Динара ӘБІЛДА: Қазақ туысына сеніп той жасайды
Біз тойды көп сынаймыз, бірақ құдалықты дәріптей бермейміз. Құдалықтағы салт-дәстүрлер, жоралғыларды неге жарнамаламасқа? Әр аймақта құдалық әртүрлі өтеді. Маған қазақтың құдалығы қатты ұнайды. Құдалық – кішігірім салт-жоралғылар арқылы адамдарды біріктіретін, бір-біріне таныстыратын символдық маңызы жоғары рәсім.
Бүгінде қазақта не көп той көп. Той жасамаған және тойға бармаған қазақ жоқ шығар, сірә. Баланың шыр етіп дүниеге келген сәтінен бастап, қырқынан шығару, тұсаукесер, тілашар, үйлену той, ары қарайғы мерейтойлар өміріміздің маңызды бөлігіне айналғалы қашан. Бұрын тек сенбі, жексенбі күні кешке жиын-тойға баратын қазақ бүгінде аптаның әр күнінде, тіпті тал түсте тойға барады. Бірінен-бірі асып түсетін салтанат сарайлары, құстың сүтінен басқаның бәрі табылатын аста-төк дастарқан, сан түрлі мерекелік шоу-бағдарламалардың бәрі – тойда. Тікұшақпен шашу шашатын, биіктігі бірнеше метр тұратын тортты шетелден тапсырыс беріп алдыртатын да – біз. Мейрамханаға лимузин кіргізіп, әнші, биші, күйші, оператор, мобилограф, фотографтардың да қалтасын қампайтатын өзіміз. Өйткені соңғы жылдары қазақтың тойы мәнсіз жиынға, бәсекеге айналды деген пікірлер жиі естіліп, той индустриясын жүйелеу керек деген ұсыныстар айтылып жүр. Осы ретте қазақтың үйлену тойы бойынша докторлық диссертациясын Швейцарияның Цюрих университетінде қорғап келген антрополог, мәдениеттанушы Динара Әбділдамен әңгімелескен едік.
– Қазақтың той мәдениеті туралы зерттеуіңізге не себеп болды?
– Менің ғылыми жетекшім Орталық Азия бойынша зерттеулерге қызығатын. Ал мен оның көмекшісі болып қызмет атқардым. Елге келген сайын тойдың халық өмірінде өте маңызды рөл атқаратынын және жиі талқыланатынын түсіндім. Қазақта той көп болғандықтан, тақырыптан ауа жайылмас үшін үйлену тойын ғана зерттеуді жөн көрдім. Өйткені бір жыл ішінде қазақтың барлық тойын зерттеп шығу мүмкін емес. Оның үстіне үйлену тойының өзі – құдалық, қыз ұзату сынды бірнеше кезеңнен тұратын процесс. Өзіме тойдың маңызын, әлеуметтік нормалары мен өзгеру себебін зерттеу қызықты болды. Негізі той дегеніміз – салт-дәстүр жиынтығы, халықтың қазынасы. Ғылыми тілмен айтсақ, той – жаңа туыстық қарым-қатынас орнататын бейресми институт. Адамдар әдетте әрбір маңызды уақыт бөлігіндегі бір рөлден екінші рөлге ауысатын кезеңді тойлайды. Ол той немесе жоралғы болуы мүмкін. Әркезде әрқалай атайды. Мәселен, көп адам шақырса, той болады дегендей. Заманына қарай, тойдың форматы да өзгерді. Қазіргі форматтағы тойлар нарықтың талаптарына сай пайда болды. Олар бір жағынан үлкен жиын-той болса, екінші жағынан халық өміріндегі маңызды бір іс-шара. Мысалы, қыз ұзатуды алсақ. Бойжеткеннің тұрмысқа шығуы, басқа отбасына келін болып түсуі – қыздың статусын салт-дәстүрге сай заңдастыру. Бұл процесс қоғамның келісімімен, көпшілікті мақұлдауымен өтеді.
– Зерттеуді туыс-таныстарыңыздың тойында жүргіздіңіз бе, әлде шақырылмаған құтты қонақ болып бара бердіңіз бе?
– Антропологияда зерттеудің этикасы бойынша той иесінен рұқсат сұрауымыз керек. Жиынға қатысуға, суретке түсіруге, қонақтардан интервью алуға, айтылған тілектер мен сөздерді жазып алуға рұқсат сұраймыз. Бірақ диссертация жазу барысында интервьюерлердің аттары өзгертіледі.
– Бүгінгі тойға сын көп. «Адам көп шақырылады», «Той уақытылы басталмайды», «Той кредитке жасалады», «2-3 асаба басқаратын тойлар – дарақылық», «Қазіргі той бәсекелестіктің құралы» деген көңілтолмаушылықтар жиі айтылады. Жастардың ұятсыз билері мен қылықтары да әлеуметтік желіде жиі талқыланады. Асабалардың әзілдері де тым шектен шығып жатады. Осы ретте заманауи қазақтың тойы қалай өтуі керек деп ойлайсыз?
– Ғалым ретінде қазақтың тойы былай өтуі керек деп айта алмаймыз. Біздің мақсатымыз – тойдың неге солай өткенін түсіндіріп беру және оған адамдардың өздері қалай қарайтынын анықтау. Сондай-ақ адамдардың әрекеттері қандай екенін сипаттап, анализ жасаймыз.
– Жақсы, онда сіз қазақтың тойында қайталанатын бір дәстүрді сипаттап беріңізші.
– Біздің елімізде «жаңа дәстүрді» бай-бағландар қалыптастырады. Мәселен, үйлену тойында мейрамханаға автокөлік айдап кіру немесе сүндет тойға тойханаға атпен кіруді алайық. Бұл «дәстүр» – еліктеуден туған қайталау. Бұған халықтың экономикалық жағдайының жақсаруы әсер етті. Ауқаттылар өздері ерекше деп тапқан «дәстүрді» тойға енгізсе, қарапайым халық оны іле-шала қайталайды, соңында бәрі мұны бұрыннан бар дәстүр деп ойлайды. Кей жағдайда адамдар «Мына той мінсіз өтті» деп ойлайды, алайда шын мәнінде қалай өткенін біз бақылау арқылы көріп отырамыз. Өйткені біз 1 тойға қатысып, ой түйіп, сараптамаймыз. Зерттеу жасау үшін 15-20 тойға қатысамыз. Осылайша, бір жылға созылған құбылыс, қайталанған іс-әрекеттер жиынтығы тойдағы белгілі бір шаблондарды, үлгілерді көрсетеді. Тойдың қалай өтетініне сыртқы факторлар, оның ішінде саясат, экономика да әсер етеді. Біреу үшін кредитке той жасау қалыпты болса, екінші адамға қолындағы бар ақшасына той жасай салу қиын емес. Той қалталы жандарға шығын емес, керісінше пайда, табыс алып келіп жатады.
– Тойда асабалардың ұятсыз әзілін тыңдаған үлкендер көзімен жер шұқып ұялып жатады. Ал жастар тойда барынша көңіл көтергісі келеді. Қоғамда «Үлкендерді мейрамханада өтетін тойға шақырмау керек, жастар тойы бөлек өтсін» дейтіндер де бар. Осы орайда тек жастардың өздері тойлаған тойға қатыстыңыз ба деп сұрағым келіп отыр. Ондай той несімен ерекшеленеді екен?
– Менің зерттеу аймағым Алматы облысы болды. Аталған 1 жыл ішінде мен қатысқан тойлардың ішінде жастар өздері жеке тойлаған жиын-той болмады. Той жасамаймыз деген бір жұп болды. Жастар екі жақ көмектесіп, үй сатып алсақ деп ойлады. Бірақ қыз жағы мен жігіт жағы келісіп, бір шешімге келе алмады. Соңында жігіт жақ той жасаймыз деп шықты, қыз жақ та қалыспай ұзату жасады. Ақырында жастардың үй алсақ деген арманы аяқ асты қалды. Өйткені қоғамның бірін-бірі бақылауы, «Неге той жасамадыңдар?» деген жай сөзбен болсын айтуы, бұл үлкен қысым. Мұндай сөздер ата-анаға қатты әсер етеді. Сосын амалсыз, қарызданып-қауғаланып, тыраштанып, елден қалмау үшін той жасайды. Ал жастардың бөлек тойы көбіне қалалы жерде, туыстары азырақ отбасыларда болады. Сонымен қатар кейбір дінді қатты ұстанатын отбасылар да той жасамайды. Біз тойды көп сынаймыз, бірақ құдалықты дәріптей бермейміз. Құдалықтағы салт-дәстүрлер, жоралғыларды неге жарнамаламасқа? Әр аймақта құдалық әртүрлі өтеді. Маған қазақтың құдалығы қатты ұнайды. Құдалық – кішігірім салт-жоралғылар арқылы адамдарды біріктіретін, бір-біріне таныстыратын символдық маңызы жоғары рәсім. Ауызекі айтылатын, ел есінен ұмыт болған небір әндер құдалықта жанды дауыста шырқалады. Басқа елдерде екі жастың бірге өмір сүреміз деп шешім қабылдап, үйден бөлек шығуы үйлену болып саналады. Ортақ балалары бар, бірақ некесін заңдастырмаған отбасылар да кей мемлекет үшін үйленудің бір формасы. Алайда бізде құдалық екі жастың үйленгенін нақтылайтын, бекітетін салт-дәстүр. Байырғы қазақ салт-дәстүрінде құдалықтың мұраты біреу ғана болған – ұлды үйлендіріп, келін түсіру және қызды күйеуге беріп, құтты орнына қондыру.
– Зерттеу барысында Орталық Азия елдерінен басқа қазақтың тойы қай елдің тойына ұқсайтынын байқадыңыз?
– Әлем халықтарының той тақырыбын зерттеген ғалымдар өз арамызда біршама ұқсастық байқадық. Менің жетекшім Африканың тойларын зерттеген болатын. Сол жақтың дәстүрлері бізге ұқсас екен. Мысалы, сырға салу, тойда сақина, сағат сыйлау, тойға арнап сиыр сою секілді дәстүрлер ұқсастығын білдік. Ал біздің қыз ұзату, беташар секілді дәстүрлерге олар таңғалды. Шетелдіктерді тойдағы дәстүр ғана емес, адамдардың той жасаудағы мотивтері қызықтырады. «Қазіргі той ысырап» деп біржақты қарауға болмайды. Шын мәнінде әр тойдың өз стратегиясы бар. Адамдар біраз ақша тауып, қымбат сыйлықтарға ие болу үшін де той жасайды. Қалыңмалға не берілетіні, жасауға қандай дүние қосатыны да шетелдіктерге қызық болды. Өйткені мұның бәрі коммуникация.
– Сіздің бакалавр және магистратура бойынша мамандығыңыз мәдениеттанушы екен. Қазіргі қазақтың той мәдениеті қандай? Дұрыс қалыптасып жатыр ма? Той саласы жүйелеуді, ретке келтіруді қажет ете ме?
– Антрополог болсын, мәдениеттанушы болсын, сыртқы күш той мәдениетін ешқашан реттей алмайды. Бұл өзін-өзі реттейтін жүйе. Ол үшін алдымен саясатты, экономиканы реттеуіміз керек. Ал басқа дәстүрлер заманына ілесіп, қажетіне сай өзгеріп отырады. Бұл қатып қалған нәрсе емес.
– Жеке басыңызға қатысты сұрағым келіп отыр, өздеріңіз той жасадыңыздар ма?
– Зерттеу барысында адамдардың тойды неге жасайтынын, кім шешім қабылдайтынын білгендіктен той жасаған жоқпын. Әрине, үлкендерді көндіру оңай болған жоқ. Өйткені тойды қаржыландыратын ата-ана болғандықтан, шешімді де солар қабылдайды. Әдетте, ерте үйленген жастардың өз тойын жасауға қаржысы болмайды, той жасау туралы шешім қабылдай алмайды. Әке-шешесі жасаймын десе, жастар қарсы тұра алмайды. Үлкендердің сөзін аттап кетпейді. Біз күйеуім екеуміз бірлесіп шешім қабылдадық. Ата-анамызға нақты қадамдарды түсіндірдік. Қалыңмал берілмейді, жасау жасалмайды деп анықтап алдық. Ешқандай жоралғы жасамадық, екі жақты кездестіріп, отбасымызбен атап өттік.
– Бұл шешіміңізге уақыт өте келе өкінген жоқсыз ба?
– Жоқ, тойдың не үшін жасалатынын білгендіктен өкініш сезімі болмады. Негізі, өзім жас қыздар үшін той жасалуы керек деп ойлаймын. Өйткені той – қоғам алдында қызды қорғаудың бір түрі. Қызыңызға елдің алдында сырға салынып, ұзатасыз. Өйткені бүгінде құдалық жасағанмен, некесін заңдастырғысы келмейтіндер де табылады. Ол жұп ажырасқан жағдайда, алимент кезінде олардың некеде болған-болмағанын ешкім дәлелдей алмай қалады. Сондықтан той жасау әлі аяғына нық тұрмаған қызды және болашақ баланы заңмен қорғауға мүмкіндік береді.
– Той жасаудың түбінде халықтың еліктеушілігінен бөлек қаржылық сауатының төмендігі жатыр деп айта аламыз ба?
– Еуропа елдері өз жиған-тергенін басқа жолмен «шашады». Олар аста-төк дастарқан жайып, той жасамайды, бірақ жиған ақшасын бренд киімге, автокөлікке, саяхатқа, әшекейге жұмсайды. Тарихқа қарасақ, олар да әртүрлі кезеңдерден өтті. Тіпті, қазірдің өзінде олар жаппай тұтынуға қызығады. Мысалы, жаңа iPhone шықса, еуропалықтар бірден сатып алады. Өйткені олардың жалақылары соған мүмкіндік береді. Бізде керісінше жағдай, жаңа iPhone-ды алдағы жылдарда әлі қолымызға алмаған жалақымыздан кредит арқылы төлеуге аламыз. Той жасайтын адам бәрін алдын-ала есептейді. Бірақ қауіп-қатерге мән бермей, қолында бар ақшасының мейрамхана шығынын жабатынына көзі жетпей жатып қорықпай той жасайтындар да бар. Олар туыстар мен өзге де қонақтардың тойға әкелетін сый-сияпаты мен ақшасына үміт артады. Яғни, қазақ туысына сеніп той жасайды. Алайда нарықтық экономикада барлық туыстың экономикалық статусы бірдей емес, олар тойға бірдей үлес қоса алмайды. Оны біз сырттай зерттеуші ретінде түсінеміз, бірақ халық өздерінің арасында оны түсінбей қалуы мүмкін. Адамдар «Мен көп көмектестім, маған да қайтымы болады» деп ойлайды. Бірақ көбінесе мұндай есептер дұрыс болмай шығады. Бұл да қазіргі туыстық қарым-қатынасқа сызат түсіріп отырғанын жоққа шығара алмаймыз. Одан бөлек, әр отбасы бір аптада бірнеше тойға баруы мүмкін. Бұл шығын қалтаға салмақ. Нарықтық экономика әр тойға көп сомада сый жасауға мүмкіндік бермей отырғанын халық түсініп отыр. Алайда қоғам бұл кезеңнен де өтуі тиіс. Оны түсіну үшін әлі біраз жыл керек.
– Той кикілжіңсіз, төбелессіз өтпейді. Бұл мәселені шешудің жолдарын зерттеуіңізге қостыңыз ба?
– Тойдағы кикілжіңдер – келіссөз жүргізудің бір түрі. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» дегендей, мұндай келіссөздер көбіне тойдан бұрын жүреді. Кикілжіңдердің бірнеше себебі бар. Біріншісі – кім қандай үлес қосады, қалай көмек береді, екінші – шақырылған қонақтар мен туыстарға сыйлықтардың дұрыс үлестірілмеуі. Яғни, сый-сияпат пен құрмет көрсетпеуден де жанжал шығып жатады. Тойға келген халық өзінің статусын дұрыстап көрсетуін талап етеді. «Төрге отыруым керек», «Маған шапан жабылуы керек» деген сынды көкейдегі ойы орындалмаса, көңілі толмай, қоңылтақсып жүреді. Туыстардан бөлек, достар арасында да кикілжің болып жатады. Оларды дұрыс шешу – тойдың жақсы өтуіне тікелей әсер етері анық.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ