Жаңалықтар

18 рет пышақтаған: бұрынғы әйелін өлтірген ер адам 11 жылға сотталды

ашық дереккөз

Адвокаты Нұртаев жұбайын қасақана емес, абайсызда жазым қылды деп апелляциялық шағым түсірген еді.

Алматыда заңгер әйелін 18 жерінен пышақтап өлтірген бұрынғы күйеуі жазасын толық өтейтін болды, деп хабарлады turkystan.kz.

«КТК» арнасының мәліметінше, сот Талғат Нұртаевты 11 жылға бас бостандығынан айырған. Бірақ адвокаты Нұртаев жұбайын қасақана емес, абайсызда жазым қылды деп апелляциялық шағым түсірген еді. Судья бұл уәжі негізсіз деп, үкімді өзертпеді. 

Еске салсақ, заңгер Айман Асановамен Талғат Нұртаев 2019 жылы отбасын құрған. Үш жыл ғана некеде тұрып, жиілеген ұрыс-керістің кесірінен екеуі ақыры ажырасады. Алайда жанжал мұнымен бітпеген. Енді ортақ мүлікті бөлу мәселесіне келгенде кикілжің одан бетер ушыға түскен. Осылайша әңгіменің тоқетерін қою үшін Талғат Нұртаев бұрынғы әйелін дәл үйінің алдынан ұстап алады. Сол күні, тергеу мәліметінше, ол 42 жастағы Айман Асановаға 18 жерінен пышақ сұққан. Әйел ауруханада жантәсілім етті. Әу баста қылмыс ашу үстінде жасалды деп, сот қаскөйді бір жарым жылға ғана бас бостандығынан айырған еді. Бірақ бұл шешім қоғамда үлкен дау туғызды. Жазаның тым жеңіл екенін айтып, марқұмның жақындары да қарсы шыққан. Ақыры Нұртаев экс-әйелін қасақана өлтіргені дәлелденіп, бір жарым жыл жазасы 11 жылға ұзартылды.