Жаңалықтар

«Қарызсыз қоғам» жобасының жылдық жұмысы қорытындыланды

«Қарызсыз қоғам» жобасы аясында әрбір қатысушының өзі және жақындары үшін жеке қаржылық жауапкершілігі, қаражат жинау және жоспарлау мәдениеті қалыптастырылады.

«AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында биыл атқарылған жұмыс қорытындыланып, халықтың қаржылық сауатын арттыруға атсалысқан сарапшылар Алғыс хатпен марапатталды.

Іс-шарада «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек аталған жобаның мән-маңызына тоқталып, халықтың қаржылық сауатын арттыруға атсалысқан сарапшыларға алғысын білдірді.

 

Жиын барысында жобаға атсалысқандарға партия Төрағасының Алғыс хаты тапсырылды. Олардың арасында өңірлерде азаматтарға қаржылық сауат бойынша арнайы оқу курсын өткізген қаржы сарапшылары мен жобаны жүзеге асыруға белсенді қатысқан партия филиалдарының қызметкерлері бар.

«Қарызсыз қоғам» жетекшісі Ақмарал Бекмұрзаева жобаға қатысушылардың әлеуметтік бейнесіне тоқталды. Олардың арасында көпбалалы аналардың саны басым.

Еске сала кетейік, биыл сәуір айында «AMANAT» партиясы мен Halyk Bank бірлесіп «Қарызсыз қоғам» жобасының басталғанын жариялап, тиісті меморандумға қол қойған болатын. Алғашқы оқыту курсы 2 мамырда басталып, жоба еліміздің 8 өңірінде жүзеге асырылды. Атап айтқанда, осы уақыт ішінде Алматы, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Жамбыл және Маңғыстау облыстарының 65 мың тұрғыны жоба аясында қаржылық сауатын арттыру бойынша оқу курсынан өтті.

Оқу процесіне қатысушылардың 90%-дан астамы өз табысын арттырғысы келеді. Оларға сарапшылар гранттық қаржыландыруға және жеңілдікпен несие алуға арналған бизнес-жоспарларды жазуға көмек көрсетті. Сонымен қатар, нарықты, бәсекелестерді зерттеуге, бірегей сауда ұсынысын жасауға қол ұшын беріп, өнімнің өзіндік құнын есептеуді және шығынсыз жұмыс істеуді үйретті. Қаржы институттарына және гранттық конкурстарға өтініш беру үшін соңына дейін сүйемелдеді.

Айта кетейік, келер жылы қаржылық сауаттылық негіздерін мектеп қабырғасынан бастап оқыту көзделіп отыр. Ол үшін Үкіметпен бірлесіп, мектеп оқушылары, колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған курстармен мен оқу құралдары әзірленеді.

Осылайша, «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында әрбір қатысушының өзі және жақындары үшін жеке қаржылық жауапкершілігі, қаражат жинау және жоспарлау мәдениеті қалыптастырылады.