды», – деді. Бұдан өзге Үкіметтің Парламент алдындағы есептілігін күшейтуге қатысты мәртебесі мен қызметі жөніндегі ұсыныстар да айтылды. Атап айтқанда, Үкіметтің бүкіл құрамын міндетті түрде Мәжіліспен келісу, оның тек Мәжіліс алдында ғана емес, тұтас Парламент алдында есепті болуы туралы талапты бекіту мәселесі қарастырылды. Мемлекет басшысы азаматтардан келіп түскен түрлі сипаттағы әр алуан пікірлер мен ұсыныстар біздің қызметімізде кемшіліктер мен олқылықтар бар екенін көрсететінін, алдағы жұмыс барысында оларды жою қажеттігін айтты. Ал отырыс барысында жұмыс тобының мүшесі ретінде сөз алғандар  Қазақстан Республикасы Конституциясының қолданыстағы редакциясында меншік құқығына қатысты 26-бапқа ұсынылған түзетулерді талқылады. Олар аталған нормаға ұсынылған өзгерістерге қатысты халықтан түрлі ұсыныс түскенін жеткізді. Осыған орай, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан азаматтарының пікірін ескеріп, 26-бапқа өзгеріс енгізбеуді ұсынды, сондай-ақ заңнаманы жетілдіру және оның негізгі ережелерін түсіндіру шараларын одан әрі жалғастыру қажеттігін атап өтті. Сонымен бірге, жұмыс тобының мүшелері Мемлекет басшысын ел азаматтарының көпшілігі пәрменді президенттік вертикальді билікті сақтау қажеттігін айтып, кейбір өкілеттіктердің қайта бөлінуіне алаңдаушылық білдіріп отырғаны туралы хабардар етті. Жиын соңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынылған түзетулерді талқылау барысында ел азаматтары жоғары белсенділік танытқанын айта келіп, алдағы реформаның маңыздылығы мен өзектілігін ескертіп, жұмыс тобының барлық мүшелеріне табысты және маңызды тарихи жұмыстары үшін алғыс айтты. «Мемлекет құрылымына ұсы­ныл­ған өзгерістер қоғамымызды демо­кратияландыру ісін күшейтіп, халық билігінің негізін одан әрі нығайтуға, парламенттің рөлін, үкіметтің президенттік басқару нысаны алдындағы дербестігі мен жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Реформаның түпкі мәні де осында жатыр. Бұған қоса, құқық қорғау және сот жүйесі қызметінің конституциялық негізі жаңғыртылады, конституциялық қадағалау жүйесі жетілдіріледі. Конституциялық құрылымымыздың мызғымастығына деген кепілдік те бекем бола түседі. Жақын арада Конституцияға енгізілетін өзгерістер жобасы Парламентке талқылау үшін ұсынылатын болады», – деді Қазақстан Президенті.