Жаңалықтар

Астанада жалдамалы жұмысшы үй иесінің 9 млн теңге тұратын сағатын ұрлап кеткен

polisia.kz

Әйел қымбат сағатты 1 миллион теңгеге сатқанын мойындады

Астанада үй қызметкері жұмыс берушінің құны 9 млн теңге тұратын брендтік сағатын ұрлап кеткен, деп хабарлады turkystan.kz.

Қала тұрғыны полицияға пәтерінен құны 9 миллион теңге тұратын Hublot сағатының ұрланғаны туралы арызданған. Арызданушының айтуынша, ол жарнама сайтының бірінен 40 жастағы әйелді тауып алып, оның қызметін пайдалануға шешім қабылдаған.

«Үй иесі жоғалған аксессуарын бірден байқамаған. Затының қолды болғанын кейін білген ол дереу полицияға хабарласқан», – делінген Polisia.kz сайтының хабарламасында.

Алматы аудандық ПБ қызметкерлері жалдамалы жұмысшыны тапты.

«Анықталғандай, әйел екі күн жұмыс істеп жүріп, шкафтан зергерлік қорап тауып алған. Қораптағы сағатты алып, ізін суытқаны белгілі болған. Әйел жарнама сайты арқылы қымбат сағатты 1 миллион теңгеге сатқанын мойындады», – делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта полицейлер ұрланған сағатты сатып алушының қайда екенін анықтап жатыр.

Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Әйел ұрлық жасағанын мойындады, оның елордада бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.