Естен кетпес тұлға
Өнердің өрелі ұлы 1957 жылдан бастап кинофильмдерге түскен әнші-әртіс Кәукен аға Кенжетайұлы қазақ киносында, театрдағы спектакльдерде өзіне тиесілі рөлдерді ерекше сомдаған халқымыздың дәстүрлі әндерінің жандануына өзінің ішкі жан дүниесімен беріле орындаған қоңыр дауыста шырқайтын әншілігі өз алдына асқар шың Сан қырлы бір сырлы нағыз жігіттің сұлтаны десек, артық айтқандық болмас.
«Адам өмірі көп беті жетпей жыртылып қалған кітапқа ұқсайды. Толық нұсқа деуге аузың бармайды. Бірақ не десек те, ол толық дананы құрайды». Жапон әдебиетінің классигі, жазушы Рюноскэ Акутагава:
«Сәби (нәресте) шыр етіп жарық өмірге келген сәттен бастап адам болып өсіп-жетілсем, мына сұлу өмірде бір кірпіш болып қалансам» деп армандайтыны бесенеден белгілі. Азамат деген ардақты аттың үдесінен шықсам, адал жарға қосылып салиқалы ұрпақтар сүйсем, соңымнан ізгілікті бір із биік белгі қалдырсам дейді. Осындай мақсаттарға жету үшін танымы, түсінігі терең саналы кісі сапалы білімге халық өнеріне құштарлықпен талпынады әрі жан-жақты ізденеді. Жасынан тынбай еңбек етеді.
Ұлтымыздың ұйтқысы ғұлама әулиесі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы атамыздың «Мен айтпасам білгенімді, сен жазбасаң көргеніңді, ұрпағың қайдан білсін өмір сүргеніңді» – деп айтқан озық ойлы сөзі бар. Теледидардан кинофильмдер арқылы көрген туындыларына бала кезден көріп, оқып танысқан қазақтың Отаншыл нар тұлғалы ұлттық өнеріміздің дамуына өз үлесін қосқан белгілі әнші, актер, драматург, аудармашы, ұстаз Каукен (Әбдірахим) аға Кенжетайұлы туралы пікірімді қағаз бетіне түсірсем деген қазақтың қарапайым азаматымын. Аллаға шүкір, Баянауыл өлкесі күллі қазақ халқының «Қыдыр дарып, бақ қонған» қастерлі аймағы. Қазақ тарихында орны да заты да бөлек құнарлы топырақта шұрайлы мекенде дүниеге келіп, өмір есігін ашқан парасатты, пайымды перзенттері ауылының даңқын шығарған ер-азаматтарының елеулі есімдері әмбеге аян. Ұлт тарихындағы аты абырой биігіне көтерілген дегдар адамдардың еңбектері Баянауыл жерімен тығыз байланысты. Арғысына барсақ, Абылай ханның бас ақылшысы қазақтың абызы Бұхар жырау Қалқаманұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Мұса Шорманов бабаларымыз берісінде ғылымның көшін бастаған Қаныш (Абдулғани) Имантайұлы Сәтбаев, Шапық Шөкин, Хабиболла Оспанов сияқты руханияттың, ғылымның, әдебиет пен өнердің, ірі өкілдерінің ізін баса білген өнегелі жолын жалғастырып, бүгінгі ұрпақтың ой-санасының жаңғыруына үлгілі бола алатын әулет қатарында әйгілі актер, кинорежиссер Шәкен аға Аймановтың бірге туған бауыры, жанашыр інісі Кәукен аға Кенжетайұлы деп зор мақтанышпен айтуға хақымыз бар. Өнердің өрелі ұлы 1957 жылдан бастап кинофильмдерге түскен әнші-әртіс Кәукен аға Кенжетайұлы қазақ киносында, театрдағы спектакльдерде өзіне тиесілі рөлдерді ерекше сомдаған халқымыздың дәстүрлі әндерінің жандануына өзінің ішкі жан дүниесімен беріле орындаған қоңыр дауыста шырқайтын әншілігі өз алдына асқар шың. Сан қырлы бір сырлы нағыз жігіттің сұлтаны десек, артық айтқандық болмас. Осы өмірде қалыптасқан аксиома мемлекет үшін білімді ұлт табиғи байлықтардан әлденеше асып түсетін табыс әрі шынайы құндылық дегенді жөн санар едім. Американың сұңғыла саясаткері АҚШ-тың 26-президенті болған Теодор Рузвельт «Ештеңе істемейтін адам ешқашан қателеспейді», – дегені бар. Қазақстанның Еңбек Ері,Тәуелсіз қазақ елінің алғашқы Мемлекеттік сыйлығының иегері Дулат аға Исабектің «Киноның мазмұны – ұлттық формасы адамзаттық болуы тиіс», – деп айтқаны бар. Дулат ағамыз тағы бір сөзінде «Биіктер сырласады, аласалар сыбырласады», – дейді. Шынында да, солай… Теледидардан берілетін ұлттық нақыштағы деректі фильмдер, кинолар мен спектакльдер өскелең ұрпақтың ақыл-ойын жаңғыртуға интеллектуалдылығын арттыруға айрықша ықпал ететіні даусыз. Мемлекеттің ұлттық идеологиялық стратегиясы алғышарты негізінен тәлімді тәрбие мен сапалы білім, руханият екені әлімсақтан әйгілі емес пе? Бала күнімнен санама айрықша әсер еткен Кәукен аға Кенжетаевтың халық жадынан өшпес бір бейнесі, әлемдік өркениет биігінде орны бар ойшыл драматург-жазушы Дулат аға Исабектің «Гауһартас» повесі негізінде, белгілі кинорежиссер Шәріп Бейсембаевтің режиссерлығымен 1975 жылы (сол кездегі Талдықорған облысы Ақсу кеңшарында орналасқан «Баласаз» деген егінді алқап) түсірілген «Гауһартас» кинофильмінде Тастанның әкесі рөлінде өзінің актерлық қарым-қабілетін жоғары деңгейде көрсете білген өнердің нағыз жанкүйері. Тастан рөлін сомдаған бұл фәниден ерте кеткен талантты актер Әнуар Боранбаев. Тастанның анасы рөлінде ардақты ана, әйгілі актриса Әмина Өмірзақова, қайыны мен жеңге көрінісін керемет орындай білген, інісі Қайыркен рөлінде өнерлі азамат Сапарғали Жәкішев, әулеттің жас келіні Салтанатты сомдаған талантты актриса Жанна Қуанышева болатын. Гауһартас негізінен әннің аты. Осы ән XIX ғасырда туғанымен, алғаш орындаушылардың қатарында Социалистік Еңбек Ері, ғажайып бұлбұл аңыз әнші апамыз Бибігүл Төлегенова. Ал «Гауһартас» кинофильмінде бұл әнді шырқау шегіне жеткізе орындайтын қазақтың күміс көмейі, айрықша дарын иесі Сәжида Шайхықызы Ахметова апайымыз еді. Бұл кинофильмді арада елу жылдай уақыт өтсе де қайталап көрсеңіз де, жаңадан көріп отырған күйде боласыз. Еріксіз біздің осындай кинофильмдеріміз көп болса екен дейсіз! Ұрпақтар сабақтастығы жалғасады деген бар. Соның айғағы ретінде жаңартылған нұсқада заманауи театрлық жанрда XXI ғасырдың алғашқы ширегінде қалың ойлы көрерменге жол тартқан, елге көрсетіліп жатқан «Гауһартас» кинофильмінің қоюшы режиссері, өнердің жанашыры, театр тарланы, ғылым докторы Асхат Маемировтің ерекше еңбегін де атап өткен жөн. «Гауһартас» кинофильміндегі бір үзіндіні (Тастан мен әкесі арасындағы әңгіме) жазғанымыз дұрыс болар деп ойлаймын. «Мен сенің ұлың емеспін бе, әке!» – дейді. Өзінің қате көзқарастарының төркінін меңзеген Тастан. Сонда Кәукен ағаның айтатыны бар. «Балалар тек әкелерінің ізімен ғана жүрер болса, мына өмір тоқтап қалмай ма? Мені орынсыз кінәлайсың» деп айтатын сөзінің астарында көп мағына бар. Бұл ұрпаққа үлгі. Әлемге әйгілі физик-ғалым Альберт Эйнштейн «Қолайлы мүмкіндіктер қиындықтар мен мәселелер арасында жасырынып жүреді» – деп айтқан өткір ойы бар. Қазақ КСР-нің Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, өнер қайраткері биыл 100 жылдығы кеңінен аталып өтіп жатқан белгілі кинорежиссер, текті жердің ұрпағы Сұлтанахмет Қоңырқожаұлы Қожықов атамыздың «Қыз Жібек» (1970 жылы түсірілген) кинофильміндегі басты рөлдердің бірі Базарбайды жоғары деңгейде сомдаған санқырлылығының бір қыры нағыз өнердің майталманы екенін аңғартады. Халқымыздың қадірлі азаматы, дарынды кинорежиссер Сұлтанахмет Қоңырқожаұлы «Қыз Жібек» кинофильміндегі Базарбайды ойнауға Кәукен ағаны шақырғанда, қуана қарсы алғаны рас. Алайда дайындық жұмыстары кезінде режиссер үстіне ұзын шапан кигізіп, қолына аса таяқ ұстаған адам етіп көрсеткісі келген. Бірақ Кәукен ағамыз өзінің қарсы болғанын сұхбаттарында ашық айтқаны бар. Себебі Базарбай Қытай және Византия мен басқа да көп елдермен сауда жасаған сол заманның кәсіпкері жақсыға ыңғайлы адам болса керек. Саудагер адам жинақы болу керек деген сөзін кинорежиссер Сұлтанахмет Қожықов пен Виктор Пұсырманов мұндай пікірді дұрыс түсінеді. Төлегеннің әкесі болып ойнайтын осы рөлі әлі де ел жадында. Халқымыздың данышпаны Төле би Әлібекұлының «Биікке шықсаң көңілің ашылар, жақсымен жолдас болсаң зейінің ашылар», – дейді. Халқымыздың рухани байлығының молаюына ықпал жасаған ұлттық киномыздың аңызына айналған алып тұлғалары Ш.Айманов, А.Қарсақбаев, С.Қожықов, М.Бегелин, Ш.Бейсембаев сияқты тарлан тұлғалардың интеллектуалдылығы терең режиссерлардың 30-дан аса кинофильмдеріне түсіп, әртүрлі рөлдерді керемет сомдаған Кәукен аға өзінің қажырлы еңбегінің арқасында ел ықыласына бөленген болмысы, өзгеден биіктігі тайға таңба басқандай білініп, дараланып тұратыны атадан қонған қастерлі қасиет екені заңдылық. Қазақта «Өнерің болса қолыңда кедеймін деп қысылма, өнерлінің ырысы жарқырап жатар жолында», – дейді. Мәскеуде консерваторияда 1936 жылдан 1941 жыл аралығында кәсіби білім алған Кәукен ағамыз осында алғаш рет нотаның не екенін оқып меңгереді. Осы консерваторияда Чайковскийдің, Рахманиновтың, Глинканың, Бородиннің романстарын, әндерін айта білген көп таланттың бірегейі болды. Оқуда жүріп болашақ өмірлік адал жары Шабал Бейсекова апайымызбен (1939 жылы) танысады. Балалар әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, белгілі жазушы, ақын Сапарғали Бегалиннің ұлы кинорежиссер Мәжит ағамыздың бес бірдей кинофильміне түскен Кәукен ағаның «Жиырма бес» әні талайлардың құлақ құрышын қандырғаны кімге де болса шындық. Халық әні «Екі жиренді» шырқау шегіне жеткізе орындайтын әншілігі қазақтың төл мәдениетіміздің шын жанашыры екенін оның ісінен аңғаруға әбден болады. «Интеллектуалдылық ресурсқа» бай елдің қарны ашпайтыны ғасырлар қойнауынан жеткен ақиқат. Барлығына уақыт сөзсіз әділ қазы болса, ал тамыры терең тарихымыз баршасына таразы екені белгілі. «Байлық пен мансап қолға ұстаған мұз ериді де кетеді. Ал елге жасаған риясыз қызмет артта қалған із ол ұрпақтан-ұрпаққа жетеді», – деген сөз бекер айтылмаса керек. Осыны еліміздегі әр азамат терең түсініп, өзінше ой қорыта алса олқылықты болдырмайтын қажеттілік деп ойлаймын. Әлемдік өркениетке із салушы ұстаз әл-Фараби «Ісім оңсын десеңіз, сол істің маманы болыңыз, даңқым шықсын десеңіз көпшіліктің адамы болыңыз», – дейді. Еліміздің өсіп-өркендеуі мен мәдени, рухани тұрғыдан дамуына ерен еңбегі сіңген, режиссер, драматург, аудармашы, ұстаз, профессор Кәукен аға Кенжетайұлының өнердегі мол мұрасы өзі оқытқан шәкірттеріне бүгінгі ұрпаққа, өскелең жастарға әрқашан үлгілі болмақ. Франция елінің көрнекті жазушысы Виктор Гюго «Ұлы адамдар өз ескерткіштерінің тұғырын өзі орнатады, ал мүсінін болашақ салады», – дегені елдің есінде. Кәукен аға Кенжетайұлы қиындыққа толы «тар жол тайғақ кешу» заманында туса да, ол өзінің үзеңгілестерінен оқ бойы озық тұруы Құдай берген қажыр-қайратының арқасында, халқына қалтқысыз қызметінің нәтижесінде республикаға ғана емес, бүкіл Кеңес Одағына әйгілі театр және кино актері әрі естен кетпес тұлға екені сөзсіз! Соқпалы соқпақсыз жолдан өткен халқымыздың қаһармандары өнегелі істерімен кең көлемде атқарған адал қызметтерімен елдің жадында сақталары хақ. Осындай бір кісі болса ол – Кәукен аға Кенжетайұлы.
Ғани СМАХАНҰЛЫ